Білім • 12 Қаңтар, 2022

Білім берудегі бетбұрыс

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды. Осы ұсыныс қазақстандық педагогикалық қауымдастықтың көңілінен шықты.

Білім берудегі бетбұрыс

Соңғы жылдары еліміздің орта білім беру саласында елеулі реформалар қолға алынып, бұл жүйелі түрде іске асуда. Олардың ішінде бағалау жүйесі, білім беру бағдарламасы, педагогикалық тәсілдер жаңартылды. Сонымен қатар инклюзивті білім берудің жаңа саясаты қолданысқа енгізілді. Ал «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мамандығының қоғамдағы беделінің артуына және олардың еңбекақысының өсуіне едәуір ықпал еткенін білеміз.

Осы үрдістердің жалғасы ретін­де Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Аталған бағдарлама педагогикалық білім беруге жаңа бетбұрыс жасайтынына кәміл сенімдіміз. Адами капиталдың сапасын арттыру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің бас­ты тетігі. Ал қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты.

Отандық педагогикалық жоғары оқу орындары біліктілігі жоғары мұғалім­дерді даярлауды одан әрмен жаңа дең­гейге көтере түсу қажет деп ой­лай­мын. Бұл тұрғыда болашақ маман­дардың сапасына жете мән берген дұрыс. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – сапалы педагогикалық білім беруді басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны. Университет ұжымы Мем­лекет басшысы атап өткен міндет­терді саралап, тың ой­лары мен идея­ларын жүзеге асыру­ға ниетті. Бұл та­рапта арнайы кешен­ді жоспарлар да қабылданады. Бұл шара­лар Пре­зидент ұсынған бағ­дар­ламаның сәтті жүзеге асуына, еліміз­дегі мұға­лім тапшылығын жою­ға өзіндік ық­палын тигізетіні сөзсіз.

 

Гүлмира ҚАНАЙ,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры

 

АЛМАТЫ