Экономика • 12 Қаңтар, 2022

Төтенше жағдай кезіндегі банк секторы

373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елде болып жатқан төтенше ахуал кезінде банк секторының жағдайы тұрақты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осылай деп хабарлады. 2021 жылдың соңында банк секторының активтері 36,7 трлн теңгені құраған. Агенттік мәліметінше, халық пен корпоративтік клиенттер үшін қызмет көрсетуге банк саласы толыққанды әзір. Меншік капиталы мен өтімділіктің айтарлықтай қоры осыған мүмкіндік береді.

Төтенше жағдай кезіндегі банк секторы

Дәл қазіргі сәтте банк секто­ры­ның меншік капиталы – 4,6 трлн теңге. Жалпы, капитал жет­кіліктілігі заңнамада көрсе­тілген талаптан 3 есе асады. Өтімділігі жо­ғары активтер 12,3 трлн тең­гені құрайды. Бұл – жалпы актив­тердің 33,4 пайызы.

«Ақша-кредит саясатын іске асыру шеңберінде банк секторы өтімділігінің қосымша қорын құру мақсатында Ұлттық банк тікелей және кері РЕПО операцияларын, депозиттік аукционды, қысқа мерзімді ноттарды шы­ғаруды қоса алғанда, екінші деңгейлі банктерде өтімділікті беру және алып қою жөніндегі күн­делікті операцияларды қай­та бастайды. Қажет болған жағ­дайда, ақша нарығында Қазақстан қор биржасында 3 айға дейінгі мер­зімге РЕПО және своп операциялары арқылы өтімділікпен шұғыл қамтамасыз ету тетігі қол­данылады», делінген агенттік хабарламасында.

Олардың айтуынша, банк салымшылары үшін тәуекел жоқ. Қандай жағдайда да банк­те жинақталған азаматтар ақ­ша­сына «Қазақстанның депо­зиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді. Сонымен қатар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақ­са­тында банк секторындағы жағ­­дай­ды кү­шей­­тілген түрде мо­нито­­рингтеу жалғаса бер­мек.

Отандық екінші деңгейлі банк­тер де біртіндеп өз қызметтері туралы мәлімдеме жариялап жа­тыр. 10 қаңтар күні Halyk Bank бүкіл Қазақстан аумағында (Ал­маты, Алматы облысы және Талды­қор­ғаннан басқа өңірлерде) 297 бөлімшесінің жұмы­сын іске қосты. Өңірлердегі ахуалға байланыс­ты жұмыс уақыты таңғы 9:00-ден кешкі 17:00 немесе 18:00-ге дейін жалғасады. Банк қызметіне қатысты нақты ақпа­ратты 7111 нөміріне хабарласып алуға болады.

«Банк Хоум Кредит» те банк сервисіне қолжетімділік ашыл­­ғанын жария етті. Банктің мобильді қосымшасы интернетсіз жұмыс істей береді. Сондықтан аталған банк картасы арқылы кез келген төлемді төлеуге мүмкіндік бар. 9:00-21:00 аралы­ғында 7373 және 7979 нөмірі арқылы кон­такт-орталық жұмыс істейді.

Банктердің қалыпты режімге қайта оралуына байланысты банкоматтар жұ­мыс істеп, терминалдар қосыла бастады. «Банк ЦентрКредит» те ел бойынша 71 бөлімшесінің жұмысқа кіріс­кенін хабарлады. 9:00-16:00 ара­лығында жеке және заңды тұлғаларға қаржылық қызмет­тердің кең спектрі ұсынылады. PR-қызметінің хабарлауынша, Алматыда банктің 7 бөлімшесі, 9 банкоматы және 9 төлем терминалы бүлінген. Оларды жөндеп, тез арада іске қосу үшін қаржы институты күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты банк әзірге бизнес-клиенттерге ғана қызмет көрсетеді. Банк қызметіне қатысты жеке тұлғалар 505, заңды тұлғалар 605 нөміріне хабарласып, ақпарат алуына болады.

«Банк ЦентрКредит» АҚ басшысы Ғалым Құсайынов қазір барлық сервистің іске қо­сыл­ғанын, тіпті шетелдегі қазақ­стандықтар да банк қызметін пай­далана алатынын хабарлады. Алайда ол үшін Kcell немесе Beeline мобильді интернеті ар­қылы қосылу қажет.

«ТЖ кезінде барлық несие бойынша айыппұл мен өсімпұл есептемейміз. 19 қаңтарға дейін ниет білдіруші азаматтардың несие төлемін кейінге қалдыру өті­нішін орындаймыз. ШОБ кә­сіп­керлері үшін несие төлемін ұзақ мерзімге кейінге қалдыру көмегін ұсынамыз және несие бойынша әрбір ұсынысты жеке қарастырамыз. Қызметін орындау кезінде қаза тапқан барлық әскерилердің несиелері кешіріледі. Олардың отбасына банк атынан 1 млн теңге көле­мінде өтемақы төлейміз», дейді банк басшысы.

«Сбербанк» мобильді қосым­шасы да интернетсіз жұмыс іс­теп тұр. SMS хабарламаны жет­кізудің бөгелуіне байланысты аударым операцияларын растауға шектеу алынып тасталған. ТЖ кезінде SMS растаусыз бір реттік аударым сомасы 49 999 теңгені құрайды. Алматы мен Алматы облысынан өзге аймақтардағы бас кеңселерде банкоматтар то­лық жұмыс істеп тұр. Бұл банк те антитеррорлық операция кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің несиелерін ке­шіреді. Сонымен қатар ай со­ңына дейін жеке және заңды тұл­ғалардың барлық несиесі бо­йын­ша айыппұл мен өсімпұлдар есептелмейді.

Freedom Finance Bank те осын­дай шараларды қолға алғанын мәлім етті. Мобильді қосымша жұмысы қалыпқа келтірілді, қазіргі кезде картадан жеке тұлғалар картасына аударым жасауға толық мүмкіндік бар. Интернеттің жоқ екеніне қарамастан, сауда орындарында POS-терминалдарда банк картасымен төлем жасауға болады. Тиісінше, банктің кез келген банкоматынан ақша шешіп алу тұрғысынан да қиындық жоқ. Банктің хабарлауынша, филиалдар мен банкоматтар жұмысын толық қалпына келтіру жақын арада аяқталмақ. Мазалаған сауалдарға жауап алу үшін 5595 нөміріне хабарласу жеткілікті. 

Ал Kaspi-дің ең алғашқы болып интер­нетсіз мобильді қосымшаны іске қосқаны белгілі. Банктің мобильді қосымшасынан қаржылық қызметтерді жүзеге асырып һәм тұтынып қана қоймай, мемлекеттік жаңалықтарды да оқып отыруға болады.

«Альфа-Банк» те 10 қаңтар­дан бастап филиалдарды ашты. Банктің хабарлауынша, қаржы институты өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігі үшін күшей­тілген күзетпен жұмыс іс­тейді. Клиенттер мобильді қосым­шаны қолдана алады, интернет-банкинг пен карта төлемі де қолжетімді. Банкоматтар ақ­ша беруге дайын. Банк қыз­метіне қатысты сұрақ­пен 2051 нөміріне хабарласуға болады. Ал Алматыдағы Рес­пуб­лика ала­ңында орналасқан Bank RBK-ның бас кеңсесі террорлық әрекет кезінде қатты зардап шек­кен. Бас кеңсе тоналып, алты қабатты ғи­ма­раттың әуелгі үш қабаты жанып кеткен.

«Әкімшілік ғимараттың бү­лін­геніне қарамастан, клиент­тер қаржысына зиян келген жоқ. Жаппай тәртіпсіздік кезінде банк­тің сенімді қорғалған депо­зитарийі зардап шекпеді. Штат­ты режімдегі жұ­мысқа тез оралу үшін банк бар күшін салып еңбек етуде», деп хабарлады баспасөз қызметі. Осы банк­тер­дің барлығы, сондай-ақ «Еура­зиялық банк» және Jusan Bank қаза тапқан әскерилер не­сие­сін кешіретінін, ТЖ кезінде азамат­тарға  айыппұл мен өсімпұл есеп­темейтінін жеткізді.

Бұл ретте Қазақстанның депозиттерге ке­пілдік беру қорының да депозит­тер бойынша максималды ставканы көтер­генін айта кеткен абзал. 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап стандартты өтеу мерзімі 3 және 6 ай жинақ салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызға, ал 12 ай стандартты өтеу мерзімі бар жинақ салымдары бойынша 1 пайызға ұлғайтылды. «ҚДКБҚ төтенше жағдайға байланыс­ты агент банктердің кепілдік беріл­ген өтем­ді төлеуге өтініштер қабылдауы осы агент банктердің бөлімшелерінің жұмыс режі­міне байланысты болатындығын хабарлайды», делінген хабарламада.

Ұлттық банк және Қаржы на­­рығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желі мен мес­сенджерлерде тараған «азамат­тар несиесі кешіріледі» деген ақпа­рат­тың шындыққа жанаспайты­нын айтып, тек сенімді дерек көз­деріне сенуге шақырады.