– Дүкендерге шабуылдың қалай және қандай жағдайда жасалғанын баяндап беріңізші...
– 8 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалды. Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкендерінің саны бұдан көп және бұзақылар оның бәрін бірдей басып алған жоқ. Біздің бағалауымызша, олар мұндай шабуылдарға тыңғылықты дайындалған. Дүкендер 6 сағаттан екі тәулікке дейін берілмей, қорғанды. Осыншама уақыт бұзақылардың дүкен қоймаларына кіруіне тосқауыл жасалды.
– Сонда дүкендер жақсы қорғалған болып тұр ғой. Әлде қылмыскерлер ішке кірудің амалын таба алмаған ба?
– Қорғанатындай мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, дүкендердің біріне жекеменшік күзет фирмасының жедел әрекет ету тобы келген. Қызметкерлеріміз шамалары келгенше қорғанып баққан. Салдарынан бір адам қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Екеуі – госпитальде. Жекеменшік күзет фирмалары дабылдың бәріне бірдей әрекет етпеген. Полицейлер де келмеген. Бекітілген келісімшартқа сәйкес, дүкендерге қарақшылық жасалған кезде жекеменшік күзет фирмаларына міндетті түрде дабыл түседі. Тиісінше, бұдан полиция департаментінің күзет пульті де хабардар болады.
Дәл қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарын кінәлай алмаймыз. Олардың қарақшыларға қарсы әрекет етерлік күші де, құралы да жеткіліксіз еді. Бизнес иелері тиісті нөмірлерге хабарласқан екен, адам жетіспей жатыр деген жауап алыпты. Ал дүкендерді күзетіп тұрған біздің қызметкерлер бұзақылардың тобына жалаң қолмен қарсы тұрды. Қарсы тарапта атыс қаруы болған. Өкінішке қарай, олар біздің қызметкерлердің көбін ұрып жыққан.
– Нысандардың ішкі қорғау жүйесі қалай әрекет еткен?
– 2016 жылы Ақтөбедегі террорлық оқиғалардан кейін арнайы күштер келгенге дейін шабуылдаушылар ішке кіріп, қару-жараққа қол жеткізбес үшін дүкендерді қорғаудың дәл осындай жолын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Күзет құрылымы үшін шамамен 5 минут, полиция экипажы үшін бұдан сәл көбірек уақыт беріледі. Бұл міндет толығымен орындалды.
Бірақ бұл жолғы шабуылдаушылардың алдына нақты мақсат қойылған. Олар жақсы дайындалған әрі істің жай-жапсарынан толық құлағдар болған. Мәселен, олардың ЦУМ-ның қасындағы «Қорған» дүкеніне қалай шабуыл жасағанын айтайын. Бұл дүкен осы саладағы көшбасшы саналады. Мұнда қару әлдеқайда көп және дені мықты қарулар. Негізінен импортталған тауарлар. Бұзақылар көше жағынан ғимаратқа кіре алмаған. Сондықтан бетон қабырғаны сындыруға көшкен. Бұған шамамен 6 сағат жұмсапты. Одан әрі дүкен аумағы қоршалған арнайы арматуралармен бетпе-бет келген. Оны қуатты лазерлік кескіштермен кесіп, ішке кірген. Міне, олардың қандай дайындықпен келгенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Қаладағы біздің дүкендердің көбіне шабуыл жасалды. Бірақ бұзақылар үшін барлығы бірдей сәтті болды деп айта алмаймыз. Қалада жаппай тәртіпсіздік басталған сәтте-ақ кіріп-шығатын есіктерді, қару қоймаларының есіктерін бұғаттап тастау туралы хабарлама тараттық. Осы қадам өзін ақтады деп ойлаймын.
– Сонда бұзақылар қандай қаруды алып кеткен және қанша көлемде?
– Қазір нақты деректі айта алмаймыз. Бірақ шығын көлемінің бірнеше миллиард теңге екені қазірден-ақ белгілі. Өйткені дүкендер тоналып қана қойған жоқ, өртенді де.
Осы орайда бұзақылардың қолына түскен мылтықтар мен винтовкалардың көбі іске қосылмағанын атап өткен жөн. Дүкендерде сақталатын қарулардың оқ атуға қатысы бар белгілі бір бөліктері, яғни бекітпелер, бекітпелердің ұяшықтары, ағытқыш тетігінің бөліктері алынып, басқа жерде бөлек сақталады. Қаруға қол жеткізгенімен, қылмыскерлер аталған бөліктерсіз оқ ата алмайды. Айтпақшы, техникалық қауіпсіздіктің мұндай шарасын 2016 жылғы оқиғалардан кейін өзіміз ұсынған едік.
Тағы бір атап өтерлігі, бұзақылар қоймаға кірген күннің өзінде кейбір қаруларға қол жеткізе алмай қиналған. Өйткені олар мықтап бекітілген. Сондықтан бекітпелерді күштеп сындырған. Сол кезде біршама қарудың ағытқыш тетіктері қираған. Зақымданған мұндай қарулар оқ атуға жарамайды. Сондықтан ұрланған қарулардың басым бөлігі атуға жарамсыз деп болжам жасауға болады.
– Дүкендерде қаруды сақтау және оған қол жеткізу талаптары толық сақталды деп айта аласыз ба?
– Иә. Біз қауіпсіздік шаралары тұрғысынан қатаң тексерулерден өттік. Дүкендерді қорғау жүйесі жоғары деңгейде болды деп айта аламын. Мәселен, олардың біріне қол жеткізу үшін бұзақылар екі түн қатарынан тынбай жұмыс істеді. Сол күйі ішке кіре алмай кетті. Бірақ егер арнайы құрал мен уақыт жеткілікті болса, кез келген кедергіні бұзуға мүмкіндік бар. Алматыдағы тәртіпсіздіктер осыған дәлел.
– Нақтылап айтыңызшы, террористердің қолына қандай қарулар тиді?
– Спорттық және аңшылық қарулар. Бізде басқа қару сатылмайды.
– Арнайы дайындалған содырлардан бөлек қарақшылар да дүкенге кіріп отыр ғой?
– Иә. Алдымен содырлар жүріп өткен. Олардан қалғаны қарақшылардың қолына тиген. Жоғарыда айтқанымдай, содырлар жақсы дайындалған және не үшін келгенін нақты білген. Мәселен, «Қорғанға» түскен содырлардың қолына лазерлік кескіш қалай тиіп жүр және қандай кескіш десеңізші?!
– Сонда содырлар қалай дайындалған? Тыңшылық жасап, ғимараттың жоспарын зерттеген бе?
– Мұнда жасырын ештеңе жоқ. Дүкендер жертөледе орналаспаған. Келушілерге ашық әрі еркін кіріп-шығуға болады. Демек, сатып алушы ретінде келіп, жағдайды зерттеген болып тұр ғой. Десе де, олардың дүкен қабырғаларын қиратуға көп уақыт жұмсағанын ескерсек, қару сақталған жердің қорғанысын дұрыс бағамдамағанын аңғаруға болады.
– Қылмыскерлермен бетпе-бет келген әріптестеріңіз оларды қалай сипаттап отыр? Әрекеттерін қалай түсіндірді?
– Айтуларынша, өте агрессивті әрі ашу кернеген адамдар. Көбі мас күйде болған. Топ-тобымен дүкендерге келіп, қызметкерлерге «Өмір сүргілерің келсе, кетіңдер» деп ескерту мақсатында ауаға оқ атқан.
Қызметкерлер де қорғануға тырысқан. Мәселен, Талдықорғанда дүкен иелерінің өздері дабылға келген күзетшілермен бірге қорғанып, бұзақыларды ішке кіргізбеген. Меніңше, бұл жерде қылмыскерлердің дайындығы мен шабуылдың негізгі мақсаты үлкен маңызға ие секілді. Талдықорғандағы дүкенге шабуыл жасағандар жай ғана жабайы тобыр болған, ал Алматыдағы содырлар кәсіби тұрғыдан дайындалғандар. Сол себепті Алматыдағы дүкендер желісіне деген қызығушылық та басқаша сипатта болған.
Қаладағы тағы бір ірі сауда нүктелерінің бірі «Алпамыс» дүкеніне алдымен төрт көлік келген. 6 сағат бойы ішке кірудің қамымен айналысқан. Діттеген мақсатқа қол жеткізген соң жүк көлігін шақырып, ірілі-ұсақты қарудың бәрін тиеп алып кеткен. Міне, бұл әбден ойластырылған қадам.
– Осы оқиғалардан кейін қару-жарақ айналымындағы талаптарды тағы қатаңдату керек шығар?
– 2016 жылы біз қару-жарақ айналымы нормаларын қатаңдату бойынша барлық жаңа талаптарды қабылдадық және техникалық тұрғыда террористік шабуыл сынақтарына төтеп бердік. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. Мұны адамдардың көзіне тіке қарап айта аламын. Бір ғана қадам қалып отыр. Бұл – қару сатуға түбегейлі тыйым салу. Бірақ бұл дұрыс шешім емес. Тек заңды қару-жарақ айналымы ғана бақыланады. Оның сыртындағының бәрі қылмыстық сипатқа ие.
– Қазір қылмыскерлердің қолында біршама қару бар. Олардың ендігі жайы не болмақ?
– Қазірдің өзінде қарулардың табылып жатқанын білеміз. Алдағы уақытта да табылатыны белгілі. Бір бөлігінің мүлдем жоғалып тынары да анық. Кейіннен жарыққа шығуы да мүмкін. Бірақ ұрланған қаруды қолдану қылмыс екенін көпшілік түсінеді деп ойлаймын. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған.
Меніңше, ұрланған қаруды қылмыстық мақсатта одан әрі пайдалану ықтималдылығы анау айтқандай жоғары емес. Аңғарсаңыздар, Алматыдағы террорлық шабуылдарда бұзақылар негізінен жауынгерлік қарумен жүрді. Олар мұны тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тартып алған немесе полиция учаскелеріне жасалған шабуылдардан кейін қол жеткізген болуы мүмкін.
– Әлдекімнің қолында қару жүр делік. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қандай кеңес бересіз?
– Ішкі істер министрлігінің қаруды өз еркімен тапсыру туралы бұйрығы бар. Егер адам мылтық тауып алса, ал қазір бұзақылардың тастап кеткен қаруын кез келген жерден тауып алуға болады, оны дереу полицияға тапсыру керек. Әрине, тапсырушының Алматыдағы шабуылдарға және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді. Бірақ кез келген жағдайда оны дереу тапсырған абзал.
– Мемлекеттен қандай қолдау күтесіздер?
– Қазір зардап шеккен бизнеске көмек көрсету тетіктері пысықталуда. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп белгілі бір шаралар қабылдауды бастаймыз. Айта кету керек, біз ешқашан мемлекеттен жеңілдіктер мен преференциялар сұраған емеспіз. Бірақ қазір мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Онсыз аяқтан тұру қиынға соғады. Әріптестерімнің көбі 30 жыл бойы осы бизнеспен өмір сүріп келді. Соның бәрі әп-сәтте жойылып отыр. Сондықтан біз қолдау тетіктері туралы ұсыныстарымызды әзірлейміз. Соның көмегімен ғана саланы тығырықтан шығаруға мүмкіндік бар.
Сосын 2016 жылы айтылған проблемаға қайта оралу керек шығар. Сол кезде біз жеке күзет құрылымдарының жедел әрекет ету топтары жоспарланған шабуылдарды тойтару үшін жеткілікті түрде қаруланбағанын көтерген едік және Алматыдағы оқиғалар олардың автоматпен қаруланған тобырға қарсы тұра алмайтындығын анық көрсетті.
Әңгімелескен
Людмила МАКАРЕНКО