Аймақтар • 12 Қаңтар, 2022

Коммуналдық қызметте іркіліс жоқ

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келеңсіздік кезінде Алматының инфрақұрылымы айтар­лықтай зардап шекті. Оқиға ошағында бағдаршамдар мен бақылау камералары қиратылып, қала берді, жаяу жүргін­шілерге арналған тас төсемдерге дейін талқандалды. Бүгінде қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтер штаттық режімде жұмыс істеуде.

Коммуналдық қызметте іркіліс жоқ

Арнаулы штабтың деректері бойынша сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау, энергия және жылумен жабдықтау жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаппай тәртіпсіздік кезінде де бұл қызметтерде іркіліс бол­ған жоқ.

Жол инфрақұрылымын қал­­­пына келтіру жұмыстары да қар­­­қынды жалғасуда. Жол қозға­лысын реттеудің техни­калық құ­рал­дарын жөндеуге 13 брига­да жұмылдырылған. Қираған 46 бағдаршам ныса­нының 38-і қалпына келтірілсе, қалған 5-і уақытша сызба бо­йын­ша қыз­мет көрсетіп тұр. Сондай-ақ, келең­сіздік кезінде 120 жол бел­гісі бүлінген, оның 96-сы толық қал­пына келтірілді. Бұл жұмыс­тарды 4 бригада жүр­гізіп жатыр.

Қала билігі талқан болған тас төсемдер 13 қаңтарға дейін рет­ке келетінін жеткізді. Жол жабы­нын тазарту қарқын алған. Бү­лінген 43 аялдама павильондары да біртіндеп жөнделуде. Ба­сым бөлігінің әйнектері тұтас қи­раған. Бұл жұмыстарға жеке ком­паниялар да атсалысуда. Қала­ның тыныс-тіршілігін қам­­­­тамасыз етуді қолға алған ма­ман­дар залалды бағалау әлі де жал­ғасып жатқанын айтады.

Айта кету керек, барлық қыз­меттер антитеррористік орта­лықпен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінге дейін көшелерден 200 тоннадан астам қоқыс, аулалардан 1 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Коммуналдық қыз­­меттер әскери қызметшілер залал­­сыздандырған аумақтарға кіреді. Қаланы тазарту жұмыс­та­­рына құқық қорғау қызмет­кер­­лері мен еріктілер де үлес қосты.

Жауапты ведомство, тұр­ғын­дар тарапынан қаланың ком­муналдық қызметіне қатысты кез келген сауал туындаған жағ­­дайда төмендегі телефон нөмір­леріне хабарласуға болатынын мәлімдеді.

«Алматы Су» МКК 274-66-66, +7 771 852 9101 (тәулік бойы) – «АлТС» ЖШС авариялық-диспетчерлік қызметі 378-06-65 (тәулік бойы), байла­ныс ор­талығы: 341-07-77, қоңы­рау­ларды қабылдау уақыты: 09:00-ден 17:00-ге дейін – «Алматы Қала Жарық» МКК 300-75-41, 300-75-42 – авариялық газ қызметі: 104.

 

АЛМАТЫ