Әдебиет • 12 Қаңтар, 2022

Еуропалықтар жазған екі кітап енді елімізде жарық көрді

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алғаш ағыл­шын елінде жазы­лып, ке­йін кәрі құр­лық­та жа­рық көрген Джон Масси Стюарт­­тың «То­мас, Люси және Алатау» атты кітабы бар. Кітап ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-салтын, мәдениетін, табиғатының тамашасын бейнелеп жазған саяхатшылардың күнделіктері негізінде жа­зылған екен.

Еуропалықтар жазған екі кітап енді елімізде жарық көрді

Жинақта Жетісудағы киелі саналатын Тамшы­бұлақ жайлы ерекше толғаныспен айтылады. Зама­нында осы өлкеге ат басын бұрған ағылшын жиһан­гезі Томас Аткинсон Қапал уезінде жаз жайлап, қыс қыстап, қазақ арасында өмір сүрген-ді. Тамылжы­ған табиғаттың әсемдігі еуропалық саяхатшылар Томас пен оның әйелі Люсиді таңғалдырғаны сондай, Алатаудың етегінде дүниеге келген ұлдарына Алатау – Тамшыбұлақ деп ат қойған болатын. Сол Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау» кітабын енді қазақстандық оқырмандар да оқи алады. «100 жаңа оқулық» жобасының шеңберінде ағылшын авторларының Қазақстан туралы екі кітабы қазақ және орыс тіл­деріне аударылып, басылды. Қос кітапты қазақ­стандық авторлар Бақытжан Бұхарбай мен Алмас Нұрбақытов аударған екен. Екі кітап­тың бірі Қазақстанға екі ғасыр бұрын келген бри­тандықтардың, яғни Томас пен Люси Аткинсон­дардың сапары туралы баяндайды. Ал екіншісі әр жылдардағы Ұлы дала тарихы туралы зерттеу­лер мен саяхаттар туралы жинақ. Жақында екі кітап Талдықорғанда оқырмандарға таныстырыл­ды. Онлайн режімде өткен таныстырылымға Қазақ­стан Республикасының Біріккен Ұлыбритания Король­дігі мен Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов қатысып, Қазақ­стан тарихы мен халқының өміріне қатысты осы кітаптың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарса­ңында аударылып, басылып шығуының мәні зор екенін атап өтті.

– Мұндай шаралар тәуелсіз екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бастама деп білемін. Қос жинақ дереккөз ретінде қазақ оқырмандарына маңызы елеулі, әрі қызықты шығарма болады деп ойлаймын, – деді Ерлан Ыдырысов.

Кездесуде «Томас, Люси және Алатау» кітабы­ның авторы Джон Мейсен Стюарт та бейнебайланыс арқылы сөз алып, өз әсерін жеткізді.

– Бұған дейінгі барған сапарымда мен Қазақ­станның өзіме жақындығын сезіндім. Сондықтан шығармамның көпшілік қауымға кең таралатынына қуаныштымын, – деді британдық автор.

Сондай-ақ бейнебайланыста «Ұлы дала саяхатшылары» кітабының авторы Ник Филдинг те сөз алып, ризашылығын жеткізді.

– Бірінші кезекте кітабымды аударуға ниет таныт­қандарыңызға және оны басып шығарып, таныс­тырып жатқандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Қазақстанға жасаған сапарым әлі есімде. Ондағы халықтың қонақжайлығы есімде сақталып қалды. Сіздердің елдің халқы, дәстүр-салты маған ерекше әсер етті, – деді Ник Филдинг.

Ал шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов 2016 жылы Томас Аткинсонның ұрпақтары Қазақстанға келіп, ерте­дегі оқиғалардың тынысын сезініп, ата-баба­лары жүрген жолдармен жүріп өткенін айтты. Кейін Аткинсондардың саяхаты туралы екі кітап – Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібірде және Шығыс Қазақстанда басынан кешкендері» және Ник Фил­дингтің «Ұлы даланың оңтүстігіне: Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға сапарлары» кітаптарын елімізде басып шығару туралы уағдаластыққа қол жеткен екен.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» жобасы – Қазақстанның ақыл-ой мен білімге ұмтылған, әлеуметтік жағынан жауап­кершілігі мол жастарды қалыптастыруға бағыт­талған тың бастама. Соның арқасында біз тарихи мұра­ларымызды сақтауға, жастарға рухани тәрбие беруге бағытталған жобаны қолға алып, аударып басып отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

 

Алматы облысы