Руханият • 12 Қаңтар, 2022

«Бір атаның баласындай». Қырғыз халқы елдегі жағдайға үн қосты

913 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бастапқыда бейбіт шеру ретінде басталып, кейін еліміз бойынша жаппай тәртіпсіздікке ұласқан жағдай Алатаудың ар жағындағы ағайындарды да бейжай қалдырған жоқ, деп жазады Egemen.kz.

«Бір атаның баласындай». Қырғыз халқы елдегі жағдайға үн қосты

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан, Алатаудың күн­гейі мен теріскейін қоныс еткен қос халықтың тарихи тамырластығы, бауырластығы ғасырлар бойы ажыраған емес.

Тарихты алып қарасақ, жыр алыбы Жамбыл мен қырғыз ақыны Тоқтағұлдың арадан қыл өтпес достығы да бүгінгі ұрпақ үшін өшпес үлгі мен өнеге. Қазақстанда орын алған қаралы қаңтардың қасіреті қырғыз ағайынның да жанына батты. Байырғыдан келе жатқан бауырларымыз әлеуметтік желілер арқылы қазақ бауырларына көңілқос айтып, жыр арқылы жұбатуда.

Ютуб желісінде алғашқылардың бірі болып үн қатқан Нарынбек Калыбаев екі елдің бауырластығын әнмен кестелепті.

«Қалпақтың ақ-қарасындай,

Қазақтың кең даласындай,

Қырғыз-қазақ бір туған ел,

Бір атаның баласындай (екі рет).

 

Қомыз менен домбырасы,

Шаңға толған тау арасы,

Ырдап барсам бауырыма,

Тосып алар кең даласы.

 

Ат жалында ойнап өскен,

Ата-бабам болған көшпен,

Жамбыл менен Тоқтоғұлдай,

Қаншалаған асыл өткен», деген ән арқылы қазақ даласына сәлем жолдапты. 

 

Әлеуметтік желіде тараған тағы бір бейнежазбада: 

«Қанатындай бір құстың,

Қазақ-қырғыз елдері,

Бір қанаты сынса егер,

Ұша алмас құсым жердегі.

Тербеліп тұрсын тыныштықта,

Тамырлас қазақ ел-жері.

Қазақ бөбек жыласа,

Қырғыз ененің сыздайды емшегі.

Жан бірге жақын қазағым,

Жаманның тарттың азабын.

Туғалы қимас қазағым,

Тұрмыстың тарттың азабын.

Дүрбелең түсіп заматта,

Дүниенің бұрдың назарын.

Өзегім күйді, шоқ болды,

Өртенген кезде базарың,

Қантөгу болып күтусіз,

Қаншалар тапты ажалын», деген жолдар арқылы қырғыз бауырлар біздің елдегі жағдайға назар аударып, көңілдерін білдірген.