12 Мамыр, 2010

АЙША АПАЙДЫҢ АЙНАСЫ

1040 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстанның халық әртісі, тоқсан төрт жастағы Айша Абдул­лина бес қабатты бетон үйдің қа­ра­пайым ғана, қоңырқай, екі бөл­мелі пәтерінде тұрады. Жұмат Ша­нин атындағы облыстық қазақ драма театрынан әлі күнге дейін қол үзген жоқ. Жаңа рөл тапсы­ры­ла қалса, жасарып кетеді. Қара ша­ңырақтың ұжымы қоярда-қоймай шақырып алады. Жұмысқа да. Жиналысқа да. Былайғы басқо­су­ларға да. Айша апайсыз орталары ой­сыраңқырап тұрады. Айша апай­дың аурасын айтсаңызшы. Айна­ласына ақ сәуле шашып келе жатады ғой. Ашулануы анда-санда ғана. Кей­біреулер көпе-көрінеу көл­гір­сіп, шындық шырқырай бастаған­да, шыдай алмайды. “Әй, болды енді, қойыңдар” дейтіні бар. Кей-кейде көкмылжыңдықты көтере алмай, кіртиіңкіреп қалатыны жоқ емес. Сахна өнерінің саңлақ сыншы­сы Әшірбек Сығай өзінің “Ой тө­рінде – театр” атты кітабында Ай­ша Абдуллина туралы мәністі мақа­ла жариялаған. “Айтулы актриса­мен сахна төрінде бетпе-бет келме­ген авторлар аз деуге болады. М.Әуезов, В.Шекспир, Н.Тренев, Н.Гоголь, А.Островский, Ш.Құ­сайы­нов, Ә.Әбішев, К.Гольдони, Ғ.Мүсірепов, Д.Исабеков, Ы.Са­пар­баев, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамед­жа­нов, С.Жүнісов, О.Бөкей, С.Мұ­қанов, С.Ахмад сынды тағы басқа қаламгерлердің туындыларында көсіле қайрат көрсеткен актриса еңбегі әлдеқашан театр тарихында алтын әріппен таңбаланған”, – деп жазады ақтаңгер қаламгер. Айша Абдуллинаның аты қазақ театры тарихында алтын әріппен жа­зылғаны рас. Бірақ бұл биікке жет­пектің жолы тіпті де оңай бол­ған жоқ. Ол Алматының қақ орта­сында, өткен ғасырдың он алтын­шы жы­лында дүниеге келген еді. Ше­шеден жастай қалды. Әжесінің қо­лында өсті. Туған анасының түрін елес­тете алмайды. Суреті де қалмапты. Әртістікке әуестігі, әлдекім­дер­дің қылық-құлықтарын айнытпай салып бермекке бейімділігі жас­тайы­нан-ақ жарқырай көрінген. Әжесінің қар­сылығына қарамастан, Алматыдағы қазақ драма теат­ры­ның арнайы студиясына түсті. Ал­ып­тардан оқып-тоқыды. Тәлім ал­ды, үлгілерін үй­ренді. Күләш Байсейі­това тағдырлас сіңлісіндей сезінді. Үнемі өбектеп, жол көр­сетіп, жөнін айтып, жаны қалмай тәрбиелейтін еді. Құрманбек, Қали­бек, Сераға, Елағалар, Қапан, Шә­кен, Камалдар сахна сырына қа­нықтырды. Кейін Күләш пен Құр­манбектер опера теат­рына ауыс­қанда, қатты аңсай­тын. Ұстазда­рын. 1936 жылы Мәс­кеу­дегі он­күн­діктен оралғанда бір топ талантты жас өнерпаздармен бір­ге Бейімбет Майлиннің тау ішін­дегі киіз үйінде қонақ болғаны, ұлы жазушының мұның маңдайынан иіскегені көз алдында әлі. Несін айтасыз, ғажап еді ғой сол жылдар! Әшірбек Сығайдан асырып айта алмайсыз-ау. Ол былай деп жазады: “Ұсынылған рөлдерді үлкен демей, кіші демей, шығармашылық ша­быт­пен игере берді. Күншілдерге қың­бады да. Жел сөз біткенді құ­лағына қыстырмады. Табиғатынан талантқа мол, алғыр болмыс алға қарай ұмтылудан, ілгері басудан танбады. Ол қазақ және әлем ха­лықтарының классикалық, кеңестік кезеңмен тұстас және қазіргі заман драматургиялары негізінде қойыл­ған көптеген спектакльдерде жа­ратылысы бөлек, тума дарынға тән шеберлікпен суарылған, талай­лар­ды таңдай қақтырған, ұлттық сахна өнерінің мерейін көтере түскен күрделі де күрмеуі мықты сан бейнелерді сығымдай сомдады”. Айша Абдуллина алғаш Ал­ма­тыңызда, кейіннен Шымкентіңізде сомдаған сахналық бейнелер қата­рында кімдер бар еді? Мінекиіңіз, маңыз беріп қараңыз. Ақжүніс, Баян, Айман және Шолпан, Гүл­чехра, Хадиша, Фармон ханым, Дез­демона, Беатриче, Салиха, Ал­тын, Құртқа, Сәруар, Алтынай, Ни­на, Несібелі, Гүлжан, Раушан, Алтыншаш, Қырмызы, Бану... Жұмат Шанин атындағы об­лыс­тық қазақ драма театрының бұ­рынғы директоры, бүгінде зейнет­кер Ахмет Өтебаевпен бірге Айша апайдың пәтерінде отырмыз. Ескі серванттың үстінде он тоғыз жасар кезінде түскен суреті үлкейтіліп қойы­лыпты. Жастық дегеніңіздің өзі сұлулық емес пе?! Айша апай біздің сол суретке қарап қалға­нымызды аңға­рып, ақтарыла сыр шертті. Алматы­дағы қазақ драма театрында жүр­генде талай-талай талантты жігіттер ғашық болған ғой. Айша сұлу тек театрды ғана ойлап, тек рөлдерді ғана ойнап жүре беріпті. Айна­ласында құры­лып жатар жықпылды торларды елемеген екен. Өзі өсек дегенді жеккөретін. Біреу­лер үдетіп бара жатса, бұрылып ке­тетін. Тыңда­майтын. Біреулердің сыртынан бір сөз айтпайтын. Кісі жамандап көр­мепті. Сөйтіп жүр­генде, Ж. дейтін жігіт ойын білдір­ген. Сүйетінін сез­дірген. Сонда ғана сахнадағы өмірге, өнер дейтін өзгеше әлемге ерекше елітіп, өзін өзі мүлде ұмы­тып кет­кенін, тұрмыс мәселесіне мәніс ау­дармай жүргенін іштей мойындауға мәжбүрленген. Әлгі жігіт өзгелерге қарағанда батылдау екен. Ешкім жолай алмай, батпай жүрген Айшаға сөз салды. Ж. бір күні Айшаны шы­ғарып салмақ болды. Репетициядан кеш шыққан еді. Екеуі де. Үйі әжеп­тәуір алыс­татұғын. Жол-жөнекей қабаған ит тұтқиылдан тиісті. Бір қараса, сахнада батыл көрінетін әлгі әртіс жігіт қашып барады екен. Арсыл­дай үріп, жетіп келген дәу төбет Айша­ның алдында бірден бәсең тартып, бұрылып кете барған. Содан, несін айтасыз, театрдағы “батырларға” көңілі қалған. Сол күндерде Әнуарбек жолықты. Мүл­де басқа салада қызмет істейтін, жасандылығы жоқ, көп сөйле­мей­тін жігіт екен. “Иттен қорық­пай­сың ба?” – деп әзілдеді алғаш та­ныс­қанда. Әнуарбек басын шай­қаған. Театрдағы “ғашықтардың” әсері бол­ды ма, әлде басқа да біраз-біраз күншілдердің себебінен бе, әйтеуір Айшаның айналасында “ауа райы” күрт суытып сала берген. “Шым­кентке мықты әртістер керек екен”, – десті алғашқыда. “Сен барма­ғанда кім барады, Айша?” – десті екіншіде. “Шым­кент сені күтіп отыр”, – десті үшіншіде. Алматы театрында Айшаның жұл­дызы жарқырап тұрған жылдар­тұғын. 1943 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі” атанған. 1946 жылы “Құрмет Белгісі” орденін омырауына таққан. “Шымкентке бармаймын!” – деп қырсығуға да болар еді. Батылы жетер еді. Өйт­педі. Күншілдікке бой алдырған бейбақ­тар­мен бақталас болмақтан безінді. Күш-қайратын, талант-дарынын тәрк еткісі кел­меді. Шымкентке тарт­ты да кетті. “Мен өзі рөл таңдамаймын. Мұн­да да сөйттім. Ешкіммен ұрысқан емеспін. Ұстасқан емеспін. Айна­лайындар, менің айнам – адалдық. Сол адалдық дейтін ай­наға бір қарап қойып, бой-басымды түзеп қойып, ішімнен бір күрсініп алатынмын-дағы, жұмысқа кірісіп кеп кете­тінмін”, – дейді Айша Абдуллина. Шымкенттегі Шанин театрына келгенде Айша апайыңыз қырық­тың қырқасындатұғын. Арада он жылдан астам уақыт өткен. 1958 жылы “Алматы көк­темі” атты театр фестивалі болған. Шанин театры апарған төрт спек­такльде де Айша Абдуллина басты рөлдерде ойнаған. Сол “Алматы көктемі” “Айшаның көктеміне” айналған. Қойылымдарды да, Айша Абдулли­наның рөлдерін де Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Қанабек Байсейітов сынды алыптар жоғары бағалаған. Айша апайға “Қазақ­стан­ның халық әртісі” атағы берілген. Ойхой, ол жылдарда Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының да жұлдызы жоғары еді-ау. Ол жылдарда бас режиссер Ғайнижамал Хайруллинатұғын. Ол жылдарда Шанин театрында Сейіт Досмағамбетов, Мұхтар Найман­баев, Мұхтар Өтебаев, Ағман Ысырайылов, Отызбай Жұмабеков, Жұмабике Серікбаева сынды саңлақтар көптұғын. Алпыс жасқа толғанда әлдебі­реу­лер әлек салды. Айша мен Жұ­ма­бикені театрдан кетіру керек десті. Жұмабекке шатақ шығарды. Айша үндемеді. Алматыға жолы түскен. Кенет Мәдениет министрі жолығып қалды. Хал-ахуал сұрады. Театрдан кетпек ойы барын біліп алды. Суыртпақтап. Шымкентке қайта оралса, әнеукүнгі әлек сал­ғандар толайым-тұтас өзгерген. Басқаша сайрайды-ай. “Әртіс десе, әртіс қой бұлар”, – деді бұл іштей күліп. Айналасына қарап қойып. Бұрынғы мінезінен айнымады. Рөл берсе, ойнайды. Жұрт тәнті. Ду-ду қол шапалақтайды. Рөл бер­месе, жалынбайды. Жағымпаздан­байды. Театрдағы орта буын бар, кей­інгі толқын бар, ақыл-кеңесін ая­майды. Күні кешегі жас жұлдыз­дар Құпия Рақымбердиева, Айжан Жұмабекова, Раушан Салова, Күл­шат Есбай бүгінде алдыңғы буын қатарында саналады. Бәрі де сый­лас, сырлас. Үйіне апта аралатпай келіп тұрады. Бір қараса, қатты таңырқайды. Уақыт қандай жүйрік. Қолы босаса, Бішкекке тартып кетеді. Онда қызы Айгүл мен күйеу баласы Сейіт бар. Немерелері бар. Қызы көп жыл бойы Қырғыз­станның архивін басқарды, Сейіт профессор. Айгүлі жетпіс жастан асты. Әлі кішкентай кезіндегідей көреді. Айша апай. Айтпақшы, биылғы Наурыз мейрамының алдында Оңтүстікке Елбасы келген. Көксарай су рет­те­гішінің алғашқы кезегін ашқан. Шым­кенттегі керамогранит зауы­тын көрген. Сонсоң облыстық фи­лармонияның жаңа ғимаратын аралаған. Бұл баяғыда, Алматыдан осында ауысқанда қазақ драма театры еді-ау. Айша апай бастаған оншақты өнер иесі (арасында сіздің тілшіңіз де бар) сол филармонияның ғажап залында, Президенттің қолын ал­ған. Айша апайымыз: “Айналайын! Менің жасым тоқсан төртте. Анаң тірі болғанда, маңдайыңнан күнде иіскейтін еді ғой. Ақ маңдайыңнан иіскейінші!” – деді. Елбасымыз қатты толқып, басын иді. Айша апай жанары жасаурап, Мемлекет басшысының маңдайынан сүйді. Біз бұл мақаламызды “Айша апай­дың айнасы” деп атадық. Ай­тулы актрисаның өзі меңзегендей, Айша апайдың айнасы – адалдық. Өнерге адалдық. Өмірге адалдық. Адамдыққа адалдық. Театрға адал­дық. Сахнаға адалдық. Айша апайы­ңыз осы күнге дейін адалдық айна­сына қарап бой түзейді. Ой түзейді. Әне, ол облыстық театрға қарай баяу аяңдап кетіп барады. Өзінен-өзі күлімсіреп қояды. Мархабат БАЙҒҰТ. ШЫМКЕНТ.