Әдебиет • 12 Қаңтар, 2022

Биыл – Балалар әдебиеті жылы

4852 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Ба­лалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жал­ғасын тауып отыр.

Биыл – Балалар әдебиеті жылы

Балалар жылына орай Ұлт­тық академиялық кітапханада «Мәң­гілік ел құндылықтары. Ардақ тұтар алыптары», «Менің сүйікті кітаптарым» атты кітап көрмелері ашылды.

Іс-шара ұлттық құнды­лық­тарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлға­лар­­­дың тағылымды шығарма­шы­­лығымен таныстыру және «2022 – Балалар жылына» орай балаларға арналған әдебиет­тер­ді насихаттау мақсатында ұйым­дастырылып отыр.

Көрмеде ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енген Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, Роза Бағланованың туғанына 100 жыл, Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл, Күләш Байсейітованың ту­ғанына 110 жыл, сонымен қа­тар Нұр-Сұлтан қаласының құрыл­ғанына 25 жыл мен көптеген зия­лы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қазақ әдебиеті тарихына қосқан еңбектері насихатталды.

Мәселен, «Мәңгілік ел құн­­­дылықтары. Ардақ тұтар алып­тары» атты кітап көрмесі бірнеше бөлімнен құралған. «Рәміздер – елдігіміздің ең­се­сі, теңдігіміздің тірегі» атты бө­лімде Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту мен Гимннің қа­былданғанына 30 жыл және «Ел жүрегі – елорда» атты бөлімде елорда Нұр-Сұлтан қаласына 25 жыл толу мерейтойларына орай мемлекеттік нышандар мен елорда тарихы туралы әдебиеттер мен еңбектер қойылды.

Ал «Ұлттың ұлы ұстазы» атты бөлімде әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынұлы­ның 150 жылдық мерейтойына орай ­ел үшін аянбай атқарған қызмет­тері мен еңбектері жайында деректер беріледі. Сондай-ақ «Қазақ әдебиетінің алыптары» атты бөлімде кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастыруда ауқымды проза жанрын дамытқан әдебиет алыптары Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдық мерейтойларына орай тың деректер мен шығармалары жайында ақпараттар құрайды. Бұдан бөлек тағы бірнеше бөлім бар.

Кітап көрмесі барысында ­ 2022 – ТМД халық шығар­ма­шылығы және мәдени мұра жы­лы деп жа­риялануына орай он бір мем­ле­кеттің мәдениетін, та­рихын, дәс­түрін дәріптейтін әдебиеттер ұсы­нылды.

Іс-шараға зиялы қауым өкіл­дері мен журналистер қатысты.