Әдебиет • 12 Қаңтар, 2022

Қалам сертінің қайсары

509 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Қаламгер Қайсар Әлім есімі әсіресе соңғы отыз жыл бедерінде құлағы түрік, көкірек көзі ашық әрбір қазаққа белгілі деп ойлаймын. Әрине, бұл «белгілі болмақтың» әңгіме орайында, рет-ретімен кейінірек баяндалар бірнеше салмақты себебі бар. Солардың ішіндегі ең бастысы – азаттығымыздың сонау арай таңынан бері Алаш арыстарының рухын тынбай тербетуі, туған халқының бақыты мен бостандығы жолында шаһид кешкен алғадай асылдардың дәйім шырақшысындай шыр-пыр шырқырап, шырағындай маздауы дер едік. Қайсекеңнің өзі де, шығармалары да Міржақыпқа барар жолдағы алтын көпірге айналғалы қашан.

Қалам сертінің қайсары

Өрімдей жас шағынан нысаналы темір­қазық мақсатына адалдығын танытумен келеді. Өмірлік ұстанымының ұстыны берік. Түрлі жағдайлардың ке­дер­гілерін еңсерген қат-қабат қи­сынында экономист дипломын алуға тура келгенімен, еңбек жолын кеңшарда қатардағы қисапшылықтан бастағанымен, кеудесіне ұялаған баяғы бала тілшінің аңсар-арманынан айнымады, мұратынан таймады, сайып келгенде, журналист мамандығын таңдады. Осы қиындығы мол, қияпаты ересен қаламгерлік кәсіпте жанына ең жақын, ең қымбатты екі адам қайсар мінезді жас Қайсардың үмітінің отын жағып, сенім артты, аманат жүктеді. Міржақыптың жақын қарындасы болып келетін аяулы анасы Бодайдың кенжетайына айтқан соңғы тілегі, соңғы сөзі: «Қара тентегім, қаламсабыңды тастама!». Осыдан бірер жыл өткенде екінші аманатты арқалатушы бар қазақтың Әзағасы – Әзілхан Нұр­шайықов былай депті: «Сіздің жай жур­налист емес, журналист-жа­зу­шы болуыңызға шын жү­рек­тен тілектеспін». Анасы мен Әз­­аға­сының артқан сенімі, арқа­латқан аманаты сол кездегі қатар­дағы жас журналистердің біріндей көрінетін Қайсар Әлімнің қалам сертін кәлам тылсымымен баурады.

Шынына көшсек, өрімдей 22 жасынан бастап табандатқан 21 жыл бойы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде қа­лам сілтеген Қайсар қатардағы емес, сол жас дәуренінде де, қазақ айта­тындай, қатарының алды бол­­ды. Барша торғайлықтардың есен-сау­лық сұрасқанда хал-жа­­йы қашанда «қалыпша» бола­ты­­нына қарамастан, біздің жігі­­тіміз облыстық деңгейдің шең­бе­ріне сыя бермеді, қалыптан тыс мінез танытты. Әлбетте, журна­лис­тік шығармашылығында. Іздем­паз­дығы мен ұмтылысында. Қай­сыбір тақырыптар мен тағдыр­ларды қопара зерттеп, түбіне жете індетуде. Газеттік әрі көркем очерк­тері жалғасын тауып, Алма­ты­дағы «Жазушы», «Жалын», «Қай­нар» һәм «Қазақстан» бас­па­­ларынан бірінен соң бірі жүре­мелете кітаптар болып шығып жатты. Қалыпқа сыймағаны сол, Черно­быль апатының сабақтарын тол­ғаған, зұлмат зардабын жоюшы­лардың рухына арналған «Мәңгілік шер» атты деректі хикаяты кеңес­тік цензура тарапынан қидалана кескіленіп, тең жартысы жарамсыз танылып, күресінге тас­талып, ақыры, «Чернобыль қаһарманы» деген атойшыл атпен жырымдалып шығып, жарым көңіл етіп еді. Бірақ мұндай көрінеу көзге қиянатпен келісе қояр Қайсекең бе, тәуелсіздік таңы ата сала бәрін қайтадан қалпына келтірген. Ал отыз жыл төсекке таңылған, көлік апатына ұшырап, екі аяғы бастырмай сал болып қалса да, тілшілік қаламын тастамай, «Торғайдың Маресьеві» атанған Қалиасқар Түктібаевтың қиын да қияпат тағ­дыры «Мықшеге» деген ғибраты мықты хикаятқа ұласты.

Осындай қалыпқа сыймастық келе-келе Қайсар ағамыздың қағи­дасына айнал­ғандай. Тек өзінің ғана болмысына бек жарасатын қасиет-қағида.

Бірде Қостанай газетінде жазушы Қойшығара Салғараұлы­ның тарихымызды терең қауза­ған «Алтын тамыр» атты кітабына пікір жазып жариялады. Сол-ақ екен, ұлтшылдықты дәріптедің деп кінә тағып, обком қайта-қайта шақырғыштап, қыспаққа алып, жазбаша кешірім сұратпақ болған ғой. Аудандық газетке басшылық­қа жібермек болып алдаусыратқан. Біздің жігіт «Осынша бүлінерлік­тей бүлдірген ештеңем жоқ» деп бопсаларынан жасқанбай, қаса­рысып көнбей қояды. Әйгілі Жел­тоқсан оқиғасынан кейін «қазақ ұлтшылдығы» жаласы жалмаң қа­ға жалаңдап тұрған тұста өр мінезді Қайсар Әлім өзінің ар-намысы мен әділетін осылай қор­ғайды. Дөкейлер мен дөйлерді төм­пештеген сын мақалалары үшін іштен мүжіткен қудалауларға да төтеп берді. Тағы бірде газет басшылары Рудныйдан желпініп жазған сүйекті материалының «очерк» деген айдарын алып тастап жариялаймыз дейді. «Неге өйтесіздер? Бұл очерк қой!» деп қара тентек те дегенінен қайтпай, очеркін қайтып алады да, дереу «Аса құрметті Әзаға! Осылай да осылай болып тұр. Мына материал газет очеркі ме, әлде, жоқ па? Әділ төрелігін айтыңызшы» деп шырылдап Алматыдағы бұрын журналистік жолдан өткен атақты жазушыға хат жазады. Содан не керек, әділ төрелік те айтылады. Ең кереметі, қостанайлық жас журналист Қайсар Әлім мен дүйім қазаққа әйгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықов арасындағы қазақ әдебиетіндегі эпистоляр­лық жанрдың нақты негізін салған, бү­­гінде бірнеше кі­тап­қа жүк болған 34 жыл бойғы үздіксіз, ізгі­лікті һәм игілікті хат­тасулар басталған екен. Со­ның бір жемісі – «Ма­хаб­бат жыршысы» эпис­толярлық хикаят кітабы. Қазірде қа­зақ руханиятында Әз­ағаң мен Қай­секең ара­сындағы рухани туыс­тық, аға­лы-інілі дос­тық, қимас сыйлас­тықтың да дәл сондай екінші бала­масын табу қиын. Бұл феномен әде­би өмір шежіресіне алтын әріп­термен жазылмақ, жазылып та жатыр.

Осы жақсылыққа жетелеген – мінезі. Қызбелдің Қайсарының мінезі қазыналы. Байыпты, батыл, байсалды, парасатты. Мі­нез байлығы ақберен сауыты да, ны­санаға дәл тиер ұшқыр же­бе­сі де бола алады. Атасын сөз­дің өлтірмей айтып салары да бар. Әр-әр кезде белден басқан қай­сыбір министрдің, басқа да бас­тықтардың жөнсіздіктерін тай­салмай беттеріне басатыны қазір аңыз болып кеткен. Соған қарамастан, ағалығы ақжайлау, інілігі ілтипатты екенін де бі­леміз. Достық пен жолдастыққа берік һәм адал. Шығармашылығының да шырайын келтіріп тұрған осы қасиеттері екенін бек аңдаймыз. Жан-жүрегінде туған жерге деген тұнық махаббат. Өт­кен­дегі Қызбел қырандарына, Торғай тола­ғайларына лайықты болуды, ұқсап бағу­ды, сол алыптардың, сол арыстардың, сол абыздардың өнегесін дәріптеуді, солар­дың өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруды мұрат тұтып, алдына мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жету жолындағы табанды мінезі әсте таңырқатпай қоймайды. Жур­налистік қарымы мен жазу­шылық дарынын ұштастыра білді. Күн құрғатпайтын мақала, фельетон, репортаждардың ара-арасында ондаған көркем әңгіме, новеллалар туындап жатты. Тура Әзағаңша сілтеді. Әзағаң айтқандай, журналист-жазушы болды. Сөйтіп, Әзағасының да, әзиз анасының да аманат-сенімін ақтады. Хат таны­ғаннан бастап ұстаған қолындағы қарапайым қаламы өмірлік өнеге-бақытының сиқырлы таяқшасына айналды.

Ұстаздарының басы – «Қазақ­стан пио­нері» газеті, сосын Мұха­меджан Сера­лин негізін қала­ған Қостанай облыстық газеті, бас ақылшысы – бүгінде төрт мың­нан аса кітап жинақталған жеке кітапханасы...деп санайды өзі. Жеке мұрағатында жи­нал­ған жәдігер қазына да кішігірім бір мұ­ражайды толтырғандай. Мұны ұқыпты­лық әлде ыждағаттылық дейсіз бе – еркіңіз. Ыждағаттың көкесін сегізінші сыныптан бастап, яғни алпыс жыл бойы үзі­ліс­­сіз, үздіксіз, жалықпай жазы­лып келе жат­қан күнделік дәптерлерінен көресіз. Күн­делік беттерінен жасөспірімнің, жігіт­тің, журналистің, жазушының, азаматтың, адам­ның өмір тынысын, жүрек лүпілін сезе­сіз. Бала тілшіліктен басталған жар­қын болашақтың, журналист-жазушы­ның ұзақ-сонар ұлағатты жолын елестетесіз. Бұл күнделіктер де бүгінде өз бетінше әде­би ғұмыр кешкен «Өз өрмегім» атты сыр­лы хикаяттар, том-том тартымды кітап­тар әрі алда жазылар көп-көп көркем шығар­малардың қайнары десек те, еш қатесі жоқ.

Журналист еңбегінің өмірді көру, дү­ниені тану, небір ғажап оқиғалардың қай­наған ортасынан табылып, содан түйін түю, сыр түйсіну екенін қапысыз мең­герді. Өйткені Қайсар Әлім қар­шадайынан-ақ өресі биік, өрісі кең, өнері өркеншіл еді. Шынымен де, осыдан жарты ғасыр бұрын Украинаның Херсон қаласында «Қостанай» теплоходының Қара теңізге алғаш түсіріліп жүзуіне куә­гер болу кез келген жас жігіт­тің маңдайына бұйыра берер құр­­мет емес-тін. Ал Сочи қала­сын­дағы Николай Островский мұра­жайында осынау тағдыр-та­лайы өзгеше жазушының әде­би хатшысы болған Каллиста Тер­лец­кая­мен әдейілеп танысуы, та­­ныс­тықты жалғап хаттасуы біл­­мек­ке құмарлық емей немене? Кез келген журналистің өйте бер­мей­тініне де келісерсіз. Мұндай бас­­та­машылдық, тосын жайттарға құштар қы­зығушылық, ізгілік пен имандылыққа деген іңкәр ықылас Қызбелдің Қайсарына ғана тән болмыс даралығы. Кейінірек жер-жаһандағы ең асқақ махаббат рәмізі Тәж-Махалға арнайы сапарлап баруы, Мекке-Мәдинадағы қажылық зияраты, осы сауапты сапарлардан тартымды дүниелер тудыруы су үзілсе де, сүйегі үзілмес өнеге жалғастығы дер едік.

Дей тұрсақ та, бүгінгі қаранар Қайсар Әлімнің журналистік жалынын, қаламгерлік қарымын жалпы жұртқа қапысыз әйгілеген, жаңа қияларға құлаш серметкен, тынысын кеңітіп, әлеуетін әуелеткен – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» болғандығын қадап айтуымыз керек. Шіркін-ай десеңізші, 1991 жылдың 10 қа­занында қазақтың тұңғыш ға­рыш­кері Тоқтар Әубәкіровті Арқа­лықтан 44 шақырым жерде ел газеті «Егеменнің» Торғай облысында­ғы меншікті тілшісі ретінде қарсы алу бақытын еншілегені сірә да естен кетер ме!? Сонда: “Тоқтар, ға­рышта Мәдидің «Қарқаралы­сын» шырқадың ба?» деп шаттана шалқып алғашқы сұрақты қой­ғаны, ертеңгі «Егеменнің» бі­рінші бетінде «Тоқтарлар Торғай жерінде» деген сүйінші репортажды жарқ еткізгені әсте ұмытылар ма?! Сөйтіп, бүкіл қазаққа ортақ қуанышты хабарды халқымызға бас газеттің бетінен Қайсар Әлім сүйіншілеген. Ойпырмай дей­мін, тап осы орайда Қайсар ағата­йым­мен менің де жолым сәтімен түйіс­кендей екен. Өйткені осыдан бір апта бұрын, яғни 2 қазан күні тұңғыш ғарышкерімізді Бай­қоңырдағы айлақта бақылау ала­ңында тұрып ғарышқа сәт сапар тілеп аттандырушылардың қа­тарында мен де болып едім. Әрине, жақсылықты паш етуші журналист ретінде мен де сү­йіншілегем. Одан соң «Алыс та жақын Байқоңыр» атты толғамды мақала жазған­мын. «Байқоңыр балладасы» деген толғау өлеңімде жырлағанмын. Торғай даласында бұдан кейін екінші ғарышкер батырымыз Талғат Мұсабаевты да қарсы алған Қай­секеңмен қаламымыздың бір тақырыпта, қазағымыздың ғасыр­лық қуанышында жарыса жорғалап тоғысуын, ал өзіміздің кейін бас басылымда ағалы-інілі болып табысуымызды да кездейсоқтық дей алмаспын.

Қаламгер Қайсар Әлімнің бас қаһар­маны – Міржақып, басты тақырыбы – Алаштың аймаңдай ардақтылары, жан-жүрегінде алау­лаған сара сағынышы – сұлу сырлы туған жері, қасиетті Торғай то­пырағы, Қызбел, Саға, Сарықопа. Осылай тартылған алтын арқау туған халқының құсни арызын ақтарады, бар қазақпен мұңдасады, сырласады. Туған өңірінің аталас асқаралы перзенті ақталғаннан кейін-ақ Міржақып туралы келешекке жазып қалдыруды өзінің міндет, парызы санады. Отыра қалып Жақаңның Алматыдағы қызы Гүлнәр апайға хат жазып, танысып, ой-мақсатын білдірді. Қайсардай ізгі ниетті жиенді асыл­дың тұяғы алғаусыз айқара құ­шақпен қабыл алған. Ол да Гүлнәр апаймен келе-келе өте жақын ара­лас-құралас болып табысуын өмірдегі үлкен бақытына балады. Содан апай ақтық демін алғанға дейін ұлы рухтың қызметіне қалт­қысыз жүріп бақты, апайы­мен рухани, шығармашыл, туыстық, бауырластық, адами бірлестікте бол­ды. Қиырдағы Карелияның Сос­новец кенті­нен қабірі табылған Міржақып Дулатұлы­ның сүйегін елге әкелу мәселесін көтерген бастамашыл топтың қақ маңдайында болып, осы игі ниет орайымен оңы­нан жүзеге асқанынша тыным таппады, алыс та ауыр сапарға шығып, сауапты істі ба­сынан аяғына де­йін өз қолымен атқа­рысты. Қазақ тарихында теңдесі жоқ мұң­ды экспедиция-сапардың күнбе-күн­гі ше­жіресін маржандай тізіп, арыс­тың сүйегі Қызбел өңірінде мәң­гілік жай тауып да­мылдағанын жұмла жамиғатқа жария қыл­ды. Алаш рухының ұлы жеңісі еді бұл. Сол жеңіс туын тарихшы ғалым Марат Әбсе­метов інісімен бірге журналист-жазу­шы Қайсар Әлім желбіретті. «Мұңды са­пар», «Міржақыптың оралуы» де­ректі сапар­намалық хикаяттары дүниеге келді. Әзағаң­ша пайым­дасақ, «бұлар – өшпес өнеге, қара сөзбен жазылған қайғылы жыр...Карелияға баруы – ерен ерлік, рухани ерлік».

Осылайша Міржақыптанудың жаңа парақтары, белгісіз беттері ашылды. Алаш­тану жаңа белеске көтерілді. Олай дейтін себебіміз, Жақаң жайлы әңгіме қозғалса, Ахаң абыз, Ахмет Байтұрсынұлы айтылмай қалмасы және белгілі. Оған қоса «Аққұм» кімнің әні екендігі де дәлелді, дәйекті зер­деленді. Сонымен қатар Ахаң-Жақаңдармен бір топырақта туған, бұрын аттары аталмай, ғылыми ортаға да, көпшілікке де белгісіз болып келген басқа да Алаш арыстары бар екен. Олар – Сейдәзім Қадырбайұлы және Әлмағанбет Қасымов деген сайыпқыран, білімпаз зиялылар. Міне, осы екі кісі туралы Қайсе­кең Алматыдағы орталық архивтен көпте­ген құнды деректер тауып, ұлт бақыты үшін күрескен арда азаматтар хақын­да «Наркомюст наркескені» һәм «Алашшыл жүрек» деп аталатын, зерделі зерттеумен парапар эсселерінде кеңінен толғап жазды, сөйтіп, Алаш арыстарының, ұлтын сүйген ұлы жүректер қатарын толықты­ра түсті. Ал осы жайларды Алаштануға қосылған үлес деп қалай айтпаймыз? Айтқандай, Алаш дегенде Қайсекең қашан да сөзбен шектеліп қалмайды, нақты іспен қол батырлығын жасайды. Әлі мемлекет қамқорлығына алына қоймаған былтырғы жылдың басында Алматыдағы Ахмет Бай­тұрсынұлының мұражай-үйіне өзінің зейнеткерлік қалтасынан қаржылық шарапатын тигізгенін де білеміз. Өзі қанаттанған Қызбел мектебіне де қарайласып тұрады. Елорда іргесіндегі М.Дулатұлы атындағы
№68 мектеп-лицейге мол кітап қорын сыйлап, сондағы Жақаң мұражайын жәдіргерлермен жабдықтауға көмектесті.

Әлбетте, тынымсыздығы біз­ге мәлім Әлім мұнымен де тоқ­та­майды. Міржа­қып­тың Алагөз­дей сұлу арғымақ ат жаратып мін­ге­нін жыр дестесіндей кестелей тө­гілдіреді. Қазіргі тәуелсіз заман­ның қазағы сияқты, Әлихан, Ахаң­дар мен Жақаңдардың да зәрезап зары жер мен тіл болғанын қадап көрсетеді. Осылайша қазақтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесін абыздарға қосыла астарлай айшық­тайды. Торғай тақырыбы то­лас­тамайды. Міржақып туралы да, қолмерген Кейкі батыр Кө­кем­байұлы жайлы да алғашқы мақа­лаларды «Егемен Қазақстан» газе­тіне Қайсар Әлім жазды. Одан соң кәдімгі Сәбит Мұқановтың «Адас­қандар», кейінгі «Мөлдір махаб­бат» романының кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес – өмірдегі Сұл­танбек пен Бәтима – торғайлық қос ғашықтың қайғылы махаббаты туралы шерлі қисса дастанды да ел аузынан тірнектей жинақтап жазып алып, бір жүйеге келтіріп, оқырманға тасқа басып ұсынуы да Қайсекең атқарған, алғысқа ла­йықты, бағалы әдебиетшілік, жиым­­паздық еңбек. Бұдан әрі Тор­­ғайдың заңғар Асқар Закарині, тұл­­ғалы қаламгер Сабыржан Шү­кір­­ұлы, өзінің досы, халық әр­тісі Әнуар Боранбаев пен ақиық ақын­дар Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбеков һәм басқалары жайын­да да әркез жүрек қалауы­мен те­рең­нен тартып толғауы бір ғанибет.

Әйткенмен, сырбаз Сырбай Мәу­ленов пен ғаламат Ғафу Қайыр­беков ақын­дарсыз Торғай толғауы шертілер ме? «Сыр­ағаң­мен, Ға­фаң­мен бірге жүрген күндерім-ай!» деп қайран сол дәуренді Қай­секеңнің де сағынбай отырар күні жоқ. Қазақ жы­рының қап­талдас қос жүйрігінің туған жерге әрбір келуі мереке ғой. Сол айлапат ағалардың әрбір келісінде қастарында жүрді, тағылым-ғиб­раттарын көзбен көрді, оларға деген ел махаббатын жүрекпен сез­ді. Ыстықтай қапқан осы әдемі әсер­лерді журналист жеделдігі­мен, жазушы суреткерлігімен тас­падай ызылдырып өргенде «Сырбай мен Ғафу» атты кереметтей тартымды, оқырман аса қызығып қабылдаған қос өрім хикаят-эссе дүниеге келген еді. Жеке кітап бо­лып шығып та су­сындатқан, 60 жыл­дығына орайлас жа­рық көр­ген 8 томдық шығармалар жина­­ғының бетін ашқан бедерлі хи­каят. Қос ақынның бірін-бірі көкке кө­терген сый­ластық өнегесімен қа­тар осы өзгеше өрнекті де өре­лі шығармасында ел мен жер­дің қасиетін де қоса өрген еді. Ғафу ақын ғажап «Қызбел сурет­те­рін» суырылған сұңғыла өлең жол­­дарымен нөсерлете төгіл­­ді­­ріп сипаттаса, Ғафаңның нағашысы Қайсар Әлім туған жер­дің тұмса табиғатын, Мекке-Мәдинасындай Қызбелін, Саға­сын, Сарықопасын, Қыземшегін ма­йын тамыза қара сөзбен жырлады. «Қызбел мен Қыземшек», «Қызбел және Қызгер» эсселері Қайсардай перзентінің туған жерді асқақтатқан жыр жалауындай желбіреді. Ғаламат Ғафу ақынның асылтек нағашысы сөйтпесе сүйекке сын емес пе. Осы арада Тәуелсіздік таңын Торғай сапарында бірге қарсы алған Ғафаңның мына қолтаңбасына жүгінсек те болар: «Қалқам Қайсар!

Сен менің өз сүйегім, нағашымсың,

Қазақсың, қара шаңырақ алашымсың.

Өтейден өрт боп туған бауырым едің,

Сол отың жүзге дейін жана тұрсын!

 Ағаң Ғафу. 13.12.91. Арқалық».

Бұл күндерде өзі де жетпіс бес деген ақсақал жасының жотасына шыққан Қайсар ағамыз­дың оты жана беруін біз де тілей­­міз. «Қайсардың қайсарлығы қа­ла­­мында» деп жойпат жазушы Өмір Кәріпұлы тап басып айтса айтқандай, сол қайсар қаламнан туған кітаптар саны отыздан еркін асып жығылады. Сыбағалы сегіз томдықтан кейін «Алашшыл жү­рек», «Безінген ләйлек», «Сыз­дамашы, жүрегім!», «Кәусар», «Се­йілмейтін мұң», «Мекке, Мә­динам менің!», «Егеменнің» лез­демесі», екі томдық «Өз өрме­гім» атты жарқын жүзді жаңа жи­­нақтар оқырман қауыммен жылы қауышқан-ды. Ал әлі боя­уы кеуіп үлгермеген «Қазағын оят­­қан» кітабында Міржақып Ду­лат­­ұлының ғұмырнамалық баянын түгендей жинақтап шыққан. Мұ­ның сыртында күн үзбей жүр­гізетін күнделіктерінің кезекті төрт томдығы баспаға дайын тұр. Соңғы жылдары драматургияға да ат ізін сала бастағаны аңдалады. Алдында Чернобыль апатына бай­ланысты трагедия жазса, «Жұл­дыз» журналының өткен жылғы сегізінші санынан «Алаш қызы» атты әдемі пьесасын оқыдық. Алаш қызы, әлбетте, Гүлнәр Мір­жақыпқызы. Бұған қоса, екі томға жүк боларлық «Міржақып таңы» романының нүктесі қойылып қа­ла­­тын күн де алыс емес­тей. Ал «Әзілхан Халимадан соң» хикая­­тын жуырда аяқтап, тартпасына тығып тастап­ты. Алда – алпауыт жоспарлар. Неткен ­зифа еңбек­қорлық!

Ал енді Қайсар Әлімнің қалам қуаты жайында қазақтың қазіргі маңдайалды жазушыларының бірі Тұрысбек Сәукетаев не дейді екен? Зер салайық. «Қайсекеңнің шығармашылық диапазоны кең-шалқар. Журналистика мен көр­кем әдебиеттің қай жанрына сал­саң да аламанның алдын бермес көк­жұлын Тайбурылдың өзі дер­сің. Не жазса да жанының жалынына орап, барын салып, нәрін сығып жазады. Тіпті қарапайым мақаланың өзінде шүйгін ой мен шұрайлы сөз шырайлана өріліп, шебер қаламның мінез-табиғаты «менмұндалап» ұшқын атып тұ­рады. Мен, әсіресе, Қайсекеңнің көркем шығармалар табиғатын нәзік зерделеп, жүрек лүпілін тамыршыдай дөп басатын қағілез сыншылық талантына тәнтімін. Эстетикалық талдауларындағы кә­нігі сыншылардың өзі балақ тү­ріп бойлай алмас тереңдік, көсі­ліп кеңінен қамтитын құлашты па­йым-парасат қандай! Кейде, әт­тең-ай, жан-жаққа бөлініп-жа­рыл­май, осыншалық қуатты қабі­лет-қарымымен көркем сынды тү­бір­лей індеткенде, өре­лі биікті ба­ғындырар еді ғой деп іштей өкі­­ніп те қоямын». Бұған академик С.Байзақ­ұлының: «Осындай дүбірлі тарихы бар өлкенің адамдарын, жасампаздықтарын жаза­мын деп Қайсардың өзі де тарихи тұлғаға айналып кетті», Мәжіліс депутаты С.Абдрахмановтың: «Қайсекең сол Сыр бойына баспасөз таратуға әдейі сұранған екен. Міржақыптың табаны тиген жерді көрейін, өзінің ұсталған жері де Қызыл­орда ғой деген ойы болған екен. Тарихи ғимараттарды іздестіргені есімде. Бұл енді елді ойлайтын, елдікті ойлайтын азаматтың тірлігі», белгілі сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Тәтіғұловтың: «Астана құрылысының көкжиектерін ашып жазғанның бірі осы Қайсар», деген пікір­­лерін қоссақ, кейіпкеріміздің рухани кел­беті келісті бола түсері хақ.

Иә, нағыз әділ баға. Осындай Қайсар Әлімді құрметке лайық емес деп кім айтар?! Олай болса, азаматымыз жөнімен, жолымен бұйырған атақ, марапаттан да кенде емес, ел ішіндегі абыройы да жетіп артылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Журналистер ода­ғының М. Дулатұлы атындағы сый­лығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика ака­демиясы­ның толық мү­шесі, Торғай және Арқалық қалала­рының құрметті азаматы, есімі Қостанай облысының Құрмет кітабына жазылған деп ұзақ-сонар жалғастыра беруге болады. Тағы бір ғажабы сол, шы­ғармашылық конкурста жеңімпаз атанып, бас жүлдеге жаңа астанадан үш бөл­мелі пәтер алған Қайсекеңнен басқа кім бар дейміз-ау. Өзі ұнататын тағы бір атағы – «Егеменнің» ардаге­рі». Осы ретте және бір шегелеп айтарымыз, бірер жыл төл министрлік пен Ақмола облыстық газе­тінде істегенін қоспағанда, жаңағы жай­саң жетістіктердің бәріне ширек ғасыр бойы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» еңбек ете жүріп қол жеткізді. Оқыр­манның ілтипатын ілді. Біле біл­сек, ең басты марапат та, абырой да сол емес пе.

Қазақтың белгілі журналист-жазушы­сы Қайсар Әлім хақында біздің айта алға­нымыз бір тоғыз, айтып үлгермегеніміз тоқсан то­ғыз. Ендеше, қолдан келместі қау­зай бермей, түйінді сөзді өзіне бе­рейік.

«Тәуелсіздік қаламымызға ты­ныс, екін­ші өмір берді. Жүрек сө­зін жаздық. Ұлты­мыздың мұң-мұқтажын жоқтадық, шын табысын жырладық. Болашақ күн­дерге қазақ қандай күйде жетеді? Тілі қан­дай болады? Ділі қандай болады? Жаһан­данудағы қазақ бейнесі қандай болып кө­рінеді? Мүмкін, осы тұрғыда көп ойла­нып, көп жазуымыз керек шығар!.. Жүре­гің күңіренеді, қаламсабың ақ қағазда жорғалайды».

Осындай аталы да жоталы сөз қалам сертінің Қайсарына бек жарасады!

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты