Қазақстан • 13 Қаңтар, 2022

Маңызды міндеттер күн тәртібіне шығарылды

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзі тарихи сөз болды деп есептеймін. Барлық ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды, ашық айтылды.

Маңызды міндеттер күн тәртібіне шығарылды

Соның ішінде елдің дамуына негізгі өзек болатын экономикалық саясат, оның ішінде өнеркәсіпті, өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өнер­кәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығын субси­диялау мәселелері, сонымен бірге халықтың ең қиналған мәселесінің бірі – инфляцияны, яғни бағаның шарықтауын ауыздықтау мәселесіне байланысты, білім сапасын арттыруға қатысты, халықты толғанды­рып отырған денсаулық мәселе­сі, әлеуметтік жағдайы деген мә­се­лелердің барлығы да ортаға айтыл­ды, сарапқа салынған сали­қа­лы сөз болды деп бағалауға болады.

Бұл біздің жаңа кезеңге көш­­кенімізді білдіретін мәлім­де­ме, халықтың жағдайын жақ­сарту. Бірінші кезекте – елдің тұтастығын қамтамасыз ету, сақтау, егемендікті сақтау, осыған орай, әскерилердің күшін арттыру, ішкі халықты, осы ішкі жұ­мылдыру мәселесі, кешегі қи­ран­дыларды тазарту, қалыпқа кел­тіру, жағдайды реттеу, осы­лар­дың барлығы да өте бір өзекті, ойлы, салмақты және өте қажетті шешімдерді тапсырды.

Үкіметке бірқатар мәселені, қазір екі айдың ішінде осы тиісті шараларды жүзеге асыратынын кезең-кезеңімен белгілеп берді. Сондықтан да халық­тың үміті мен сенімін оятқан, ертеңгі күнге деген осы сенімді орнықтыру ең бір басты мәселе болды. Президент сөзінен осының бәрін аңғардық. Яғни «Қазақстан халқына» деген арнайы қордың құрылатын­дығы белгілі болды. Демек біздің бұрынғы көптеген олигархиялық жүйенің, жасалған былықтардың салдарынан болғандығы бізге баян болды. Сондықтан да мына «Самұрық-Қазына», азаматтарды көп толғандырған «утилсбор» мәселесі, сонымен бірге біраз қиындықтарға апарған бағаның шектен тыс шексіз бетімен кету мәселесі, Ұлттық банкке 3-4 пайыз дәлізін 2025 жылға дейін сақтау мәселесі айтылды.

Тағы бір маңызды нәрсе – аймақтарды дамыту мәселесін­дегі теңгерімді саясаттың бол­мағандығы да ашық айтылды. Осыған орай біздің қазақтың білімді жастарының қатарын, яғни техникалық білімді мамандарды, инженерлерді даярлау мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылды. Және батыс аймақтарда жоғары жетекші оқу орындарының бес филиалын ашу, оның ішінде екі техни­ка­лық бағыттағы жоғары оқу орын­дарының ашылатындығы белгілі болып жатыр. Мұның барлығы да халыққа қуат беретін сөздер деп есептеймін.

Елдің ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. Біз қиындықтан бірге шығамыз. Бірге еңсере­міз. Ұрпақтарымыздың баянды бол­ашағын бәріміз бірге жасаймыз. Қазір азаматтардың Қазақ мемлекеті деген ұғымның төңірегінде бірлесуі, қазақтың атына кір келтірмеуі жөніндегі біздің іс-әрекетіміздің саналы, сындарлы, салмақты болуы өте маңызды.  

 

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор