![Тексерісті еншілес компаниялардан бастау қажет](/media/2022/01/13/6138805618c8b117610730.jpg)
Біздің елде де соған ұқсас холдинг құрылса, мемлекеттің өмір сүру сапасы, экономикалық деңгейі жақсарады деп сендік. Осылайша, Сингапурдың тәжірибесіне негізделген «Самұрық-Қазына» осыдан он бес жылдай бұрын құрылған еді. Ал қазір бұл холдинг еліміздегі ең бай мемлекеттік ұйымға айналды. Оның құрамында «ҚазМұнайГаз», «Қазтрансойл», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомпром», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», «KEGOK» сынды ірі холдингтер топтасқан. Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын құрайды. Демек, ол тиімді жұмыс атқарса, мемлекеттің экономикалық өсімі де қарқынды дамыған болар еді. Алайда ел сенген «Самұрық-Қазына» өздерінің қызметін ойдағыдай атқара алған жоқ. Қордың жұмысының тиімсіздігі Есеп комитетінің есептерінде талай айтылды. Бірақ құлақ асқан ешкім жоқ.
Менің ойымша, қордың негізгі көздегені – елдегі белгілі бір топтардың пайдасы үшін қомақты қаржы көздерін уысында ұстау. Қордың топ-менеджерлері бас айналдырарлық жалақы алатыны, оның сыртында сыйақылары мен бонустары да көп екені талай сынға алынды. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» құрамында болған «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті бар. Қазір ол – жекеменшік құрылымға айналды. Осы университет келісімшарт негізінде қорға қызметкерлерді жұмысқа алу бойынша аутсорсингтік қызмет көрсетеді. Еңбек шарты бойынша жұмыскерлер қызметке алынғанымен олар штаттан тыс жұмыс істейді. Яғни қағаз жүзінде тапсырыс берушінің штаттағы қызметкерлер саны өзгеріссіз қалады. Бұл қордың басында отырғандарға өте тиімді. Келесіде штат санын ұлғайтуды сұрайды да солардың есебінен өздері еселенген сыйақысы мен бонустарын алып, қаржыны талан-таражға салып, алаңсыз жүре береді. Сондықтан алдымен мемлекеттік компанияның корпоративтік университетіне, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларына тексеріс жүргізу керек. Қорды инвестициялық жобаға айналдыру да тығырықтан шығар жол емес. Кейін оның құрамындағы компаниялар жекеменшіктің қолына өтіп, мемлекеттің қаржысы тіптен талан-таражға түсуі мүмкін.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ сатып алулары және барлық ұлттық компанияның сатып алулары «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» заңмен реттелуі керек. Оның барлық процесі жіті қадағаланып, қайта қаралғаны жөн. Түбегейлі өзгеріс керек. Тіпті «Самұрық-Қазынаны» жауып тастаса да болады. Мұндай құрылымның бізге керегі жоқ. Қаншама қаржы желге ұшты? Миллиардтаған қаржының есебін ешкім де білмейді. Ақпарат та ашық айтылған емес. Солардың бәрін тізбектеп, елге ашық мәліметтердің берілгені абзал.
Ғалым БАЙТҰҚ,
тәуелсіз сарапшы