Ел тыныштығы бұзылып, ереуілшілердің іс-қимылдары шектен шығып, қаладағы жағдайды бақылауда ұстау қиындай бастаған кез. Қала тұрғындары үшін қауіп күшейе бастады. Дәл осындай кезеңде елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай жариялаған сәттен бастап, академия бастығы ретінде жедел жағдайда штаб құрып, кеңес өткіздім.
Сосын бірден әрекетке кірісіп кеттік. Сондай-ақ ішкі істер органдарының құқықтық құрылымдары да қаланы содырлардан азат ету қимылдарына көшті. Министрліктің резервтегі күштері – академия басшылығының шешімімен құрылған 111 адамнан тұратын арнайы жасақ, оның ішінде тұрақты құрамдағы 72, ауыспалы құрамдағы 39 офицері мен (№2 факультет тыңдаушылары) Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірден шұғыл қимылдарға кірісті.
Қаладағы маңызды нысандарға бүлікшілер мен деструктивті күштер тарапынан шабуыл үдей бастады. Ереуілшілер қаладағы құқық қорғау құрылымдарының ғимараттарына шабуылдап, маңызды нысандар өртке оранған, бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп күшейген сәтте бар күш-жігерлерін салып, анттарына адал болды.
Министрліктің резервтегі күштері саналатын арнайы жасақ академия офицерлері мен №2 факультет тыңдаушылары Полиция департаментінің гарнизоны, Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге Байтұрсынұлы көшесі мен Бөгенбай батыр, Төле би көшелерінің қиылысында орын алған ереуілшілердің шабуылын тоқтатуға әрекет етті. Түрлі қару асынған, граната, сойыл, таспен қаруланған ереуілшілер полиция жасағын қоршап, ыдыратуды көздей отырып, автокөліктерге, мекемелер мен ғимараттарға шабуылын күшейтті. Түтінге оранған көшелердегі тәртіпсіздікті бұғаттау мен ереуілшілерге тосқауыл жасау қаншалықты қиынға соқса да академия офицерлері өзге де қаруластары, қарулы күш сарбаздарымен бірге қиян-кескі соғыстың бел ортасынан табылды. Осы кезде жасақ сапында полиция полковнигі Олег Цой таяу маңда жарылған гранатадан жарақат алып, бетіне тиген жарықшаққа қарамастан, әскери міндетін жалғастыра берді. Ереуілшілер академия автокөлігіне тас жаудыра бастады. Жүргізуші Серік Ашраханов пен Мүслім Кожановтардың шұғыл әрекеттерінің арқасында әйнегінің сынғаны болмаса, академия көліктері қауіпсіз аумаққа әкетілді.
Жасақтың күштік құрылымын сақтай отырып, ереуілшілерді тоқтату мақсатында полиция полковнигі Айдос Ескендіров пен отрядтың біраз сарбазы Бөгенбай батыр және Масаншы, Қарасай батыр көшесінің аумағын бақылауға алды. Осы бағытпен қозғалып келе жатқанда, жасақ сапынан адасып қалған Ұлттық ұланның мерзімді қызметінің «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығы № 6654 әскери бөлімшесінің әскери қызметшілері Н.Алтынбеков және Е.Алдашевты кездестіріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Құрама жасақ командирі, полиция полковнигі Серік Кененбаевтың тапсырмасымен екі сарбаз күзетке алынып, олардың аман-есендігі жайындағы ақпарат әскери бөлімінің басшылығына баяндалды. Кейіннен жағдай тұрақталған соң ата-аналарына балаларының амандығы хабарланып, әскери бөлімшеге жеткізілді.
Осындай қауырт кезеңде министрдің тапсырмасымен Алматы қаласының штабынан жедел нұсқау түсті. Сол мезетте академия басшысы ретінде дереу тапсырма беріп, полиция полковнигі Серік Кененбаевтың басқаруымен академия қызметкерлері мен №2 факультеттің тыңдаушыларынан жасақталған құрама жасақ министрліктің резервтегі әскерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Қарасай батыр мен Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан Алматы қалалық полиция департаментіне қосымша күш ретінде көмекке келді. Бұл асқан ерлік пен жедел әрекеттердің нәтижесінде болып жатты.
Бұл күндері академияның құрама жасағы үшін Алматы қаласы полиция департаментіне жасалған шабуылды құрықтау оңайға соққан жоқ. Тәулік бойы Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлерімен бірге департаментті басып алу мақсатында шабуыл жасаған бүлікшілердің әрекетіне қарсы тойтарыс берілді.
Департаменттің ішкі ауласын, қызметтік автокөліктерді, тауарлық-материалдық құндылықтарды қорғау, қорғаушы күштерге қару-жарақтарды жасақтау және жеткізумен қатар шабуылдарды, арандатуларды және басқа да қоғам қауіпсіздігіне қарсы барлық іс-қимылдарды бақылауға алдық. Осылайша, жеке құрам қауіпсіздікті сақтай отырып, жеке бастарына төнген қауіпке қарамастан, бірнеше рет бүлікшілер тарапынан Полиция департаменті қақпасын бұзып өту әрекеттеріне қарсы тұрды.
Академия құрама жасақ офицерлері ерліктің, бірліктің арқасында төтенше жағдайға дайын әрі өз міндеттерін қалтқысыз орындауға әзір екендерін көрсетті. Осы күндерде орын алған төтенше жағдай кезінде ІІМ Алматы академиясының қызметкерлері мен №2 факультет тыңдаушылары нақты іс-қимылдарға барып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.
Сондай-ақ өздеріңізге белгілі ҰҚК Шекара академиясы мен әскери клиникалық госпитальға содырлар шабуыл жасаған кезде соның жанындағы Алматы академиясының Назарбаев, 262 даңғылындағы №2 аумағына да шабуыл жасалды. Алайда ол аумаққа полиция полковнигі Талғат Беркинбаев бастаған академия жасағы төтеп беріп, қарсы тұрды. Бұл өз қызметіне адал, антына берік болған жоғары кәсібилікті, әрі батырлықты танытқан ержүрек азаматтардың ісі.
Жедел қызметтік тапсырмаларды қалтқысыз орындап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ІІМ Алматы академиясының құрама жасағы толық құрамда, арнайы жабдықтар мен қызметтік көліктің қауіпсіздігін жауапкершіліктеріне ала отырып, академия аумағына аман-есен оралды.
Офицерлер үшін тынымсыз түндер мен күндер әлі аяқталған жоқ. Казармалық режімде әлі де қарауылдап, жасақпен ел қауіпсіздігі үшін қызметті жалғастыруда. Содырлар тарапынан болуы мүмкін шабуылдар қаупі әлі сейілмей тұр. Деструктивті әрекеттердің алдын алып, мемлекет мүлкін талан-таражға салу мен қиратуға жол бермеу мақсатында академия офицерлері күзет қимылдарын күшейтіп, беріктік танытуда.
Осындай қиын-қыстау кезеңде ел болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі Мемлекет басшысының мойнында. Ал дәл қазір әр азаматтың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіпсіздігінің жалғыз кепілі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын академияның жеке құрамы бүгінгі жағдайда толық қолдайды.
Айдар САЙТБЕКОВ,
ІІМ М.Есболатов атындағы
Алматы академиясының бастығы,
полиция полковнигі
АЛМАТЫ