Қазақстан • 13 Қаңтар, 2022

2022 қаңтары – ел тарихындағы жаңа кезең

2410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы екі-үш ғасырлық қазақ тарихы мынадай тұжырымға негіз бола алады: кез келген халықтың өзін-өзі сақтап, еркін өніп-өсуі оның қуатты ұлттық мемлекеттілігінің болуына тікелей тәуелді.

2022 қаңтары – ел тарихындағы жаңа кезең

Заман сұранысына лайық жаңа мазмұндағы азаттық қозғалыс қалыптастырып, сол арқылы ұлт өмірін жаңа сапаға көтерген алаштық буынның лидері Әлихан Бөкейхан «мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық!» деген тұжырымға келсе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы большевиктер үкіметі берген мемлекеттілікке «біз, қазақтар Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз, ал бұл Республиканың мазмұны біздікі емес қой, оның иесі де біз емеспіз» деп ащы да болса әділін айтты.

Отыз жыл болды, қазақ халқы өз атымен аталатын мемлекеттілік құрылымға бауыр басып қалды. Халқымыз бұл мемлекеттілікті ғасырлар бойы атамекен жеріміз бен ұрпағының болашағы үшін тер төгіп еңбек етіп, өмірін жауымен арпалыста күресте өткізген ата – бабаларынан бүгінге жеткен аманат ретінде қабылдайды. Өйткені мемлекеттілік идеясы мен практикасы ғасырдан ғасырға ұласқан ұрпақаралық сабақтастық жолымен мақсатты еңбек пен күрес нәтижесінде ғана қалыптастық. Жаңа 2022 жылдың алғашқы күндері міне осы мемлекеттілігіміз үлкен қауіпті басынан өткерді.

Қалыптасқан ауыр жағдайда әрбір саналы азамат ортақ құндылығымыз – мемлекеттілігімізге байланысты өз ұстанымын анықтауға тиіс болды. Осындай сын сәтте анық байқалғаны халқымыз ауызбірлік, кемелдік танытты, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «мен халықпен біргемін, ел астанасынан кетпейміз!» деген аталы сөзіне қанаттанды, жігерленді. Аллаға шүкір, елімізде тәуелсіздігімізді қорғауға мүдделі күштердің аз емес екендігі анық байқалды.

Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде үкімет пен қоғам алдында қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдарын белгілеп берді. Осы ретте іргелі де маңызды өзгерістерге әлеуметтік – гуманитарлық ғылым салалары да мұқтаж екендігін айту парыз. Әлгінде ғана еліміздің өмірінде орын алған тектоникалық сілкіністерге отандық ғылым терең талдау жасап, негізді де нанымды тұжырымдар ұсынуға даяр ма? Бұл үлкен мәселе. Соңғы жылдары әлеуметтік – гуманитарлық ғылым саларының өзінің белсенділігін жоғалтып алғандығы баршаға аян. Гуманитарлық профильдегі институттардың атқарып отырған қызметі заман сұранысына жауап бере алатындай деңгейде болғаны ләзім. Ғылыми жобалар арқылы орындалатын жұмыстардың өмірмен байланыс деңгейі екшеуден, сыннан өткені абзал.

Ал мұхитқа шыққан кемеге компас қандай қажет болса, бүгінгі шытырман өзгерістер мен қауіптер арнасында тұрған қоғамға әлеуметтік – гуманитарлық саладағы ғылымдар сондай қажет. Терең рухани дағдарыстан аяғын алып үлгермеген біздің қоғамға оның зәрулігі бірнеше есе арта түспек. Басқаша айтқанда, жас буынға біздің қоғам қайдан шықты, қай жерде тұр, оның алдында қандай міндеттер бар деген сауалға әдебиет және өнермен қатар гуманитарлық саладағы ғылымдар да жауап беруге тиіс. Мұндай қызметсіз қоғамдағы мәдениеттің этикалық мазмұны мен өзегі кеми түсетіндігі кімге де болса түсінікті.

Қорыта айтқанда, бүгінгі іргелі өзгерістер алдында тұрған біздің қоғам жағдайында отандық әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салалары іргелі өзгерістерге мұқтаж.

 

М.ҚОЙГЕЛДИЕВ,

Абай атындағы

ҚазҰПУ

профессоры, тарих ғылымдарының докторы