14 Наурыз, 2014

Шамшырақ

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

IMG_8919

IMG_8905

Бүгінгі күннің бір талабы – өндіріс орнын ашып, табыс табумен қатар кәсіпкерлеріміз өздері өндірген отандық өнім сапасын арттырып, ел мерейін үстем ету. «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында Алматы облысы, Жамбыл ауданының кәсіпкерлері осы үдеден шығып, аталған ауданның жағрафиялық орналасу ыңғайлығын ұтымды пайдалана білуде. Нақтылай түссек, дәл іргесіндегі, яғни елі­міздегі ең ірі мегополис – Алматы қаласындағы сауда орындарына шығарып сату үшін электр жарығын беретін сан алуан лампаларды екі тарапқа да тиімді бағамен тұтастай өткізу жолын инвесторларына дәлелдеп, ірі мөлшерде қаражат тарта білді. Сөйтіп, Түркияның «Teksan Aydinlatma Dis Ticaret Ltd Sirketi» компаниясының әлемге танымал 5000 түрлі электр жарығын беретін лампаларының 174 түрі Жетісу жерінде өндіріліп, рынок­қа шығарылған еді. Енді Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Би­гелдиевтің қамқорлығымен өн­діріс орнының жер телімі кеңей­тіліп, заңнама шеңберінде әрекет еткен зауыт электр жары­ғын бе­ретін лампалардың 1000 тү­рін шығаруға мүмкіндік ал­ды. Жалпы, жетісулық зау­ыт өнімі сапалылығымен бір­­ге үнемшілдігімен һәм зама­на­уи­лығымен, жарық­ты­ғымен ерек­шеленеді. Тағы бір айта кетер ақ­парат, әлемдік деңгейде жоғары жетістікке жеткен компанияның филиалы болып ел заңнамасына сәйкес Алматы облысы, Жамбыл аудандық әділет департаментінде «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС 2011 жылдың 20 қазанында заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы құжат алған. Бұл анықтама да біраз жайтты аңғартса керек. «Махаббат Бигелдиев Жам­был ауданына әкім болып та­ғайындалған бір жылдан астам уақыттан бері тұрғындармен бірлесе бірқатар шаруаның басын қайтардық деуге негіз бар. Осыған дейін өндіріс орнында 135 адам жұмыс істесе енді өндіріс орнын кеңейтіп соған орай қосымша тартылатын инвестиция көлемін өсіріп 200 адамды тұрақты жұ­мыс­пен қамтамасыз етеміз. Ең төменгі айлық жалақы 45000 теңге болады. Тәжірибелері толысып, еңбек сапасын арттырған жұ­мысшыға елу-алпыс мың тең­геге дейін айлық жалақы төле­нетіні өз алдына. Зауытқа көр­ші ауылдардан қатынап ең­­бек ететін жұмысшыларға арнайы автобус бөлінген. Бар­лығы жұмыс киімімен толық қам­ты­лып, тәулігіне екі рет тегін та­мақ­тандыру да зауыт есебінен өтелуде», деді «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС бас директорының орынбасары Жөкен Аятаев. «Жалпы, электр жарығын бе­ретін лампаларды шығаратын зауытымызға қажетті темір Қа­рағандыдан арнайы өлшемдер бойынша кесіліп жеткізілсе, құд­ды бұршақ іспетті желім өнімдері Тайваньнан әкелінеді. Екі жарым жылдан бері өндіріс орнын­да қажеттіліктің барлығын өтеп тұрған құрал-жабдықтар Жа­пония, Германия, Түркия мем­лекеттерінен алынып, орнатылды. Бұл қондырғыларды басқаруды қазақстандық жұмыскерлерге жан-жақтылы үйрету үшін шетелден келісімшарт бойынша 4 маман келген еді. Бүгінде олар 20 адамды жұмыс барысында оқытып та, үйретіп те өз орындарына дайындауда. Міне, сол 20 маман көкейлеріне түйіп-білгендерін өзге жұмысшыларға біртіндеп үйретуде. Шетелден әкелінген сапалы құралдармен бұршақ іспетті түйіршіктелген түрінде қапқа салынып жеткізілетін желімдерді балқытып, қажетті қалыпқа сай өлшеп құйып, сан алуан мөл­шер­дегі темірлерге бекітіп 174 түрлі электр жарығын беретін шамдар шығарудамыз. Шығарылған өнімді менеджерлер тапсырыс бойынша келісілген орындарға жеткізіп береді. Айта кетер тағы бір жайт, осыған дейін зауытымызда өндірілген 174 түрлі электр жарығы лам­паларының ұзын саны енді «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, 1000 түрге жеткізілетін болды. Халықаралық талапқа сай оқып, біліктіліктерін көтерген мамандардың тексерулерінен өткен соң, өнімнің тиесілі жеріне зауыт белгісі басылып, белгілі уақытқа дейін жарамдылығын танытатын кепілдік беріледі. Егер мыңның бірі жазатайым жарамсыз болып жатса сараптамалық мекеме тексеруінен өткен соң, зауыт кемшілігінен кеткен өнім қолма-қол заттай алмастырып беріледі. Шыны керек, қазірге айта қоярлықтай кемшілік жіберілген жоқ. Оған зауыт өнімдеріне сұраныстың күннен-күнге артуы дәлел болады», деді «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС бас инженер-электригі Нұрмұхан Мәделиев. Негізі Қасымбек, Ұзынағаш, Мыңбай, Фабричный, Үшқоңыр ауылдары тұрғындарының басым бөлігі аталған зауытта жұмыс істейді. Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтің үнемі назарында ұстап, қолдауымен салынған заманауи балабақшаға балаларын ертелетіп апарып кіргізген соң, арнайы автобуспен өндіріс орнына келіп жұмысына кіріседі. Уақыт талабына сай зейнетақы қорларына да тиесілі мөлшерде өз қаражаттары аударылып, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайта түскені тағы бар. Құрбан айт, Ораза айт, 22 наурыз және тағы басқа мерекелердің барлығында зау­ыт жұмысшыларына сыйлықтар тарату дәстүрге айналған. Қорыта айтқанда, өңір экономикасын дамытқан үстіне дамыта түсіп, елдің әлеуметтік жағдайын жақ­сарту  жамбылдықтардың басты ұстанымына айналған. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Жамбыл ауданы.