Қоғам • 13 Қаңтар, 2022

Жыры бітпеген LRT

1969 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздегі атышулы жемқорлық ісі қайсы десе, бірден Астана LRT еске түсері анық. Президент жақында жариялаған мәлімдемесінде де елорда көркінің құтын қашырып тұрған бетон тіректер елдің де беделіне де нұқсан екенін, бұл жобаның өн бойынан жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрғанын атап айтты. Ұзақ жылдан бері бітпейтін дауға айналған жеңіл рельсті көлік жобасының ендігі «тағдыры» – отандық сәулетшілер мен урбанистердің қолында.

 

Жыры бітпеген LRT

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жеті әкімге де «жеңістік бермеген» жеңіл рельс

Сонау 2005-2006 жылдары елорданың бет-бейнесін өзгелерден ерекшелейтін ерекше жобалардың бірі ретінде Астана LRT да ұсынылғаны мәлім. Ел­ба­сының тапсырмасымен оның техникалық-экономикалық не­гіз­демесін сол кездегі шаһар әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырды. Міне, содан бері жеті әкім ауысыпты. Жетеуіне де жеңіл рельс жеңістік бермей келеді. Жетін­шісі – қазіргі бас қаланың бас­шысы Алтай Көлгінов. Оның алдын­да әкім болған Бақыт Сұл­танов жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқ­талады деп айтып қалғаны есімізде. Бі­рақ сол жылдың сәуір айын­­да жоба құрылысы мүлде тоқ­тап қалғаны белгілі болды. Ал былтыр әкім А.Көлгінов «Жоба­ны түбі аяқтаймыз. Қазір банк­тер­мен жұмыс істеп жатыр­мыз. Ке­лі­сім­шартқа қол қойылған кез­де нақты ақпарат береміз. Әзір­­ше еліміздегі екінші дең­гей­лі банк­­терден 3,25 пайызбен об­­ли­­гация­лық қарыз алу бойын­ша жұ­мыстар жүргізіліп жатыр» де­ген еді журналистерге берген жауа­­бында. Содан бері бұл даулы м­ә­­селенің көтеріліп тұрғаны осы.

Не десек те жеңіл рельс жоба­­сы­ның жолы ауыр болды. Қазақ­қа өте қымбатқа түсті. Әу бас­та күмәнді жобаның соңы тығы­рық­қа тіреді. Осы бір бетон тірек­терді «тірілту» үшін билік не іс­те­меді десеңізші?! Қыл аяғы құры­лыс алаңының басына мал со­йып, құран да бағыштады. Бірақ одан жансыз бағандар «жанданып» кеткен жоқ, сол баяғы сұр қаңқалар міз бақпай әлі тұр.

Жоба елімізді миллиард­таған шығынға батырып кетті. Оның сыртында шет мемлекеттерден аста-төк кредит ал­ғаны­мыз тағы бар. Соңында Ұлт­т­ық банк төрағасы Ерболат Досаев жоба­ға қатысты қар­жыны іздес­тіру жұмыстары жалғаса бере­ті­нін, бірақ депозиттерге са­лын­ған қыруар қаражаттың қай­­тарылуы 30-40 пайыздан ас­пайтынын, қалған миллиард­таған қаржыны мем­лекеттің шығынына жатқызу­ға тура келе­тінін мәлімдеді.

Соңғы он бес жылда әлем елдері 80-нен астам жеңіл рельс­ті көлік желісін салып тас­тады. Астана LRT жобасының бас­­талғанына да –16-17 жыл. Бі­рақ жемқорлықтың кесірінен біз әлі бір жобаның түбіне жете алмай отырмыз. Шет мемле­кеттер­мен салыстырғанда Қазақстан­дағы жеңіл рельсті көлік жобасына әлдеқайда көп қаржы жұмсалған. Интернеттегі ашық дереккөзге сүйенсек, Ыстанбұл мен Барселона сияқты мегаполистерде салынған жеңіл рельс­тің бір шақырымына шама­­­мен 17 млн доллар кеткен. Ресейде салынып жат­­қан осын­д­ай жобаның бір шақы­ры­­мы­на 20 млн доллар қар­жы тар­тыл­ған. Ал Нұр-Сұл­тан қа­ла­сын­дағы жобаның бір ша­қы­­рымы 49 млн долларға ба­ға­­ланып отыр. Ол ақшаның өзі мақ­сатты жұмсалмады: қо­мақты қаржы «тістегеннің аузын­да, ұстағанның қолында» кетті.

 Құрылысты саламыз ба, бұзамыз ба?

Астана LRT жобасы елді шы­ғынға ғана батырған жоқ. Осы бетон бағандар елорданың көркіне де нұқсан келтірді. Кең көшені тарылтып, Есілдің оң жағалауына да, сол жағалауына да мықтап орныққан бетон қаңқаларды билік өкілдері не істерін білмей дал. Құрылыстың тамтығын қалдырмай бұзайын десе, оның бағасы құрылыс салғаннан да қымбатқа түсе­ді екен. Сондықтан Мемлекет бас­шысы отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді тартып, бір шешімге келуді тапсырды. Сол-ақ екен, қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі жеңіл рельс­ті көлік желісін аяқтау керек десе, енді бірі экономикалық жағы­нан тиімсіз, өзін өзі ақта­май­тын жобаны біржола сүріп тастау керегін айтып жатыр.

Ал белгілі кәсіпкер, BI GROUP холдингінің басшы­сы Айдын Рахымбаев Facebook парақ­шасында LRT құрылы­сын ком­пания есебінен тегін сүру­ге да­йын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бетон тіректер­дің бәрін бұзудың қажеті жоқ, тек көшелер мен жолға, тұрғын үй­лерге бөгет болып тұрған тұсын ғана бұзу керек.

«Қала көркіне сын болып тұрған бетон тіректерді алып тастау туралы ойымды таза пат­риоттық тұрғыдан айттым. Ешқандай да экономикалық пайданы көздеп отырған жоқ­пын. Мысалы, LRT құрылы­сын аяқ­тауға шамамен 1,5 млрд доллар кетеді, оның үстіне бұған дейін жұмсалған 300 млн долларды қосыңыз, сонда кеткен шығын 1,8 млрд долларды құрайды. Ал жобаны ұстап-күту жұмыстарына жылына 50 млн доллардай қаржы жұмсалады. Тіпті жеңіл рельсті көлікті пайдаланушылардан түскен қаржының өзі осы ақшаның бір бөлігін де жаба алмайды. Сондықтан құрылыстың жарты бөлігін бұзған дұрыс» дейді А.Рахымбаев. Кәсіпкер кейбір бетон бағандарды қаланы абат­­тан­дыруға пайдалануға бола­ты­­нын жеткізді. «Есілдің сол жағалауында салынған баған­­дарды жазғы және қысқы спорт­қа арнап жасақтау керек. Жазда веложолақтар болса, қыста шаңғымен жүретін жол­­ға айналдырса, тиімді. Ал стан­­са­лар ретінде белгіленген орын­­­дарға дәмханалар мен дема­­ла­тын аллеялар ашу қажет. Біз бұл жұмыстарды атқару­ға әзір­міз. Болашақта халық­тың саны көбейген сайын қо­сым­ша жолдар қажет болады. Сон­дықтан халық тығыз орна­лас­­қан аудандарда LRT жолдарын жал­­ғастырған дұрыс. Келе­шек­те біз­ге ол керек болады. Өйт­кені электро­мобильдер сияқты көлік­тер көбейеді. Сол кезде же­ңіл рельсті көлік – өзін өзі ақ­тай­тын жобаға айналады», дейді А.Рахымбаев бізбен әңгімесінде.

Ал экономист-сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, Астана LRT – әу баста даулы әрі эко­номикалық жағынан тиімсіз күрделі жоба болған. «Жобаның экономикалық тұрғыдан өзін өзі ақтамайтыны белгілі еді. Бірақ қаншама қаржы жұмсалған­нан кейін құрылысты аяқта­ған дұрыс. Қайта бұл жоба Үкімет­ке үлкен сабақ болды. Енді осын­­дай ірі инфрақұрылымдық жо­ба­ларды қолға алған сәтте «же­ті рет өлшеп, бір рет кес­кен» жөн. Жал­пы, кез келген жоба әлеу­мет­тік-экономикалық тұр­ғы­дан жан-жақты зерттеліп, әб­ден сүз­гі­ден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылуы керек», дейді сарапшы.

 Бізге – жұмбақ,

заңға – қайшы

Ел арасында бұл бағандар­ды «жем­қорлық ескерткіші» дейді. Айтса айтқандай. Ұзақ жыл­­дарға созылған нағыз жем­қор­лық оқиғасы болды бұл. Бұл істің жұмбағы да көп болып тұр. Осыған қатыс­ты жеті адам сотталғаны бел­гілі. Екеуі – Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке ха­лық­­­ара­лық іздеу жариялан­­­ды. Алайда былтыр күзде депу­тат Мақсат Раманқұлов сол күдік­тілерді ұстау шара­лары­на, тіпті Интерполға тіркел­геніне күмән келтірген еді. «Ха­лықаралық іздеу жария­лан­ған жемқорлардың Интер­полдың тізімінде барына күмәнім бар. Өйткені олар­дың отбасының мүшелері емін-ер­кін шетелде өмір сүріп жат­қаны әлеуметтік желілерде анық бай­қалып тұр. Жазбалары соны аңғар­тады. Қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылғандар елден ұр­ла­ған мил­лиардтаған ақшасын еркі­­мен жұмсап жүр. Демек, қар­жы қайтару мәселесі де кейін­ге қа­ла­­тыны анық. Шетелде заң­сыз ас­­қан ақшаны сол ел тәр­кілеп алуы да мүмкін. Осы жағын да еске­ру қажет», деген еді депутат Бас про­курорға жол­­­­даған сауалында.

Ал жақында ҰҚК-ның бұ­рын­ғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұс­тал­ды деген ақпараттан ке­йін әлгі халықаралық іздеу­де жүрген, Astana LRT жоба­сын­дағы қар­жы­ны жымқырды деген күдікке ілінген Қанат Сұл­танбеков Facebook парақ­шасында жазба жа­риялады. Онда ол: «Мәсімов, сіздің нелік­тен Astana LRT жобасын тер­геуге қат­ты кедер­гі кел­тір­геніңіз жә­не өзі­ңізге беріл­ген барлық би­лік­­ті пай­дала­нып, «жобаның ақ­ша­­­сын ұр­лады» деп бар айыпты ма­ған арта салғаныңыз түсі­нікті болды. Сіз 2015 жыл­дың желтоқ­са­нында осы жобаның несиелік құ­жат­тарына қол қой­ған кезде Қытай даму банкі­нен несие алу­дың бастауында тұрдыңыз» деді.

Міне, осы секілді әртүрлі жұмбақ жағдайлардың бәрі Астана LRT жобасының тым былығы көп іс екенін аң­ғар­тады. Не десек те бұл жобаға қатысты біржақты ше­шім тезі­рек қабыл­данғаны жөн. Әйт­песе бетон тіректердің «қазақ­стандық Стоунхендж» болып, жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын түрі бар.