Былтыр қос қандасымыз үшін де табысты болды. Атап айтсақ, Ғұсман Будапештте өткен әлем чемпионатында күміс медальды олжаласа, Елдос Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола жүлдені еншіледі. Десек те жерлестеріміздің арасындағы ең үздік нәтиже Жансай Смағұловқа тиесілі. 73 кило салмақта күш сынасып жүрген қазақ балуаны 8-орынға тұрақтады.
Ал «Қазіргі кезде қай мемлекеттің қарқыны күшті?» деген саулға келер болсақ, ең бірінші кезекте Ресей мен Грузия дзюдошыларын атап өткен жөн. Бүгінде ресейліктер арасынан 100 кило салмақтағы Арман Адамян мен +100 кило салмақтағы Тамерлан Башаев алдына жан салмаса, грузиялықтар қатарында 73 кило салмақтағы Лаша Шавдатуашвили мен 81 кило салмақтағы Тато Григалашвили шашаларына шаң жұқтыратын емес. Сондай-ақ әлемдік рейтингте көш бастап тұрғандар қатарында тайпейлік Янг Юн Вей (60 кило), кореялық Ан Баул (66 кило) және өзбекстандық Давлат Бобонов (90 кило) бар.
«ТОП-10» дзюдошылардың тізіміне зер салсақ та, жоғарыда аталған қос елдің өрендерінің өзгелерден көші ілгері екенін аңғару қиын емес. Ресейде Арман Адамян мен Тамерлан Башаевтан бөлек, Яго Абулазде (60 кило, 2-орын), Инал Тасоев (+100 кило, 3-орын), Рамазан Абдоллаев (60 кило, 7-орын), Якуб Шамилов (66 кило, 8-орын), Алан Хубецов (81 кило, 8-орын) және Махатбек Махматбеков (73 кило, 10-орын) пен Михаил Игольников (90 кило, 10-орын) озық ондықтың санатында. Грузияда Лаша Шавдатуашвили мен Тато Григалашвилиден бөлек, Важа Маргвелашвили (66 кило, 2-орын), Лаша Бекаури (90 кило, 4-орын), Варлам Лапертелиани (100 кило, 4-орын), Гела Заалишвили (+100 кило, 4-орын), Гурам Тушишвили (+100 кило, 6-орын), Бека Гвиниашвили (90 кило, 9-орын) және Илия Сулманидзе (100 кило, 9-орын) сол межеден көрінді. Яғни әрқайсысының 9 өкілі үздіктер санатында.
Жапония құрамасының да қарқыны жаман емес. Күншығыс елінің бірде-бір өкілі әлемдік рейтингте көш бастамағанымен, есесіне жетеуі «ТОП-10» балуанның қатарында. Олар – Наохиса Такато (60 кило, 3-орын), Хифуми Абе (66 кило, 4-орын), Кокоро Кагеура (+100 кило, 5-орын), Аарон Вольф (100 кило, 7-орын), Кента Нагасава (90 кило, 9-орын), Сойши Хашимото (73 кило, 6-орын) және Шохей Оно (73 кило, 9-орын).
Әрине, олардың бұл табысына еш таңдануға болмайды. Себебі бұл мемлекеттердің дзюдошыларының барлығы да халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Мәселен, былтыр Токио Олимпиадасында жапон жігіттері 5 алтын алып, жергілікті жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Алақандай Гүржі елінің қырандары 1 алтын мен 3 күмісті қанжығаларына байласа, ресейліктер екі қоланы қоржынға салды.
Олимпия ойындарының алдында ғана жалауы желбіреген Будапешттегі әлем чемпионатындағы аталған командалардың көрсеткіштері мынадай: Жапония – 2 алтын мен 1 қола; Грузия – 1 алтын, 1 күміс және 2 қола; Ресей – 1 алтын, 1 күміс және 1 қола.
Сондай-ақ әлемдік рейтингтің үздік ондығына мына елдердің татами шеберлері еніп отыр: Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан – 4, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Моңғолия – 3, Франция, Молдова, Италия, Швеция, Нидерланд – 2, Тайпей, Беларусь, Түркия, Аустрия, Испания, Мажарстан, Германия, Португалия, Канада, Израиль, Бразилия, Чехия, Тәжікстан және Украина – 1.
Қазақстан құрама командасы мүшелерінің үшеуі «ТОП-10» дзюдошы қатарында екенін жоғарыда айттық. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміз өз жанкүйерлерін өрелі өнерімен қуанта алмай жүр. Мәселен, осы күнге дейін татамиге шығып жүргендер арасынан Ислам Бозбаев (90 кило) – 18, Ерлан Серікжанов (66 кило) – 22, Дидар Хамза (81 кило) – 32, Ерасыл Қажыбаев (+100 кило) – 33 және Айбек Серікбай 64-орындарды қанағат тұтуда.
Республикалық федерацияның басшылары мен ұлттық құрама бапкерлері алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аударады деп үміттенеміз.