Талай боздақтың өмірі құрбан болған қантөгіс кезінде де, Президент басшылығымен тәртіп орнатыла бастағанда да миллиондаған азаматтың биік жауапкершілігін, ынтымағын және отансүйгіштігін көрдік. Халықтың бірлігі мен сенімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа батыл шешімдерді уақтылы қабылдап, оларды орындатуға жағдай туғызды.
Президенттің кешегі баяндамасы ең жоғары мінберден айтылған ең өткір бағасымен, ел мен жер байлығын халық игілігіне пайдалануға, тәуелсіздікті қорғауға бағытталған өзекті шешімдерімен көңілге сенім ұялатты.
Ол шешімдерді жүзеге асыру жаңадан жасақталған Үкіметке сын. Аз күнде тез есейіп, өзінің қуатымен қатар жауапкершілігін сезген қоғам да, тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді қорғауда бар жауапкершілікті алып, көш бастаған Президент те Үкімет пен әкімдер жұмысын жіті бақылап, қажет кезде түйін түйері сөзсіз.
Қазіргі қысылтаяң кезде шұғыл шараларды қажет ететін ырғақты жұмысты тез бастау үшін қолда бар адамдарды пайдаланғаны да түсінікті. Олардың әрқайсысы да болған оқиғалардан сабақ алып, қоғаммен бірге өзгерді деп үміттенемін. Сын сәттердегі ұстанымдары да тағайындау туралы шешім қабылдарда ескерілген болар.
Үкіметтің алғашқы отырысын көрдік. Білуімше, басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде өткен алғаш үкімет отырысы. Енді экономиканы көтеріп, халықтың тұрмысын жақсартуда еңбектері жемісті болуына тілектеспін.
Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп, жағдайды қалпына келтіріп, Қазақстанымызды тұрақты дамытуға атсалысуды азаматтық парызымыз деп санаймын.
Қордаланған мәселелерді шешуге септесетін нақты ұсыныстарымыз болса, Президент пен Үкіметке жолдайық.
Халық әлеуетін ел игілігіне пайдалануға жағдай туғызатын саяси реформалар да дайындалып жатқанын, олардың қоғаммен, сарапшылармен талқыланған соң жарияланатынын Президент хабарлады. Олар билік тармақтары тепе-теңдігі, сот тәуелсіздігі мен әділдігі, Парламент пен мәслихаттағылардың халық өкілдері болуын қамтамасыз ету, сөз бен жиналыс бостандығы секілді бағыттарды қамтиды деп сенемін.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асуы үшін де саяси реформалар қажет. Себебі халықты есту қабілеті мемлекеттік аппарат пен биліктің кәсібилігіне байланысты болса, халықты естіп, түсінуге деген ынта мен құлық лауазым иелерінің тағдырын халық пікірімен байланыстыратын саяси жүйеге тәуелді. Осы реформалар туралы ұсыныстарды енгізіп, оларды талқылауда азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың саяси пікірталасты жасампаздық сайысына айналдырып, оң өзгерістерге мұрындық болуларына тілектеспін.
Бұл – біздің кешегі қантөгісте шейіт болған боздақтар мен тәуелсіздікті аңсаған ата-баба аруағы және болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз.
Әлихан БАЙМЕНОВ