14 Наурыз, 2014

Ғылымға сүйенген серіктестік

369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Талғар ауданының Панфилов ауылдық округінде орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС-нің жұ­мыс істей бастағанына биыл 12 жыл толмақ. Серіктестік иелігінде 21631 гектар жайылым жері, 13998 бас қой, 2528 бас ірі қара, 637 жыл­қы, 131 түйе бар. Осы малдардың бәрін бағып, күтумен қатар, олардың төлі мен өнімінің сапасын көтеру мақсатында «Байсер­ке-Агро» ғылыми-өндірістік оқу орталығын құрған. Мұндағы әрбір ғалым мен білікті маман өзіне тапсырылған жұмыстың өнімді болуына жауап береді. Ғылымды басшылыққа алып, көпке үлгі боларлықтай жұмыс тындырып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен ғылыми-өндірістік оқу орталығының құрылтайшысы – Парламент Мәжілісінің депутаты Темірхан Досмұханбетов. Енді серіктестіктегі ғылыми бағыттағы жұмыстардың кей­біріне тоқтала кетейік. Сүтті әдеттегі сауын сиырлар­дан төрт есе көп беретін, асыл тұқымды 378 бас «голштейн» сиы­рын сонау Канада мемлекетінен жеткізді. Бұл асылтұқымды сиыр­ларға төленген қаржының біраз бөлігін мемлекет тарапынан берілген демеу қаржы жапты. Мем­лекетіміздің қамқорлығы­ның арқасында күніне 30 литрден астам сүт беретін асыл тұқымды сиырлар бұл күндері «Байсерке-Агроның» Талғар ауданының Панфилов ауылдық округіндегі жаңа жобада салын­ған мал базасында күтіліп, ба­ғылуда. Асылтұқымды сиырларды шет­елде іріктеп сатып алудан бас­тап, барлық жұмыстарда ғылыми нұсқаулықтар тікелей басшылыққа алынды. Бұл ретте, биология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Ағыбай Смағұловтың бас­шы­лығындағы ғалымдардың қосқан үлесі орасан зор болды. Әкелінген асылтұқымды сиырлар тұяғынан бастап жүніне дейін жіті тексеруден өтті. Асылтұқымды сиырлардың берері мол. Бір сиырдан күніне орташа есеппен 30 литрден сүт сауылса 365 күнде 10 950 литр сапалы сүт өндіріледі. Бір литрінің сатылу бағасы 100 теңгеден ай­нал­са, бір сиыр жылына 1 095 000 теңге кіріс әкеледі. Сонда бұ­­­зау­лайтын 240 сиырдан бір жыл­да 262 800 000 теңге жалпы кіріс кіреді. «Байсерке-Агро» серіктес­тігі мен оның ғылыми-өндіріс­тік оқу орталығы ауыл ша­руа­шылығының барлық жұмыс­та­рын ғылым талаптарына сай ұйым­дастыру арқылы үлкен жетіс­­тіктерге жетуде. Атап айт­қан­да, майбұршақтың әр гектарынан басқа жерлерде көбінесе 15-20 центнерден өнім жиналып келсе, «Байсерке-Агро» ЖШС мен оның ғылыми-өндірістік оқу орталығы 2013 жылы әр гектар майбұршақтан 60 центнерден өнім жинап, рекордтық көрсеткішке ие болды. Ғылым мен өндірісті тығыз байланыс­тыру осындай биік көрсеткішке жеткізді. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларынан бастап серіктестікте бұзаулаған асылтұқымды сиырларды роботпен сауу басталады. Бір роботпен күніне 60 сиырды екі уақыт сауып үлгереді. Яғни 4 сауыншының жұмысын бір робот атқарады. Ал әр сиыр күніне орташа есеппен 30 литр сапалы, майлылығы жоғары сүт береді. Швейцариядан әкелінген роботтың артықшылығы – оның «ақылдылығында». Мысалы, сиырды сауып жатқан кезде сүттің майлылығы мөлшерден төмендесе, не сапасында бір кінәрат белгі берсе сүт автоматты түрде басқа түтікшеге ауыс­тырылып, жинақталып жатқан сапалы сүтке қосылмай, жеке арнайы ыдысқа құйыла бастайды. Сонда сапалы сүт пен сапасы төмен сүт араласпайды. Бұл бүгінгі ғылымның ерен жетістігі. Осы жетістікті өз өндірістерінде пайдалануға дайын отырған ұжымның технологиялық жетіс­тіктеріне дән риза боласыз. «Байсерке-Агро» ЖШС мен ғылыми өндірістік орталық басшылары жер астында 2000-3000 метр тереңдікте қайнап жатқан суды игілікке пайдалануды былтырдан бері қолға алды. Жаркент қаласынан 30 шақырымдай қашықтықтан жерді терең бұрғылаған соң ыстық су өз қысымымен жер бетіне атылып шықты. Ыстықтығы – 96 градус. Бұл дегеніміз Алланың адамдарға берген тегін мол байлығының бірі ғой. Бір тонна суды 96 градустық ыстықтыққа жеткізу үшін көмір, немесе электр энергиясы кетер еді? Осы суды серіктестік жылыжайда өнім өндіруге пайдаланбақ. Мұндағы негізгі мақсат – осы жылыжайда қыс айларында өсірілген көкөністердің өзіндік құнының көмірмен не электр қуатымен жылытылған жылыжайда өсірілген көкөністерден 40-50 пайызға арзан болатыны. Жалпы, жылыжай өсірушілердің шығынының көбі суды жылытуға жұмсалады. Оны жылыжайда көк­өніс өсірушілердің тәжіри­бесінен көріп жүрміз. Серік­тестікте іске асырылып жатқан басқа да ғылыми жаңалықтар аз емес. Садық ЖҰМАБАЙ, журналист. Алматы облысы.