14 Наурыз, 2014

Волга халық хоры – Оралда

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның батыстағы қақпасы Орал өңірінде Ресейдің шекаралас облыстарымен мәдени-рухани байланыстар жүйелі жолға қойылған. Екі ел арасында осылайша мәдениет пен өнер шеңберіндегі интеграциялық қарым-қатынастар жылдан-жылға нығайып келеді. Осындай мақсатпен өткен аптада облыс орталығында Самара қаласының Петр Милославов атындағы мемлекеттік Волга орыс халық хоры тамаша концерт берді. Хор-1 Халықтық қайнармен суа­рылған өнер туындысының қай-қайсысы да адамдардың жүрегіне жақын келеді. Ұлттық бояу мен колоритке толы шығармалар сезім пернесін дөп басып тың­даушылардың көңілдерін көкке көтеріп, қиялдарын қияға қа­лықтатады. Өнер атаулының күллісінде шекара деген түсінік мүлдем болмайды. Бұл әр ел­дегі, әр ендіктегі адамдарды жа­қындастыра алатын таптырмас тұтқа. Самаралық өнерпаздардың Оралдағы концерті де осы ақиқатты одан әрі шегелей түскендей әсер қалдырды. Сахна шымылдығы жабылған соң Волга орыс халық хорының көркемдік жетекшісі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Владимир Похомов газет тілшісіне өз ой-пікірін былайша жеткізді. – Қазіргі күні өнер ұжымда­рында ұлттық құндылықтарға ба­сымдық беру үрдісі бірінші кезекке шығып отырғанына қуанамыз. Біз де концерттік нөмірлерді осы ыңғаймен іріктеуге тырыстық. О бастағы ұлттық тамыры мен қадір-қасиетінен айрылған туындылардың бәйгесі алысқа бара алмайды. Сондықтан, мәдени байланыстарды ұдайы жалғастырып келе жатқан Ресей мен Қазақстанның өнер шеберлері ортақ халықтық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырса бұл шығармалардың ғұмыры өшпейді. Оның үстіне қазір көршілес екі елде де халық шығармашылығына деген қызығушылық пен мүдделіліктің артып отырғаны көңілге үлкен сенім туғызады. Бүгінгі екі бөлімнен тұратын үлкен концертте де батысқазақстандық бауырларымыз бізге үлкен серпін берді. Бек ризамыз, көп рахмет! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. –––––––––––––– Суретте: Волга халық хорының концертінен көрініс.