Қоғам • 16 Қаңтар, 2022

Бүлдіргі ағым болмысымызды күйретеді

397 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Таяуда Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Облыс аумағындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары» мәселесі қаралды. Әрине, балалар мен жастар тәрбиесі күн тәртібінен ешқашан түспеуі керек. Өйткені жастар – біздің болашағымыз, еліміздің келешегі. Қазақ атамыз «Не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаған.

Бүлдіргі ағым болмысымызды күйретеді

Жергілікті полиция қызмет­кер­лерінің мәлімдемесіне сенсек, бір қуаныштысы, облыс көлемінде балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейі жыл өткен са­йын төмендеп келеді. Бірақ, байқап жүргеніміздей, жастар арасында діни ағымға бет бұрғандар аз емес. Жұма күндері мешітке қарай ағылған топ-топ жастарды көріп, кейде еріксіз ойға кетесің. Баз бір мәліметтер бойынша бүгіндері ме­шітке келетін жамағаттың 60-70%-ы жастар екен. Олардың арасында әлі кәмелет жасына жетпегендер де бар. Ой таразысына сал­сақ, бұл – өз тілімізді, өз дінімізді, өз ді­лімізді қайта қалыптастыра бастағанымыздың көрінісі. Хал­қы­мыздың басым көпшілігі иман­дылық жолына түсіп, ауылдар мен қалаларда сандаған мешіт бой көтеріп, діни білімді көтеру мақ­сатында діни университет пен колледждер, медреселер ашылды. Діни жоғары білім аламын деген жас­тар басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарына барып, сауатта­рын жетілдіріп қайтты. Егемендіктің ал­ғашқы жылдарында абайсызда діннің басқа ағымына ілесіп кет­кен жастар, әртүрлі радикалды діни сектаға еніп кетіп, ел ішіне іріт­кі салғандары да есімізде. Тіпті әр өңір­де бірнеше террорлық шабуыл ұйым­дастырып, елімізді дүрбелеңге салғаны да белгілі. Теріс пиғыл­ды біреулердің арбауына түскен, өз­ге жұрттан «бақыттарын» іздеген, қияли дүниеге сенген біраз жас­тарымыз қантөгіске бөгіп жатқан елдерге қоныс аударып, бала-ша­ғасын, отбасы мен жақындарын қиын жағдайға ұрындырып, өзде­рін «Құдай жолында» шейіт еткені туралы мәліметтер аз емес. Әлі де сол үрдіс, өкінішке қарай, бірен-саран болса да орын алуда. Сол ойсыз, пәтуасыз фанаттарды, олар­дың берекесіздікке, қиындыққа ұрынған отбасына жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Әрине, елі­міздің басшылары өз азаматта­­рын әр кез қорғап, қамқорлық көр­се­туде. Сол үшін өткен жылдары арнайы «Жусан» операциясын ұйым­­дастырып, Сирияға діни ради­кал­дық уағыздаушылардың «қар­мағына» ілініп, қиындықтарға тап болған, босқынға айналған жас балалар мен әйелдерді елімізге ұшақтар­мен кері жеткіз­ді. Біразы сол бөтен елде «пейішке барамыз» деген ниетпен көзсіз өлім­ге барып, мүлдем басқа елдің то­пырағы бұйырғаны өкінішті.

Әлгі мешітке барып жүрген жас­тардың ой-өресі, түйсігі қандай? Ол діннің қандай ағымында жүр? Жан-жағындағылар қандай уағыз айтады? Шындығында көпші­лік оған онша мән бере бермейді. Әке-шешесі «менің ұлым (немесе қызым) имандылық жолына түсті, ораза ұстап, мешітке барып жүр» деп балаларына сырттай риза болып жүргендерді жиі кез­дестіруге болады. Дін жолында жүрген баласы мен әке-шешесі арасында қайшылық пайда болатынын көріп жүрміз. Кейде, тіпті, «дастарқандарың харам, дайындаған асың халал емес, сіздермен бірге тамақ ішуге болмай­ды», деп теріс мінез көрсететін, от­ба­сылық өмірден түңіліп, қара ба­­сып, үйлерінен безіп кететін ұл-қыз­дар­дың пайда болғанын естиміз. Он­дай оқиға қандай ата-анаға болсын ерекше ауыр соққы болып тиеді.

Ислам – басқа дiндермен салыс­тырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн дiн. Сондықтан жаһанда ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым.

Дiн дегенiмiз – адамды иман­ды­лыққа баулу, жақсылыққа ша­­қы­ру, өмiрдi жақсы көруге, ба­уыр­­­малдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiз­дiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамда­ған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауат­ты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жо­лына «жолдан қосылған» кейбiр са­уатсыз, бiлiмi мен ой-санасы, қа­рымы мен түйсiгi төмендер жастар арасына iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де кездеседі.

Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуел­сiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы, акаде­­мик-жазушы Қалтай Мұхамеджа­нов: «Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады. Дiн­нiң әртүрлi бағыты iшiмiзге ден­деп ене беретiн болса, түбiнде қа­зақ бiр-бiрiмен жауласады», деген екен. Қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден кө­рiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз. Фа­натизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екенін өткен ғасырдағы ұлт­тық фанатизм дертімен ауырған фа­шистік Германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм – қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқа­ларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы. Діни фанатизмге еліккен жан­дар­дың бойында психология­лық жа­ғынан өзгешеліктер болады. Мы­сал үшiн алысқа бармай-ақ, әр ел­де кездесіп жатқан террорлық қай­­ғылы оқиғаларды еске алайық. Осы­дан оншақты жыл бұрын Тараз қала­сында діни-фанатизмді бойына әбден сіңірген жігіт террорлық әрекет жасап, оны тоқтатпақ болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқаны есімізде.

Арнайы дайындалған, санасы дiни фанатизмге уланған жап-жас әйелдер, жасөспірімдер дене­ле­рiне жарылғыштар таңып алып, олар­ды көпшiлiк арасында тапа тал түс­те жа­рып, еш күнәсiз көптеген адам­ның асыл өмiрiн қиды. Араб мемлекеттерiнде ара­гiдiк қа­ра­па­йым халықты дүр сiлкiн­дiретiн тер­рористiк акт болып тұрады. Ирак пен Пәкiстанда, Үндістан мен Ауған­станда да терроризм көп жыл­дар­дан берi айылын жыймай отыр. Со­лар­дың барлығына басты себеп – дiни фанатизм. Өз өмiрлерiн қол­дан қиюға, бiреудiң айдауымен басы тұманданып, жан тапсыруға солар­дың дәтi қалай ба­ратыны жұмбақ, денi сау адам түсiнбейтiн ерекше құбылыс. Тiптi кейде «әлгiлер терең гипнозға түс­кен бейшара пенделер ме екен?» деген ойға қаласың.

Дiни секталардың кейбiр жан­дар­дың санасына қатты әсер етiп, ойын улайтыны, тiптi психикасы мен мiнезiн адам танымастай өз­гертiп, «миын» терiс айналдырып жi­беретiнiн өмiрден көрiп жүрмiз. Мысалы, дiни секталардың шырмауына iлiккен бiр танысымның әйелi бала-шағасынан, үйiнен безiп, дiни топқа қосылып, қала-қаланы аралап жүгенсiз кеткенiн бiлемiн. Сөйтiп, әп-әдемi отбасы нiлдей бұзы­лып, шаңырағы ортасына түстi. Үкiдей жас балалар көздерi жәудiреп анасыз, тепсе темiр үзетiн әке жарсыз қалды.

Осындай оқиғалар бұл күндерi әр аймақтан кездесетiнiне күмән жоқ. Имандылық жолынан тайып, бас­қа дiндi қабылдап, қаптаған сансыз сек­таларға кiрiп алып, солардың қол­шоқпары болып жүргендерi қан­шама? Жаның түршiгедi емес пе…

Шетелде бiлiм алып жүрген жас­­­тарымыздың арасында да қате ағым­­ның құрсауына түсiп, елi мен жерiн, дiлiн ұмытып, жеке бiр дiни секталарға мүше болып, соларға қызмет етiп, қа­уiптi террористiк топтарға iлесiп, өмiрлерiн «Аллаһ» үшiн қиюға да­йын ессiз зомбиге айналғандар да бар­шылық. Сол өрiмдей жастардың жанкештi қы­лықтарына жаның күй­зе­лiп, жүрегiң сыздайды. Оларды сол қауiптi жолға алып барған қан­­­дай күш болды екен деп ойға кете­сiң.

Соқыр сенімге бой алдырып, «бұл шариғатқа жат» деп пәлен­бай за­маннан қанымызға сiңген ұлт­тық дәстүрден, қасиетiмiзден, ата-баба салтынан безіну дұрыс бола ма екен? Қазiр кез келген қа­лада шiлденiң ыстық күнiнде хид­­жапқа тұмшаланып, беттерiн кө­­леңке­леп қара терге малынып жүр­ген жап-жас, көздерi мөлдiреген қан­дас қа­рындастарымызды көру таң­сық болмай қалды. Әлгiлерге қарағанда: «Имандылық жолына түсу деген мiндеттi түрде хиджапқа орану емес шығар. Имандылық – мiнезден, қылығыңнан, атқарған iсiңнен, таза ойыңнан байқалу керек!» де­гiң келедi. Әттең-ай, қазiр қазақ қыздары арасында хиджап модаға айналып бара ма деген күдiк басым. Елiмiздiң бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрiн, ұлтымыздың киiм үлгісін жиып тастап, неге хид­жап киген араб әйелдерiне елiк­теуiмiз керек? Қазақтың ұлттық бүр­мебел әсем көйлектерiн, жиегi оюлан­ған көз тартатын камзолдарын, әдемi бешпеттерiн неге кимеймiз? Олардың басқа халықтардың ұлт­тық киiмдерiнен несi кем? Мереке­лер­де, концерттерде, спектакльдер­де сахнаға шыққан әншiлер мен би­шiлердiң қазiргi заманның талабына сай киген көз тартар әдемi ұлттық киiмдерiмiздi көргенде жаның жадырайды.

Ресми ақпараттардың мәлiм­деуiнше, Қазақстан бұл күндерi дiни экспансия алаңына айналған секiлдi. Дiни ағымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Христиан миссионерлерi, шоқындырушы-үгiтшiлер (олар­дың басым көпшiлiгi АҚШ-тан арнайы жолдамамен жiберiлгендер) ортамызға батыл енiп, ел арасына рухани ыдырау туғызып, миссионер­лiк әрекет жасауда. Олар арнайы психологиялық дайындықтан өтiп, тиiстi ақпаратпен, мәлiметтермен жарақтандырылғандар (осындай миссионерлiк шiркеулердiң саны елiмiзде 20-дан асып жығылады екен). Көпшiлiк ортаға енiп, олар жергiлiктi халықты (қазақтарды) христиандыққа кiргiзу бағытында аянбай тер төгуде. Кейде олар ри­за­шылықпен жеке адамдардың ба­сындағы проблемаларын шешiп те бередi. Тiптi, қажет болса, мате­риалдық көмек беруге дайын. Мы­салы, қаржыдан қиналып жүр­­ген студенттерге қосымша шәкiрт­ақы, жұмыссыз жүргендерге жәр­демақы төлейдi. Христиан (әсi­ресе Иегова куәгерлерi) дiнiн уағыз­дау­шы­лар түрлi түстi кiтаптар мен кiтап­шаларды халық арасында көп­теп таратып, көшеде тоқтатып, мүм­кiндiгiнше әңгiмеге тартып,  өздерiнiң дiни қоғамына тартуға тырысып бағады. Баз бiр аңқау, бос­белбеулер олардың насихатына иланып, сол бөтен дiнге енiп жатқаны да – қазiр өмiр шындығы. Осындай әрекеттердiң арқасында миссионерлер ой-санамызды улап, өз iс-әрекеттерiне қол жеткiзуде. Иә, бүгiнде өз дiнiнен безiп, басқа дiннiң құрсауына түсiп жатқандар аз емес. Бүкiл отбасы болып басқа дiнге кiрiп, солардың сойылын соғып, көрiгiн басып жүргендер ортамызда қазiр аз ба?! Жүректе үрей туғызған бүгiнгi күннiң ащы шындығы осы. «Оның несi бар екен. Әйтеуiр бiр дiнге сенсе болды емес пе?» деп топ­шылайтындар бар. Бұл – мүл­дем қате түсiнiк. Басқа дiнге ен­ген адам­ның өмiр салты, ойлау қабi­летi, өмiр­ге деген көзқарасы, ментали­тетi өз­ге­редi. Ұлттық салт-дәстүр­ден, мә­де­ниеттен алшақтайды, ұлты­нан безедi.

Өткен жүзжылдықтың 90-шы жыл­дары АҚШ-тан бір топ адам біздің өңірге келіп, «экология мә­се­лесімен айналысамыз» деп Бай­зақ және Жуалы аудандарына ор­на­ласты. Көп өтпей Ұлттық қа­уіп­сіздік комитетінің арқасында олар­дың біразы тыңшы екені, енді біразы өз діндерін енгізуді, сөй­тіп ел арасына іріткі салуды, ыдыратуды көздейтіндері анықталған. Осы іспеттес қауiп барда елiмiздiң дiни экспансия алаңына айналмауына көпшiлiк болып атсалысуы­мыз керек. Қазақ ислам дiнiн қа­былдағанына 1250 жыл болыпты. Қазақ халқы содан бері осы дінге деген адалдығын сақтап келеді. Небір нәубеттерді басынан өткізсе де өз дінін тастамады. Бұл мысалдарды жастарға сабақ болсын деген оймен келтiрiп отырмыз.

Расын айтқан жөн, көптеген имам көпшілік бас қосқан сәттерде жұмақ пен тозақ, о дүние жайлы сөз қозғайды. Оларды тыңдап отыр­саңыз барлық қиындық, ауырт­палық, бақытсыздық мына дүниеде, о дүние жайнап тұрған жұмақ ре­тін­де суреттелінеді. Оларды тың­да­ған кейбір жастар, жасөспірім­дер мына ауыртпалығы мол беймаза өмір­ден түңіліп, тезірек о дүниеге – жұ­маққа аттанып кеткенді жөн са­найды. Сөйтеді де өздеріне қол салып, өмірмен қоштасып кете барады. Ортамызда суицидтің азаймай тұрғанының (әлем елдері арасында үшінші орын алуымыздың) бір себебі осы емес пе екен? Ойлана­тын жай...

«Жақсылық та, жамандық та – Құдайдан. Бiрақ жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен», дейдi данышпан Абай. Ал ендi бiр сөзiнде «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдетi жаман адамның», деп налиды ол. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың же­тегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты.

Сөз соңында айтарымыз, иман­дылықтан қашпайық, соқыр дiни фанатизмнен iргемiздi аулақ ұстайық, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі