Білім • 17 Қаңтар, 2022

Мамандықтарға да мән берген жөн

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында жоғары білім мәселесіне арнайы тоқталды. Ол өз сөзінде жоғары білімнің қолжетімділігі кө­кейкесті мәселе ретінде қалып отырғанын, халық тығыз қоныстанған өңірлердегі жас­тарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет екенін айтты.

Мамандықтарға да мән берген жөн

Жақында елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастаған болатын. Енді Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Бұл бізге не үшін керек? Жаңа экономика құру үшін университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Ал Президент 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын, оның екеуін техникалық бағытта Қазақстанның батыс өңірінде ашуды тапсырды. Неге? Батыс облыстарға шетелдік инвесторлар жаңа технологияларды әкеліп жатыр. Онымен біздің жастар жұмыс істей алмай жатады. Тіпті кейбір техникалардың тілін білетін мамандар тапшылығы байқалады. Отандық оқу орындарының ондай құрал-жабдықтары жоқ. Соған байланысты шетелдік базасы мықты қалыптасқан университет Қазақстанда филиалын ашса, жастарға жаңа мүмкіндік туады.

Негізінен филиалын ашатын университеттің беде­ліне қараған дұрыс. Дегенмен ондағы маман­дық­тарға да мән берген жөн. Себебі шетелден немесе халық­аралық университеттен сұраныста жоқ мамандықты оқып алып, жұмыссыз жүрген жастар жетерлік. Сон­дықтан алдымен сол филиал ашатын өңірге қажетті, қазір тапшы болып тұрған мамандықтарды зерделеу қажет. Содан соң барып сол мамандықтарға қандай ше­телдік университет даярлайтынын білу керек. Мұны­мен енді университеттер жіті айналысқаны абзал.

 

Рахман АЛШАНОВ,

Жоғары оқу орындары

қауымдастығының төрағасы