Қазақстан • 17 Қаңтар, 2022

Кәсіп меңгерген қатардан қалмайды

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында еңбек нарығындағы тиімді экожүйені құруға назар аударып, тапсырма берген болатын.

Кәсіп меңгерген қатардан қалмайды

Қоғамдағы түйткілді мә­се­ленің біріне айналып тұрған әлеу­меттік масылдықты жою­дың тетіктері сан алуан. Соның бірі – екі қолға бір күрек таппай отыр­ған адамдарды тұрақты жұмыс­қа орналастыру. Бұл орайда мем­лекет тарапынан қыруар жұ­мыс атқарылуда. Жұмыс іс­теп, нәпақамды табамын деп алға ұмтылғысы келетін адамдар үшін барлық жағдай бар. Ең­бек нарығында қазір жұмыс беру­шілердің жұмысшы таба алмай отырғаны туралы аз айтылып жүр­ген жоқ. Демек, қоғамның дер­тіне айналып отырған мал бітір­мес масылдықты жоя алсақ, қор­да­ланып қалған әлеуметтік мә­се­­лелер де біртіндеп шешілер еді.

– Республикада 2017 жылдан бері электронды еңбек бир­жасы жұмыс істейді. Бұл «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының жүзеге асырылған бірінші жобасы. Облыстағы жұ­мыс берушілердің 75 пайызы тұрғындарды жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ, өзінің жеке кабинеті арқылы вакансияларын орналастырады. «Еңбек.kz» интернет ресурсының базасындағы портал тұрғындарды жұмыспен қамтуға және жұмысқа орналасуына ықпал етуге ақпараттық қызмет көрсетеді, – дейді облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Жаңа жобаның тиімділігі бірден байқалған. Бұрынғыдай бос жұмыс орнын іздеп сабылудың қажеті жоқ. Еңбек еткің келсе, толымды табысы бар жұмыс орнын үйден шықпай-ақ таба аласың. Бұған портал арқылы 12 мың адамның жұмысқа орналасуы дәлел. 2017-2021 жылдардағы тиімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмыс істемейтін 8 мың адам жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 1 190 адам техникалық және кәсіптік білім алды. Бұл да өте тиімді.

Орта және шағын бизнеске айрықша серпін беретін жайт, ел ішіндегі адамдардың тиімді кәсіпті игеруі. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 1 495 адам кәсіп­керліктің негізін оқып, 413 адам шағын несие, 793 адам грант алған. Демек, өзінің ойға алған кәсібін дөңгелетуге де, алғашқы кездегі қаражаттың қажеттілігі мәселесін шешуге де толық мүмкіндік бар.

Бағдарламаның үшінші ба­ғы­ты бойынша 504 адам әлеу­меттік жұмыс орны мен 470 адам жас­тар тәжірибесімен, 2 448 адам қоғамдық жұмыспен, 46 адам алғашқы жұмыс орнымен қам­тылған. Өткен жылы 1 429 адам қатысқан 104 еңбек жәрмеңкесі өткізілді. Жалпы, осы еңбек жәр­мең­кесінің тиімділігі жоғары еке­нін айта кетуіміз керек. Өңірде жұмыс орны жетіп артылады. Айт­пақ­шы, еңбек жәрмеңкесі бары­сында 300-ден астам адам жұмыс­қа орналастырылғанын айтсақ, мұндай шаралардың тектен-текке өткізілмегенін аңғаруға болады. 

Еңбек нарығында қатысушы­лардың бәсекелестігін арттыру мақсатында бүгінде Көкшетау мен Степногорск қаласында Ақкөл, Астрахан, Егіндікөл, Біржан сал, Қорғалжын аудандарында 12 жұ­мыс іздеу клубы бар. Клуб жұ­мыстары нәтижесіз емес. Өткен жылы 1 925 адам жұмыс іздеп келсе, оның 1 482-і жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдар­ламалар мен жекеменшік бастама аясында 26 259 адам жұмысқа орналастырылған.

Биылдан бастап кәсіпкерлік бойынша 9 жобасы бар Ұлттық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жо­ба ұлт денсаулығы мен білі­мін, кәсіпкерлікті дамытуды қамти­ды. Елдің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған тұрақты экономикалық өсім, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, цифрландыру, инновация мен ғылым есебінен технологиялық серпін қолға алын­бақ. 2021-2025 жылдары Ұлттық жо­баны жүзеге асыру аясында суб­сидияланатын жұмыс орнын ұйымдастырғаннан кейін тұ­рақ­ты жұмысқа орналасқан адам­дар үлесін көбейтуге және суб­си­дияланған жұмыс орнын ұйым­дастыруға қатысатын кәсіп­орын­дар құрамындағы жекемен­шік сектор үлесін көбейту көзделіп отыр.

 

Ақмола облысы