Экономика • 17 Қаңтар, 2022

Президент «Самұрық-Қазына» қорының басқару құрылымын қысқартуды тапсырды

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» қорының қызметін трансформациялау туралы пікірін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент «Самұрық-Қазына» қорының басқару құрылымын қысқартуды тапсырды

«Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты. 

Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет», деп жазды Берік Уәли. 

Сондай-ақ ол Президенттің ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап еткенін жеткізді. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.

Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.

Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді», деп жазылған мәлімдемеде. 

Еске сала кетейік,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтқан болатын.