Сұйылтылған табиғи газдың кенеттен қымбаттауына байланысты Жаңаөзен қаласында басталған шеру еліміздің көптеген аймақтарында жалғасқанын білеміз. Алдымен экономикалық талаптар айтылып, кейін саяси талаптар мен өзгерістер қойылған шеру барлық жерде бейбіт түрде басталды. Дегенмен, бейбіт шеруді көздеген халыққа күтпеген жерден бұзақылардың қосылуы наразылық шараларының түпкі мақсатын жойды. Расында, бейбіт шерушілер арасында жүйелі, нақты талаптардың болмағанын мойындауымыз керек. Бірақ халықтың күйзеліске түскенін, әлеуметтік жағдайдың нашарлағанынан осындай қадамға барғанын баршамыз түсінуіміз қажет. Аталған наразылық шараларына бүлікшілердің тартылғандығы қынжылтады. Мемлекет басшысының мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті, террористік соғыс ретінде баға беруі барлығымызды ойландыруы керек.
Қаңтардың басында болған жағдай еліміздің шынайы ахуалын көрсетті. Үкімет отставкаға кетіп, кейін қайта жасақталды. Президенттің төтенше жағдай режімінде жасалған үндеулерінен түбегейлі өзгерістердің қажеттілігі байқалып тұр. Президенттің Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзін, ұсыныстарын қоғам мүшелерінің барлығы тыңдады. Мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық сала мен жаңа саяси реформаларды қамтыды.
Көзге көрінгені, күштік құрылымдармен қатар әлеуметтік ахуалға жауапты барлық органдардың жұмысы сынға алынды. Осы олқылықтарды жою үшін тапсырмалар берілді. Ең бастысы, қоғам мүшелерін алаңдататын және өршелендіретін мәселелерге мән беріліп, халықтың әл-ауқатын жақсаруына әкелетін тапсырмалар айтылды.
Президент көтерген қоғамдағы теңсіздік мәселесі өте маңызды. Қазіргі қоғамда байқалып отырған теңсіздік көбінесе сол қоғамның өзін өзі таныту мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі жетістіктеріне ықпал ететін жанама өнім болып саналады. Мәселен, теңсіздік тұтыну қажеттіліктері мен табыс мүмкіндіктеріне әсер етіп, азаматтардың тұтынушылық қалауын шектейді. Тұрғындар тәуекелді немесе қауіпті кәсіпті атқаруға қатысты өз қалауын таңдайды. Теңсіздік реформасының саяси мәселесі мүмкіндіктер теңсіздігін түзетумен байланысты.
Президент Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдығы ретінде азық-түлік қауіпсіздігін атады және оны алдағы үш жылда шешуін тапсырды. Бұл жаһандық әлеуметтік мәселе болғандықтан оның шешімін табу маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігі жағдайларын тез және нақты анықтау қиын міндет. Азық-түлік қауіпсіздігі нашар елдерде азық-түлік қауіпсіздігін құлақтандыру және бақылау жүйелері болғанымен, оның барлық күрделілігін түсінуге мүмкіндік беретін әдістемелер жоқ. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігінің екі негізгі көрсеткіштеріне мән бергеніміз жөн: азық-түлікті тұтыну белгілері және тамақтану рационы алуандылығының сипаттары. Бұл үшін халықтың орналасу тығыздығы, жерді пайдалану, топырақ сапасы, ауруханалар мен мектептердің жағдайы, зорлық-зомбылық оқиғаларының ықтималдығы, су жолдарының болуы, азық-түлік бағасы, метеорологиялық деректер сынды т.б. мәселелерді білу маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. Мәлімдемеде инфляцияны бақылау туралы кешенді шаралар ұйымдастырылуы керектігі айтылды. Расында осы инфляция мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін түсіреді. Халыққа қазір бағаның тұрақтылығы қажет болып отыр.
Мәлімдемеде әлеуметтік тұрақсыздық мәселесі сөз болды. Бұл ахуалды ғалымдар көбінесе әлеуметтік жүйенің қорғалмағандығы ретінде анықтайды. Шындығында шынайы әлеуметтік өмірде абсолютті тұрақтылық болуы мүмкін емес. Кейбір кезде билік органдары саяси және әлеуметтік ахуал тұрақты деп ақпарат беруі қате баға деп ойлаймыз. Өйткені кез келген қоғамда әрқашан әлеуметтік жүйелер ішінде және олардың арасында тепе-теңдіктің бұзылуы орын алады, нақтылы немесе әлеуетті тұрақсыздықтың көріністері болады. Демек, логикаға сәйкес әлеуметтік жүйенің тұрақсыздығы оның тұрақтылықтан және өзгермелі жағдайларға сәйкес даму мүмкіндігінен айырылған күйі болып табылады. Бұл жағдайда қоғамның жойылуының үлкен қаупі бар.
Президент шенеуніктердің азаматтармен диалог тиімділігінің бұрынғысынша төмен екенін атады. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен қарым-қатынас жасауды білмейді, кейде қорқады. Бұл рас пікір, өйткені көзімізбен көріп жүрміз. Бұл диалогтың болмауына байланысты халық биліктің түсіндірмелерін тыңдамауға дейін барады. Интернетте таралып жатқан жалған ақпараттарға сену басталады. Бұл да үлкен қауіп. Елдегі ахуал тұрақталды деп атағанымызбен, әлеуметтік желілерде наразылық белгілері бар посттар, мінеп-сынау мен талдаулар әлі де өте көп. Оның «офлайн» наразылыққа ұласып кету қаупі бар екенін ұмытпау қажет. Сондықтан билік органдарының халық сенімінің төмен деңгейін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізгенін дұрыс санаймыз.
Мемлекет басшысы білімді азаматтар туралы да ой қозғады. Расында білімі төмен азаматтар саяси сенімсіздік пен популистік көзқарастарға бейім болады, популистік пікірлерді ажырата алмайды, қолдайды және сайлауда дауыс беруден қалыс қалады. «Сайлау бізсіз шешіліп қойған, біздің дауысымыз қажет емес» деген көзқарас қате. Егер абсентеистер санын азайтсақ, сайлаудың шынайы нәтижесі шығатынына сенім мол. Саяси сауаттылығы төмен топ саясаткерлерді мәдени жағынан өздерінен алыс «өзгелер» ретінде қарастырады және бұл қабылдау саясаткерлерге нақты теріс баға берумен қатар жүреді. Дегенмен, мемлекеттік органдар қызметкерлері халыққа жақын болуымен қатар, олар да «билікпіз» деген көзқарастарынан арылуы қажет. Міне, қоғамда қалыптасқан осы ахуал саяси наразылықтардың туындауын түсіндіре алады. Халық пен саяси элита арасындағы тосқауылды жоюда саясаткерлердің «қарапайым» адамдардың өмірлік тәжірибесін сезбейді деген тұжырымын түзеу қажет. Бұл жойылмаған жағдайда олардың легитимдігі мен жүргізіп жатқан саясатына күмән туындайды. Халық олардың жұмыс істеу, қарым-қатынас стиліне ренжіп, тартыншақтық пен адалдықтың жоқтығының «символы» ретінде қарастырады. Сонымен қатар сапалы білім алған адам наразылық шараларына шыға қоймайды. Шыққан жағдайда да нақты ұсыныстарымен шығады немесе диалогқа барады. Саяси сауат пен мәдениет осы білім арқылы беріледі.
Президент атап өткен әлеуметтік кодекстің қабылдануы әлеуметтік-құқықтық мемлекет пен адам құқықтарын қорғау қағидаларын түсінуге ықпал етеді. Бұл кодекс қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның нығаюына әсер етеді және халықтың әлеуметтік құқықтары туралы білімін арттырады. Бұл тұста Мемлекет басшысы қоғамдық келісім және оның жаңа форматына, қоғамдық сенім мәселелеріне мән береді. Қазіргі таңда елімізге COVID-19 пандемиясы мен экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктер ауыр әсер етіп жатыр. Дағдарыс туғызуға катализатор болып тұрған осы мәселелер бойынша мемлекет әрекет ете алса және өзгерістер үшін мүмкіндіктер жасалса, азаматтарымыздың әл-ауқаты жақсарады. Сондықтан қоғамда қалыптасқан көптеген мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық келісімнің жаңа форматы қоғамды өзгертуге, ел тұрғындарының жағдайын жақсартуға және еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалуға ықпал етеді. Тұрғындар билікке неғұрлым көп сенім білдірсе, соғұрлым олар мемлекеттік саясатты қолдайды.
Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі бойын үрей билеген халыққа сенім ұялатты. Президент Жаңа Қазақстан құру бағытындағы Үкіметтің 2022 жылға арналған бағдарламасын әзірлеуге үш апта уақыт берді. Халық мәлімдемеде аталғандай, міндеттердің есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдерін қолданбайтындығына сенеді. Енді осы міндеттердің жүзеге асуы Үкіметтегі кадрларға байланысты.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
ҚЫЗЫЛОРДА