Экономиканың өсімі отандасымыздың тікелей жалақы деңгейімен, тұрмысымен, әлеуметтік жағдайымен байланысты болуы керек. Міне, осы кезде жаңа модель пайда болады. Көп жағдайда мемлекетіміз патерналистік ұстанымда болды. Әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету, оларды анықтау сынды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар жекелеген шағын, орта бизнеске қатысты да бірқатар бағдарлама бар. Бұл бағдарламалардың барлығы адамдардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Соған қарамастан көп жағдайда мұндай бағдарламалар қандай нәтиже берді деген сыңайлы саралау, сараптау, бағалау жұмыстары жүргізілмейді. Болғанның өзінде бағалау көрсеткіштері формальды, атүсті болып кетеді.
Еліміздегі әлеуметтік ортада білімді жастар көп болғанымен, олар еңбек нарығына етене араласа алмай келеді. Осы мәселені ел Президенті де ерекше атап өтті. Жас түлек 5 жыл аралығында мамандығы бойынша қызметке орналаса алмаса өз құзіретін жоғалтады. Ғалымдар да осындай пікірде. Бұған қоса мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастар кездейсоқ табыспен күн көруге мәжбүр болады. Мұның соңы ұзақмерзімді кедейшілікке алып келетіні анық.
Бүгінде көптеген кіріс көзі адамды толық қамтамасыз ете алмайды. Тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында да кедейлік деңгейі байқалады. Егер жұмыссыздық қысқа мерзімді болса, адамның тұрмыс жағдайы күрт төмендеп кетпейтіні белгілі. Ал жұмыссыздық ұзақ мерзімге созылған жағдайда қалыпты деңгейде ел қатарлы өмір сүре алмайды. Сондықтан білім беру, еңбек нарығы, кәсіпкерлікті дамыту, әлсіз топтарды қолдау бағдарламалары бір-біріне сәйкес болуы керек. Ел игілігіне бағытталған бағдарламалар әлі де пысықталуы қажет. Себебі мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат азаматтардың дәл осы сәттегі мұқтажын өтеуге ғана жетеді. Адамдар ұзақ мерзімде жағдайын жақсартып, тұрғын үй алып, әл-ауқатын арттыра алмайды.
Бұл ретте еліміздегі несие мәселесін де ұмытпағанымыз жөн. Президент айтып өткендей, жеке адамдар алған несие мөлшері бизнесті дамыту мақсатында алынған несиеден әлдеқайда көп. Мәлімет бойынша, ел азаматтарының 80%-дан астамы несие алған екен. Отандастарымыздың көбісі бір емес, кемінде екі несиеден алған. Соның көп бөлігі – ұзақ мерзімді. Әсіресе ипотеканы жылдар бойы төлейтіндер көп. Несие ең алдымен ай сайынғы төлемді қажет етеді. Ол үшін тұрақты табыс көзі қажет. Олай болмаған жағдайда ұзақмерзімді кедейлік одан сайын ұзай береді.
Айгүл СӘДУАҚАСОВА,
әлеуметтанушы