Қоғам • 18 Қаңтар, 2022

Жұмыссыз жастарға қолдау

1058 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде отандастарымыз, соның ішінде ел жастары үшін аса маңызды мәселелерге тоқталды. Президент, әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін, білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесін алға тартты.

Жұмыссыз жастарға қолдау

Мемлекет басшысының айтуын­ша, кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүрген жұмыссыз жастар табыс іздеп жүріп заңнан аттауы да мүм­кін. Расымен де, бұл жағдай осы күннің өзекті мәселесіне айнал­ды. Президент мұны бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Ең бастысы, Мемлекет басшысы жастар мәсе­лесін ұдайы назарда ұстап келеді. Өс­ке­лең ұрпаққа қатысты маңызды мәсе­лелерді күн тәртібіне көтеріп, қалып­тасқан жағдайды бүкпесіз, ашық айтады. Құр айтып қана қоймай, пайда болған мәселенің шешу жолдарын да ұсынады. Мәселен, Президент Мәжілістің пленарлық отырысында Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жо­ба­ларының аясын кеңейтіп, бұл бағ­дарламаларға қатысудың мерзімін созуды, жастардың жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Бұл қадам ең алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға серпін беретіні белгілі. Сондықтан Пре­зи­денттің бұл ұсынысын қолдай­мын. Аса дұрыс әрі маңызды бастама. Себебі мұндай мемлекеттік бағ­дар­ламалар еңбек жолын енді-енді бастаған жастарға қомақты қолдау болады. Алдағы дара даңғылдың, жемісті жұмыстың іргетасы іспетті мұндай бағдарламалар. Сондықтан мұндай жобалардың қолжетімділі­гін, жастарға беретін мүмкіндігін шектемеген жөн. Жас түлек еңбек жолын қалай бастаса, оның болашақтағы жемісі мен жеңісі соған байланысты болады. Яғни Мемлекет басшы­сы біле білген адамға маңызды шешім жасап отыр. Алайда мұндай бағ­дар­­ламалардың бар-жоғы туралы бар­лық жас азамат біле бермеуі мүмкін. Сондықтан жас буын бұл бағдар­ламаға қатысып, өз мүмкіндігін сынаудан тартынбауы тиіс.

Мәселен, «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасына қатысқан көптеген жас ұрпақ тәжірибе жинап, тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. Яғни бағдарлама өз тиімділігін дәлелдей алды деуге толық негіз бар. Міне сондықтан, Президент бұл бағдар­ламалардың аясын кеңейтуді тапсырып отыр. Мемлекет басшысы Үкі­метке іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Сол жоспардың нәтижесінде қосымша шаралар да қабылданатыны анық.

Әрине, жастарды жұмыспен қамту мәселесін бір емес, бірқатар ведомство қолға алып келеді. «Жастар ресурстық орталықтары» да жемісті жұмыс істеп жатыр. Өңірлердегі осы орталықтар жастарды жұмыспен қамту үшін бос жұмыс орындары жәр­меңкелерін ұйымдастырады. Жас­тарға түрлі ақыл-кеңес береді. Түрлі жобаларға грант бөледі. Жеке кәсі­бін бастағысы келген жастарды оқы­тады. Яғни бұл бағытта бұрыннан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жал­пы, бұған дейінгі жылдарда жастар сая­сатына қатысты жүйелі іс-тәжі­рибесі қалыптасқан. Соның нәтиже­сінде кейінгі бес жылда еліміздегі жұ­мыссыз жастардың деңгейі 4,1%-дан 3,8%-ға дейін төмендеді. Ендігі мақсат – оның аясын кеңейту.

 

Элина ПАУЛИ,

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының

орынбасары, Жастар кадрлық резервінің мүшесі