Реформа реформа үшін жасалмауы керек
Бұл сөзімізге қанқұйлы қақтығыс кезінде опат болған тәртіп сақшыларының қазасы, аяқ астына тапталған погон мен темір қаңқасы ғана қалған полиция көліктері дәлел.
Бұл саланың реформаға көп ұшырағанын мына 4-5 мысалдан-ақ аңғаруға болады. 2002 жылы Қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігіне беріліп, арада тоғыз ай өткеннен кейін қайтадан Ішкі істер министрлігінің құрамына енгізілді. Ал 2014 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі қысқартылып, оның бүкіл қызметі мен құзыреті ІІМ-ге өткен болатын. Алайда 2020 жылы ТЖМ қайтадан бөлініп, жеке ведомство болып кетті. Бұдан бөлек, әкімшілік полиция комитетінің жік-жікке бөлініп, жіліктеуге түскені де белгілі. Мемлекеттік автоинспекция мен патрульдік полиция қызметтері біріктіріліп, жол-патрульдік полиция қызметі құрылды.
2017 жылдан бастап әр аймақта Жергілікті полиция қызметі құрыла бастады. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл құрылым да қайта өзгеріске ұшырады.
Өйткені Жергілікті полиция мен ІІД-нің бөлінуі қызмет қағидаттарына қайшы келді. ІІМ әлі күнге дейін ұйымдастырылу, құрылымды қайта жасақтау, штат санын қысқарту жағынан қиындық көріп келеді. Осының өзі құқық қорғау қызметіне кері әсерін тигізері айдан анық.
Ал кадр саясатындағы ең үлкен өзгеріс 2018 жылы болды. Дәл осы жылы 19 қарашада ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтіп, жиында министрлікке тиесілі 12 оқу орнынан тек бесеуін ғана қалдыру туралы айтылды. Соның нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы» Үкіметтің №897 қаулысы қабылданды.
«Дәл осы қаулы – қазақстандық полицияға жасалған қастандықтың басы. Кешегі қырғын кезінде біз соның салдарын тарттық», дейді 30 жылын полиция офицерлерін даярлауға жұмсаған отставкадағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызылов. Өйткені осы қаулыға сәйкес министрліктің ЖОО-да бакалаврларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының саны азайған. Ал генерал-майор: «Егер бакалавриат 2019 жылы қысқартылмағанда, кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы – 1000, М.Есболатов атындағы Алматы академиясы – 1000 және Ақтөбе заң институты 1000 кәсіби шыңдалған, төзімділікке үйретілген, батыл курсантын сапқа қоюға дайын болар еді. Өкінішке қарай, ведомстволық білімді жаңғыртудың нәтижесі осындай орны толмас қайғыға әкеліп соқтырды. Ал мұның жауабын кімнен сұраймыз? Кезінде «халықаралық стандарт», «заманауи полиция академиялары қажет» деп ұрандаған реформаторлар әлі күнге дейін министрлікте, арнаулы жоғары оқу орындарында басшылық қызметте отыр. Сол реформаторлардың моральдық жауапкершіліктері бар ма?», деп мәселенің түп мәнін ашып көрсетті.
«Қаулының 3-тарауы 17-тармақшасында «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оңтайландыру» дей отырып, «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар» деген бөлігінде «қаражат талап етілмейді» деп бекітілген. Бұл барып тұрған біліксіздік. Кадрдың қадірі кеткені емей немене? Мұндайда полицияның абырой-мәртебесін қалай көтермекпіз?! Ал елімізде болған кешегі қантөгіс жаппай бейберекетсіздік пен тәртіпсіздікті тойтаруға күштік құрылымдардың күші жетпейтінін көрсетіп берді емес пе? Бір күнде еліміздің барлық өңірінде жаппай тәртіпсіздік басталып кеткенде ішкі тәртіпке бірден-бір жауапты полиция қызметкерлерінің қауқарсыз екенін байқадық», деген генерал-майор Президент Қ.Тоқаевтың полиция санын азайтуға қатысты көзқарасын Сенат Төрағасы болып жүрген кезінде-ақ ашық білдіргенін айтты. «ІІО-ға тағы бір реформа жасау керек дегендерге ол сол кезде «Сіздер неге полиция жасақтарын қысқартып жатырсыздар? Еуропалық елдің ұрандатып жүрген жаңашылдығына ереміз деп санымызды соғып қалмаймыз ба?» деп сұрап, осындай жағдайдың алдын алу керектігіне аса мән берген еді. Ал бұл сұрақтардың өзектілігін елдегі болған кешегі жағдай бір-ақ күнде айғақтап берді», дейді М.Қызылов.
«Заң атымен» деген сөзде мәдениет жатыр
«Бүкіл елімізді үрейде ұстаған кешегі оқиғада борышын адал атқара отырып, ең қымбат қазынасы – өмірі мен денсаулығын қиған полиция қызметкерлерінің ерлігі ерен. Егер біз полиция жасағы өзіне берілген құқықтары мен өкілеттіліктерін толыққанды пайдаланғанын қалайтын болсақ, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жалақыларын көтеруіміз қажет. «Арзан полиция мемлекетке қымбатқа түседі» деген бұрыннан белгілі қағидатты дамыған елдер қатаң ұстанады. «Қасіретті қаңтарда» біз осы сөздің куәсі болдық», деген М.Қызылов елімізде құқықтық білім беру мен тәрбиенің құлдырап кеткенін де ашына жеткізді. «Өйткені заңға бағынған, заңды сыйлайтын, заң үстемдігін мойындайтын азаматтары бар елде мұндай бассыздық болмайды» деген профессор ел Президентінің полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру жөніндегі тапсырмасына қатысты ойын да білдірді.
«Ішкі істер органдары туралы» Заңның 4-бабының 1-тармағында «Қазақстан халқына қызмет ететін полиция» деп жазылған. Яғни билікке, белгілі бір топтарға емес, қарапайым халыққа қызмет ететін полиция. Сол себепті де ең бірінші кезекте қоғамның полицияға деген сенімін арттыру қажет. Неге? Өйткені осындай қысылтаяңда көзсіз ерлікке баратындар, ол – полиция қызметкерлері. Осы Заңның 19-бабының 3-тармағында: «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке адамдардың құқықтарын уақытша шектейтін әрекеттері «Заң атымен» деген сөздерді айта отырып жасалады. Әрбір адам мұндай жағдайда белсенді әрекетін тоқтатып, ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарына мүлтіксіз бағынуға және оның қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты нұсқауларын орындауға міндетті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни «Заң атымен» деген сөздерді естіген азамат полицияға сөзсіз бағынуы керек. Ал кешегі жаппай бұзақылық пен тәртіпсіздік кезінде осы «сөзсіз бағынудың» көрінісін көре алдық па? Жоқ! Керісінше, полиция қызметкерлерін қорлап, соққыға жыққанын көрдік. Құқықтық саясаттың, құқықтық мәдениеттің, полицияға деген дұрыс көзқарастың қалыптаспағанын ғана көрдік. «Заң атымен» деген сөз кез келген полиция қызметкерінің негізгі қаруы болуы керек. Өйткені бұл сөзде полицияның мәдениеті, адалдығы мен халыққа деген адал еңбегі жатыр. Ал бірде-бір полиция қызметкері өзін заңнан жоғары қоя алмайды!», дейді М.Қызылов.
«Сүрінгенге – сүйеу бола алатын, құлағанға – тіреу болатын, деміккенге дем беретін, әлсізге – қорған болатын кім? Ол – халықтық полиция. Қазір бізде бір-ақ мүдде бар. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалу. Ол үшін Қазақстандағы әрбір азамат өз міндетін адал атқарып, заңға бағынуға тиіс. Себебі заңмен өмір сүретін мемлекет қана өркениетті бола алады. Егер біз шын мәнінде құқықтық, зайырлы мемлекет құрамыз десек, құқықтық мәдениет пен құқықтық тәрбиеге ерекше мән беруіміз керек. Ал бұл тәрбие баланы бесікке салғаннан бастап, еңселі азамат болғанша жүргізілуге тиіс», деді сөзін түйіндеген генерал-майор.
Бақылау жұмыстары босаңсып кеткен
«Қазіргі полиция – қазақтың оқыған, көзі ашық, мықты азаматтарынан жасақталған еліміздегі ең ірі әрі көпсалалы құрылым. Полицияның халық алдындағы беделі бар. Бұрын да болған. Егер полицияның беделі болмаса бұл салаға көзі ашық, көкірегі ояу жастар келмес еді». Бұл – отставкадағы полиция подполковнигі Тоқпан Әйтібаевтың пікірі. «Жаппай тәртіпсіздік дегеннің өзі жақсы емес» деген ІІО-ның ардагері: «Бұл – ең бірінші полицияға үлкен салмақ түсіретін қылмыс. Ал полиция қызметіндегі жауапкершілік қылмысты ауыздықтаудан бұрын алдын алумен сараланады. Сол себепті ең алдымен бассыздықты болдырмаудың қам-қарекетін жасау қажет еді. Қазіргі таңда полицияның алдында үлкен әрі жауапты міндет тұр. Ол «қасіретті қаңтарға» жауаптыларды анықтап, тиісті жазаға тарту. Егер мұндай жаппай тәртіпсіздіктер дер кезінде тізгінделмесе, бейбастақтықтар алдағы уақытта да бола береді», деді.
Ардагердің пікірінше, Ішкі істер министрлігін реформалау бұл салада кемшіліктер бар дегенді білдіреді. «Ең бірінші қателік – полицияның кешегідей лаңкестік пен терроризмнің алдын ала алмағандығы. Демек, ел арасында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Бүгін-ертең болады деп жоспарланған жаппай тәртіпсіздікті анықтай алмаудың өзі саладағы салғырттықты аңғартады. ІІО-да «қылмыс жасауға бейім» деген ұғым бар, арнайы есепке алынатындар тағы бар. Әр учаскелік инспектор өз аумағында кімнің кім екенін бес саусағындай білсе, бұрын сотталғандардың немен айналысатынынан хабардар болса, есепте тұрғандарға жіті бақылау жасап, жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек тауып беруге мүдделі болса, мұндай жағдай болмас еді», деген Т.Әйтібаев жалақыны көтеру де мәселені түбегейлі шешіп бере алмайтынын айтты. «Себебі дәл қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторлардың, тергеушілер мен жедел уәкілдердің еңбекақылары төмен деп айта алмаймын. Бірақ ынталандыру деген ұғым бар. Егер қызметкерлердің материалдық жағдайы жыл сайын жақсарып отырса, олардың жұмысқа деген ынтасы артары анық», дейді ол.
Кешегі қанқұйлы оқиғалар кезінде қаза болған күштік құрылым қызметкерлерінің ішінде полицейлердің саны көп. Бұл нені аңғартады? Көптің көкейінде жүрген осы сұраққа көзқарасын білдірген ардагер: «Мәселе тек тәртіп сақшыларының әскери даярлықтарының әлсіздігінде ғана емес. Себебі олар алғашында алаңға шыққан бейбіт шерушілерді сырттай бақылап, сол жердегі қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап тұрамыз деп ойлады. Ашығын айтқанда, полиция бір сәтте бұрқ ете қалатын бассыздыққа, қарулы қақтығысқа дайын болмай шықты. Алаңға шыққандардың бәрі бейбіт халық емес екенін сақшылар көрмеді емес көрді, олардың арасында бүлікшілердің жүргенін білді. Егер полиция дер кезінде қимыл жасап, сол содырлар мен бүлікшілерді әшкерелеп, шара қолданғанда, шерудің соңы осыншама қаза мен қайғыға ұласпас па еді, кім білсін...» деген өкінішін де жасырып қалмады.
Саналы ғұмырын қоғам қауіпсіздігін сақтауға арнаған ардагер әңгіме барысында ІІМ кешегі оқиға кезінде жіберген қателіктерін айтудан жалтармауы қажет екенін де мәлімдеді. «Жалпы, осы уақытқа дейін қордаланып қалған әрбір мәселені қоғамдық талқыға салудан қашудың қажеті жоқ», деп санайды Т.Әйтібаев. «Себебі алаңда болған түрлі жайттардан кейін халықта «Полицияның дайындығы жеткілікті болды ма? Тәртіп сақшылары қысылтаяң сәтте өздерін кәсіби тұрғыдан көрсете алды ма? Сын сағатта олардан берік рухты, мықтылықты байқай алдық па?» деген заңды сұрақтар туындады. Президент те жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының арасында өзара іс-қимылдың жоқтығын қатаң сынға алды. Бұл да – шындық! Өйткені бір ымыраға келе алмау – күштік құрылымдар арасында бұрыннан келе жатқан індет. Әр сала қанша күш салғанымен, ауызбіршілік пен бірізділіктің жоқтығынан кейін нақты нәтиже де жоқ, ісіміз де оңға баспай тұр. Бір мақсатқа жұмылдырылған ведомствоаралық бағдарлама, осындай қиын қыстау сәтті өзара іс-қимыл жасау жоспары болуы қажет», дейді отставкадағы полиция подполковнигі. Сөзінің соңында полиция ардагері бұл қызметтің имиджін насихаттай білудің маңыздылығына да тоқталды. «Бұрындары «форма киген тәртіп сақшысы көшеде жүрсе, осының өзі профилактика» дейтін. Шындап келгенде, әр полиция қызметкерінің абырой-беделі – өз еңбегінің нәтижесі ғана», деді ардагер.
Рас, қазіргі уақыт талабы полиция қызметкерінен кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар жоғары әскери дайындықты талап етеді. Меритократия қағидаты негізінде кәсіби даму мен мансаптық өсуді ынталандырудың да маңызы өте зор. Осыған орай ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшысы, полиция полковнигі Айдар Сайтбеков ішкі істер органдары қазіргі таңда жоғары ұйымдасқан, кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар корпусына мұқтаж екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ болашақ полиция қызметкерлерін даярлау барысында академия оқу процесі мен практиканың терең интеграциясына үлкен көңіл бөлетінін де жеткізді. Ол үшін тренингтер мен семинарлардан бөлек, көшпелі сабақтар кеңінен өткізіліп келеді. «Мысалы, біздің курсанттарымыз бен тыңдаушыларымыз Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік даярлық оқу орталығының базасында далалық жағдайларда үнемі оқудан өтеді, онда олар табельдік қаруды, арнайы құралдар мен оқ-дәрілерді қолдану дағдыларын, сондай-ақ жекелеген операцияларды жүргізу тактикасы, бүркемелеу және т. б. бойынша өз білімдерін жетілдіреді», дейді академия басшысы.
Оның айтуынша, полиция даярлығының жоғары стандарттары ғана ІІО алдына қойылған міндеттерді тиімді шешуге қабілетті жоғары кәсіби кадрлық корпус құруға мүмкіндік береді. Министрліктің бірінші кезектегі стратегиялық міндеттерінің бірі де осы.
Ал күні кеше Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкіметте әскери даярлықты қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің моральдық рухын көтеру мақсатында ең алдымен Арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жоспарлап отырғандықтарын мәлімдеді. Жалпы, материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен қаржы да бөлінген. Ал Отанды сүюге, қызметтік міндетке адал болуға тәрбиелеу бойынша іс-шаралар жоспарында қиындыққа шыдау, төзімділік бойынша арнайы тренингтер ұйымдастыру көрсетілген.
ТҮЙІН. Қаңтарда болған қантөгісте полиция мен Ұлттық ұланның 8 қызметкері террористер қолынан қайтыс болып, 2 911-і жарақаттанған. Алайда қаза болғандардың ішінде бейбіт тұрғындардың қатары көп. Зардап шеккендері тағы бар. Ең өкініштісі, оққа ұшқан қарапайым азаматтардың өліміне қатысты және тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталғандарды азаптау, қатыгездік таныту туралы халық арасында ақ-қарасы ажыратылмаған фактілер күн сайын көбейіп келеді. Басты күдікті тағы да – полиция. Қиынның қиығына ілігетін де полиция, көптің сынына ұшырайтын да солар. Бұл сонда нені аңғартады? Полиция қызметкерлерінің кәсібиліктерінің төмендігін бе? Әлде, елдегі заңдылықтың осалдығын ба?..