Аймақтар • 19 Қаңтар, 2022

Ұсталғанның бәрі қылмыскер емес

824 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

Күнтізбені қанмен айғыздаған қаңтар қырғыны ел тарихындағы ең бір ауыр қа­сірет ретінде таңбаланды. Бейбіт таңда Отан қорғаушылар мен қарапайым тұр­ғын­­­дар қаза болып, талай ошақтың оты сөн­ді.

Ұсталғанның бәрі қылмыскер емес

Тұтас ұлт аза тұтқан тұманды күн біртіндеп сейілер. Қираған қала қалпына келіп, қалыпты өмір қайта жалғасар. Ананы баласынан, сәбиді әкесінен, жарды азаматынан айырған алапат қырғынды ешбір ақтауға келмейді. Туған қаласын жау жапырғандай қиратып, табан астындағы тас төсемдерге дейін талқандаған тасбауырлар мен ойда жоқ ойранға от қойғандар заңға сай жазаланар. Қымбатшылықтың қыспағын айтып, бейбіт шеруге шыққандардың көлеңкесінде жымысқы ойын жүзеге асырғысы келген содырларға еш аяушылық болмайтынын Мемлекет басшысы қадап айтты. Осы тұста Президент сөз еткен тағы бір дүние, құқық қорғау орындарының тергеу кезінде істің ақ-қарасын әділ таразылауы. Бұл жайт қалың бұқараны да алаңдатып отыр.

Тіршілік арнасына түсіп лаңкестерге қарсы іс-қимыл белең алған тұста күніне жүздеген, мыңдаған адам қолға түсіп жауапқа тартылуда. Суық қарулар мен тоналған техникалар тәркіленіп, бейберекетсіздік тудырып, бейнебақылауға түскендер қылмыстық бапқа сай тергеуге алынып жатыр. Оқиға ошағына айналған бір ғана Алматыда күні бүгінге дейін бірнеше мың адам тұтқынға алынған. Бұл сандар сәт сайын өсуде.

Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары өз жазбаларында тергеу-тексеру жұмыстарының әділ өтуін сұраған. Бірқатар сарапшылар да бұл пікірді қуаттап «айран ішкен құтылып, түбін жалағандар тұтылмаса», дейді. Әлбетте, мұндай қысылтаяң сәтте әркім жеке басы мен өз жақындарын арашалап алуға тырысар. Десе де аталған жерде кездейсоқ кетіп бара жатып қолға түскен жазықсыз жанға ауыр айып тағылып кетпесе деген алаң бар.

– Менен сабақ алып жүрген Бек Сарбасов деген аңқау, аңқылдаған білімді азамат бар. 5 қаңтар күні Алматыдағы «Бауырсақ» деп аталатын дәмханада Есенбол есімді нағашы ағасымен бірге тамақтанып отырғанда, митинг жасаған топ сол маңайға келіп қалған екен. Үрейленген кафе иелері барлық қонақтардың далаға шығуын сұрап, ғимаратты босатуын өтінген. Бек те көпшілікпен бірге сыртқа шығып, амалсыз митинг жасап жатқан адамдардың арасымен көше бойлап келе жатқанда, полицейлер қуалайды. Абдырап қалған Бек те көпшілікпен бірге қаша жөнеледі. Кенет жол жиегіндегі арыққа құлап, аяғын сындырып алады. Жедел жәрдеммен ауруханаға жетіп, сонда жатып ота жасатады. Бұған дейін онымен хабарласып отырған едік. Екі күннен бері полиция алып кетіп, таба алмай отырмыз. Өзі тумысынан аңқау жігітке ұрып-соғып бір қылмысты іліп жібермесе деп алаңдаймыз. Бек біреуді ұрып, соқпақ тұрмақ біреудің бетіне қарап сөз айтатын емес, біреудің затын алмақ түгілі өз дүниесін елге беріп қойып, қайтып сұрауға бата алмай жүретін азамат. Құқық қорғау мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтар барынша әділ болып, жазықсыз жандар жәбірленбесе дейміз. Әркімнің де өсіп келе жатқан бала-шағасы бар ғой, – дейді әлеуметтік желі арқылы ойын жеткізген кәсіпкер А.Нұрсила.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек те біз қаузап отырған жайға қатысты пікір білдірді. «Болары болып, бояуы сіңбеген кезеңде отырмыз. «Біреу қыз алып қашыпты, біреу босқа қашыпты» деген де біздің сөз. Меніңше, сол тұрғыда қарау керек. Оқиғаға қатысушы заңды бұзып, қылмысы дәлелденсе, ол айыпты. Бірақ әр қылмыстың өзіне сай жазасы болады. Талай жауынгерден, полиция және қауіпсіздік қызметінің қаншама офицерінен, бейбіт тұрғындардан, кіп-кішкентай балалардан айырылдық. Олардың орнын ешкім толтыра алмайды. Әсіресе, ата-ана үшін. Солардың өліміне нақты қатысы барларды аяусыз, қатаң жазалау керек! Оған дау жоқ! Алайда біреудің ауыр қылмысын, я болмаса бұрындары ашылмай жатқан қылмыстарды жас жігіттеріміздің мойнына іле салу болмасын. Әрқайсысының қылмысын нақты анықтап, істі әділ жүргізу үлкен жауапкершілік. Сондықтан біздің тергеушілер, өзге де құқық қорғаушы мамандар істі ашу үстінде әріптесімнің өшін алам деп, болмаса істі тезірек бітірем деп науқаншылдыққа салынып, біреудің ауыр қылмысын нақақтан-нақақ жаба салуға жол бермеңіздер», дейді Ақберен Елгезек.

Басқа да осы сарындас өтініш-тілектер мен ой-пікірлер қоғам белсенділері тарапынан ауық-ауық айтылып жатыр. Мұндай жаймен бетпе-бет келген қарапайым оқырмандар да желі арқылы өз үнін білдіруде. Әлбетте олардың бәрін ақтап, баға беруден аулақпыз. Құзырлы орындар әр істің ақ-қарасын анықтап, әділ таразылай жатар. Сөз жоқ, көрсеқызарлығы ұстап дүкен тонағандардың, бейбіт түрде көппен бірге азаматтық үнін білдіргендердің, қолына қару алып адам қанын жүктегендердің аражігі жер мен көктей...

 

АЛМАТЫ