Қоғам • 19 Қаңтар, 2022

Тауарларды міндетті таңбалау операторының қызметін тоқтату керек – депутат

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияға таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізу керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тауарларды міндетті таңбалау операторының қызметін тоқтату керек – депутат

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «РОП» операторы компаниясының қызметі сынға ұшыраған болатын. Осы жекеменшік компанияның қызметін тоқтату туралы тікелей тапсырма берілді әрі ең бастысы, кәдеге жарату және кәдеге жарату алымын жинау жөніндегі функцияларды мемлекет орындауға тиіс екені атап көрсетілді. «Ақ жол» ҚДП фракциясы бұл шешімді түбегейлі қолдайды», деп тоқталды Д. Еспаева ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың атына жолдаған сауалында.

Бұдан бөлек ол тауарларды міндетті таңбалау мәселесін көтерді. «Ақ жол» фракциясының депутаттары 2018 жылы Тауарларды таңбалау туралы келісімнің ратификациялануын қолдамады.

«Сонымен қатар біз Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының алаңында таңбалауға жататын тауарлар тізбесін негізсіз кеңейтуді қайта қарау талабымен Үкіметтің атына екі рет хат жолдадық. Тауарларды таңбалауды, шын мәнінде, халықаралық практикада қолданылатындай, көлеңкелі, заңсыз тауарлармен күресу тетігі ретінде акцизделетін тауарлар тобы үшін ғана қолдану керек екенін атап өттік.

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің назарын міндетті таңбалауды енгізу тұтыну тауарлары мен тамақ өнімдерінің қымбаттауына алып келетініне, бизнес үшін есептілікте елеулі проблемалар туғызатынына аударған болатын. Шенеуніктер бізді бұл болмайды деп сендірген, бірақ өткен жылы пилоттық жоба таңбалаудың енгізілуі сүт өнімдерінің 35%-ға қымбаттауына алып келгенін көрсетті. Соның нәтижесінде олар одан бас тартты», деді депутат.

Оның айтуынша, аяқ киім үшін таңбалауды енгізді, содан көптеген аяқ киім дүкендеріне жұмысының тоқтап қалу қаупі төніп тұр.

Кәсіпкерлер бағаның 20-25%-ға өскенін айтуда, бұл жалпы инфляцияға үлесін қосып жатыр. Басқа тауарлар үшін де таңбалауды енгізу кезекте тұр: мәселен, Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі 568 қаулысына сәйкес, тоқыма өніміне, су мен сусындарға, дәрілік заттарға таңбалауды енгізу мерзімдері белгіленген. Кезекте басқа да өнімдер бар.

«Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 19 мамырда Президент Қ. Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында тауарларды міндетті таңбалауды енгізуді кейінге қалдыруды және бұл мәселені анағұрлым мұқият зерделеуді ұсынған болатын. Алайда, Үкімет оны енгізуді жалғастыруда. Сонымен бірге, мемлекет енгізетін кез келген міндетті төлемдер өзінің табиғаты бойынша салық деп есептелуге тиіс. Мысалы, алкоголь мен темекі өнімдеріне арналған дәл сол акциздік маркалар, олар да нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы мемлекет атынан енгізілетін міндетті төлемдер – ал бұл төлемдер, шын мәнінде, салықтар – неліктен жекеменшік компанияға, яғни таңбалау операторына келіп түседі деген сұрақты қайтадан көтеруге мәжбүр. Мәселен, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49% жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған. Бұл жерде Мемлекет басшысы төлемдерге қатысты мәселесінің басын ашып, олардың жеке тұлғаларға емес, мемлекетке түсуін қамтамасыз етуді тапсырған кәдеге жарату алымымен және РОП-мен еріксіз салыстыруға тура келеді», деді Д. Еспаева.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Ақ жол» ҚДП фракциясы:

1) Ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияға таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізуді.

2) Тауарларды таңбалауды енгізу тұтыну нарығындағы бағаның өсуімен қатар жүретін жерде одан бас тартуды.

3) Таңбалау операторының функцияларын мемлекетке беруді және тауарларды таңбалаудан қаражаттың ел бюджетіне түсуін қамтамасыз етуді сұрайды.