Елорда • 19 Қаңтар, 2022

Азық-түлік бағасын көтерген дүкендерге шара қолданылды

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін күн сайын мониторинг жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Азық-түлік бағасын көтерген дүкендерге шара қолданылды

Осылайша, бизнестің 8 субъектісінің қызметінде сауда үстемесінен асып кету белгілері анықталды. Әкімдік аталған бизнес субъектілерін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізді және «ескерту» түрінде ұйғарымдар шығарды.

Сондай-ақ 4 дүкенге қатысты бағаны көтеру бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Олар: «Элит Ет» дүкендері (Қонаев көшесі, 14), «Алтай» (Сырым батыр көшесі), Ет дүкені (Тілендиев даңғылы, 36) және «Жастар» СҮ (Кравцов көшесі, 6).

Бүгінгі күні әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті сауда үстемесін сақтау бойынша арнайы қатынап кәсіптік бақылау және қадағалау жүргізу үшін сауда объектілерінің жартыжылдық тізімдерін қалыптастырды.

Бұл шаралар нарықтағы жағдайға жүйелі талдау жасауға және бағаның өсуін тежеу үшін тиісті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Баға көтерілген жағдайда кәсіпкерлерге ең қатаң шаралар қолданылатын болады.

Егер азаматтарда бағаның өсуіне қатысты ақпарат болса (сауда нысанының мекенжайы, тауар маркасы және бағасы көрсетілген) Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, тел.: 55-68-99, 55-69-78, 55-68-08, немесе бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің «жедел желі» телефондарына қоңырау шалу керек: 8 (7172) 75-04-65, 74-27-38, 65-16-86, 8 778 668 1841, 8 775 592 6169, 8 701 800 39 38, 8 705 424 36 84.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бірқатар шаралар қабылдады. «Айналым тетігі» аясында 2020-2021 жылдары кәсіпкерлік субъектілеріне 8,6 млрд теңге бөлінді. 30 мың тоннадан астам азық-түлік тауарларына келісімшарт жасалды.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру құралдарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Ал өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Пригородный шағын ауданында (Арнасай көшесі, 109) жыл бойы өтетін жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Жәрмеңкеге 5 өңірдің (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары) өндірушілері қатысуда.

Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен қалада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, нарықты жергілікті тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар объектілердің құрылысы жүргізілуде: 3 көтерме тарату орталығы, 2 жылыжай кешені, нан-тоқаш комбинаты. Бұдан басқа, нан-тоқаш комбинаты, сүт өңдеу зауыты, көкөніс қоймасы кіретін өндірістік-тамақ кешенінің құрылысы жүргізілуде.