Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»
Еліміздің жер қойнауының бар-жоғы 25 пайызы зерттелгенін және 200 метрден терең зерттеулер толық жасалмағандығын ескерсек, экономикалық әлеуетіміздің артуы осы геологияны дамытуды қолға алуымызға тікелей байланысты екенін аңғарамыз. Алайда геология және тау-кен ғылымдары жермен-жексен болды, «Менделеев кестесіндегі металдың бәрі бар» деп күпінгенімізбен, өндірілетін металл түрлері саусақпен санарлық. Экспортқа көбіне шикізат күйінде кетіп жатыр.
Барлық мәселе 2018 жылы күшіне енген жаңа «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексі қабылданғаннан кейін шешіледі деген үміт күннен-күнге азайып барады. Себебі Кодекстің толыққанды қолданылуы үшін тиісті ұйымдастыру жұмыстары аяғына дейін атқарылмады. Айта кету керек, жаңа заңнамаға сөз жоқ, батыс елдерінде, әсіресе экономикалық құрылымы бізге жақын Аустралия, Канада сияқты елдерде (тау-кен саласы дамыған, алып кеніштерге бай аумағы бар) қолданылатын заңдардан прогрессивті нормалар көптеп алынған, ТМД елдері бойынша көш ілгері жаңашыл заңнама ретінде танылған.
Алайда заңымыз жаңашыл болғанымен, оны іске асыру, қолдану мәселесі біздегі бюрократияның тепкісіне ұшырап, жағдайды одан сайын күрделендіре түсуде. Геология саласын дамытуға, кен өндіру және өңдеу саласын жандандыруға, саладағы салықтарға қатысты сан алуан мәселелер толық шешімін таппады. Осы мәселелер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде үнемі көтеріліп келеді. Мысалы, 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында: «Бұл ретте еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн. Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет. Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлы мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек» деп нақты тапсырмалар берген болатын. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі жағдайда бұл тапсырмалардың жарым-жартылай ғана, қағаз жүзінде орындалып жатқанын көріп отырмыз.
Сондай-ақ 2022 жылдың 11 қаңтарындағы Парламенттегі сөзінде: «Шикізаттың бағасының едәуір артуына байланысты тау-кен саласындағы кәсіпорындардың табысы өсті. Мұны біз білеміз. Үкіметке бюджетке қосымша түсімдерді арттыруды қарастыруды тапсырамын. Оның орнына жаңа кен орындарын барлауға және игеруге кеңінен жеңілдіктер беруге болады» деген-ді. Егер бұл тапсырмалар сапалы орындалатын болса, еліміздің тау-кен саласына серпіліс беретіні анық.
Біз осы орайда аталған саланың Қазақстан экономикасының локомотивіне айналуына кедергі болып отырған мынадай теріс ықпалдарға назар аударып, түйткілді мәселелердің шешімін табу қажет деп санаймыз.
Қағазбастылық адым аштырмайды
Бұл саладағы ең басты, бірінші кезектегі мәселе – геологиялық мәліметтерді цифрландыру және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Жаңа заңнама бойынша жер қойнауына «бірінші келген – бірінші алады» деген қағида енгізілді. Мұның іске асырылуын он күн ішінде қамтамасыз ету керек. Алайда қазіргі жағдайда барлау лицензиясын алуға үш айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Себебі геологиялық мәліметтер қағаз жүзінде «Казгеоинформ» компаниясына қатысты геологиялық қордың жертөлелерінде үйіліп жатыр, оның өзі толықтай емес. Яғни егер геологиялық лицензия алуға бекінсеңіз, алдымен геологиялық қордағы қағаздарды немесе оның аумақтық бөліміндегі қағаздарды ақтарып, мәлімет іздейсіз. Оған екі-үш айдай уақытыңыз, қомақты ақшаңыз және біршама жүйкеңіз кетеді. Сосын, оның мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (МЖҚҚББ) қосылуын сұрап өкілетті органға өтініш жазасыз. Қаралуы іс жүзінде бес айдай уақытты алады. Содан кейін ғана лицензия алуға өтініш бере аласыз. Бұл әрине, ең оңай жолы. Кейде лицензия алу кезінде «бұл ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіреді» деген бас тарту хатын алуыңыз да мүмкін. Ондай жағдайда алдындағы барлық шығындарыңыз далаға кетті деген сөз.
Цифрландыру қашан жүзеге асады?
Осындай фактілер біркелкі, басы біріктірілген геологиялық мәліметтердің цифрландырылған, елге ашық, қолжетімді нұсқасының жоқтығы себебінен туындап отыр. Өйткені 2015 жылдан бері мемлекеттен қаржы бөлініп, цифрландыру жүргізіліп жатқан, 2018 жылы іске қосылуға тиіс болған Ұлттық геологиялық мәліметтер қоры әлі де іске қосылған жоқ. Геология комитеті іске қосамыз деп көрсеткен нұсқасы мүлдем шикі, ешқандай қажетті функцияларды атқара алмайды. Бұл – халықаралық аренада, біздің елге инвестиция салуға дайын шетел инвесторлары тұрмақ, өзіміздің ішкі нарықтағы инвесторлардың алдында күлкіге қалдыратын жағдай. Аустралия мен Канаданы айтпағанда, африкалық Намибия, Танзания немесе Либерия елдерінің деңгейіне жете алмай отырмыз (интернет желісі арқылы осы елдердің геологиялық қорларын ашып көруге болады).
Жаңартылған картографиялық мәліметтер жоқ
Екінші мәселе, картография саласындағы ел экономикасында қолданылатын ашық түрдегі координаттар жүйесінің және жаңаланған масштабы кіші карталаудың жоқтығы.
Бізде СК-42 деген бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі Қорғаныс саласына тиесілі координаттар жүйесі пайдаланылады, оның көп бөлімдері мемлекеттік құпия болып саналады. Осы себепті, геологиялық мәліметтерді зерттеу және зерделеу кезінде көптеген қателікке ұшырап жатады. Бұл мәселе бойынша жылдар бойы қаражат бөлініп келеді. Әр кезде істелінген жұмыстар жайында есеп беріледі, бірақ нақты нәтиже жоқ. Осы уақыт ішінде Гугл, Яндекс, 2GIS компаниялары елімізді үш орап онлайн картаға түсіріп тастады, оның қызығын күнделікті өмірде көріп жүрміз.
Жұмыстардың есебі жарияланбайды
Үшінші мәселе, мемлекеттен қаржы бөлініп осы күнге дейін жасалып келе жатқан аумақтық геологиялық мемлекеттік зерттеу жұмыстарының нәтижесінің жоқтығы. 2003-2019 жылдары осы мақсатқа бөлінген ақша сомасы 200 млрд теңгені құрап отыр (Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес). Алайда ешқандай нәтиже көрінбейді: жаңадан ашылған үлкен кен орындары да, қаржының қандай жұмыстарға жұмсалғандығы да, ең болмағанда сол бұрғылау арқылы жасалған жұмыстардың қолжетімді қорытынды есептері де жоқ. Дамыған елдерде қолданылатын заманауи технологиялардың бұл бағытта қолданылмауы да түсініксіз. Мысалы, спутник арқылы геологиялық-минералогиялық зерттеулер, ұшақ, тікұшақ немесе дрондарды пайдаланып, аумақтық аэрогеофизикалық зерттеулер, ол нәтижелерді зерделеу арқылы аумақтық көріністерді, карталарды түзу жұмыстары неліктен жүргізілмейді?
Салықтық өзгерістер һәм қаржы мәселесі
Төртінші мәселе, жаңа заңнамалармен басқаша жүйе құрылғанына қарамастан, салықтар бойынша қажетті өзгерістер жасалмады. Мысалы, геологиялық зерттеулер жүргізу кезіндегі алынатын қызметтер мен жұмыстарды қосымша құн салығынан босату, бірнеше жер қойнауы телімдерін алғанда, біреуінен ешқандай пайдалы қазбалар табылмаған жағдайда, оның шығындарын басқа телімдерге есепке алу. Мұндай шаралар геологиялық зерттеулерге қаржы салуды ынталандырып, кейіннен еселеп салықтар әкеледі. Бұл салықтардың оңтайландырылуы жақсы серпіліс берер еді.
Бесінші мәселе, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржы көздерінің жоқтығы. Біздің елде қаржы көзі не банк несиесі, не мемлекеттік қаржы. Басқа елдердің көбінде осы сегментте істейтін қор биржалары, арнайы тікелей инвестициялау қорлары сияқты құралдар баршылық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына қарамастан, бізде бұл бағытта атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Басқа елдердегі сияқты геология және тау-кен саласындағы шағын компаниялардың бізде дамымағаны осы мәселеге де байланысты. Бүгінде жуниор компаниялар ретінде танымал осындай құрылымдармен әлемде 65%-ға дейін жаңа кен орындары ашылуда. Ал біздің елде бұл саладағы шағын компаниялар мешел күйде.
Тағы бір мәселе, бытыраңқы мекемелердің негізінде, тиімді Ұлттық геология қызметін құру қажеттілігі. Мұны Президентіміз де айтып отыр.
Сала мамандарының осы туралы айтқан ұсыныстары тиісті министрлік тарапынан түсініспеушілікке ұшырауда. Мұндай қызмет көптеген елде ұйымдастырылған және геологиялық компетенциялар мен зерттеу, зерделеу ғылыми орталықтары ретінде танымал.
Жаңа заңнамаларға сәйкес Қазақстандағы ресурстарды есептеудің халықаралық стандарттары қабылданды (Мысалы, Аустралияда JORC, Канадада 43-101, елімізде ҚазRC), соған байланысты көптеген мемлекеттік функция басқаша өзгерді. Алайда кейбір мемлекеттік органдар тарапынан ескі жүйені қалдыру үшін саботаждар жасалып, сол жүйеге қайту үшін белсенді әрекеттер жасалуда. Сондықтан жақында шыққан Үкімет қаулысына сәйкес Ұлттық геологиялық қызметі «Қазгеоинформ» мемлекеттік компаниясының негізінде құрылып, оған «Қазгеология» АҚ-ын қосу міндеттеліп отыр. Ал ешқандай функциясыз қалған Геология комитеті ше? Әр ведомствода өгейдің күйін кешіп жүрген геология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары ше? Нақты айтқанда, Президент тапсырмасы атүсті орындалды десе де болады. Бұл бюрократия мен ведомство мүдделері үшін күрестің нәтижесі екендігі айдан анық.
Кен өндіру және байыту саласындағы түйткілдер
Ең басты мәселе – жоғарыда айтылған геологиядағы түйткілдерден туындайтын минералдық шикізат қорларын көбейту. Негізі, тау-кен саласы дамыған мемлекеттерде шикізат қорларын дайындау коэффициенті екіге тең. Яғни әр өндірілген кенге екі есе көп шикізат қоры зерттеліп, дайындалуы керек. Алайда бұл өте ауыр мәселе, кен өндіруші үлкен компаниялардың геологиялық зерттеулерді күшейтуі, арнайы еншілес кәсіпорындарды құруы осыған тікелей байланысты қажеттілік. Жоғарыда айтқандай, шағын компаниялар да тиісінше осы себепті дами алмай отыр.
Екінші мәселе – салық жүйесі. Бұл саладағы ресурстарды есептеудің халықаралық стандарттарына өткеніне қарамастан, салық жүйесі Кеңестік кезеңдегідей жүйеде қалып отыр. Дамыған мемлекеттердегідей сатылатын өнім көлеміне салынатын роялтидың орнына өндірілген әр кен салмағына салынатын пайдалы қазбалар өндіру салығы сақталған. Бұл – өнімді терең өңдеуге ынталандырмайтын, жер қойнауында металл қалмайтындай қопарып алуға міндеттейтін жүйе. Яғни қоршаған ортаны сақтау шаралары үшін де тиімсіз. Айтылған ұсыныстарды салық органдары мүлдем қабылдамайды, ертеңгі күнді, ұзақ мерзімді жоспарлауды ойластырмайды. Бұдан басқа, негізгі металдармен бірге кенде кездесетін сирек металдарды өндіруді ынталандыру үшін оларды факті бойынша есепке алу жүйесін енгізуді де салық органдары қабылдамай тастады. Бұл дегеніміз, сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіру ісіне балта шабу деген сөз. Егер ұсынылғандай механизм енгізілетін болса, ол салық түсімін көбейтетіні де шүбәсіз.
Үшінші мәселе, 2010 жылдарға дейін заңнамаларда болған Қазақстанда өндірілген металл концентраттарын инспекциялық бақылаудан өткізу жүйесінің «жоғалып» кетуі. Осы себепті, елден экспортқа кетіп жатқан концентраттар құрамында өндіруге жарамды бағалы немесе сирек металдардың бар-жоғын ешкім білмейді. Бұл да салық салынбай кетіп жатқан металдардың есебі жоқ екендігін көрсетеді. Мұндай бақылау әрине еліміздегі ірі компанияларға аса ұнай қоймайды.
Геология және тау-кен саласындағы ғылымның жағдайы қандай?
Бүгінде біз бұрғылаудан алған керннен (бұрғылау кезінде алынатын нұсқа) бастап, кеннен металды бөлу әдісін табуға сынақ жасау мақсатында алынатын кен көлеміне дейін барлығын зерттеп, зерделеу үшін шетелдердегі халықаралық лабораториялық ғылыми орталықтарға жібереміз. Сол орталықтарда кезекке тұрып, өте көп көлемде уақыт пен қаржы жұмсау арқылы нәтижелерін аламыз. Яғни «Менделеев кестесіндегі барлық металл бар» деп мақтанатын елімізде халықаралық деңгейде танылған лабораториялар мен сынақ өткізетін ғылыми орталықтар жоқ. Көптеген нұсқа Еуропа, Канада, Ресей және Қытай ғылыми орталықтарына жіберіліп, сол жақтан нәтиже күтіп телміреміз. Өзіміздегі бар ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың қорытындылары халықаралық деңгейде мойындалмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке де қатысты мәселе екенін ұмытпайық.
Жоғарыда айтылған жайттар осы саладағы негізгі мәселелердің аз ғана бөлігі. Тау-кен саласының әлеуеті біздің елде зор екендігі белгілі. Мысалы, бір үлкен кен орнының ашылуы тікелей және жанама он мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитыны, өңірдің және тұтас еліміздің экономикасына салықтар мен түсімдер артатыны құпия емес. Мұндай кен орындарының көптеп ашылуы индустрияландыруды қарқынды жүргізуге үлкен серпін береді, әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей ықпал етеді. Сондықтан саланың қарқынды дамуы үшін жаңа заңнамамен басталған реформаларды аяғына дейін жеткізу қажет деп есептейміз. Сөзімізді түйіндей айтсақ, геологиялық мәліметтерді цифрландырып, оны экологиялық, жер қатынастары, елді мекендер, инфрақұрылымдық объектілермен үйлестіріп, қолжетімді ету, мемлекеттік органдардың ықпалын азайтып, адам факторын жою керек. Бұл ішкі және шетел инвесторларын көптеп тартуға көмек береді.
– Қазақстан аумағының түгел қолжетімділігін ашып, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын (МЖҚҚББ) жою қажет. Бұл уақытша өтпелі кезеңде қолданылуға тиіс болатын. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа жетелеуі мүмкін факторға айналды.
– Ел экономикасында пайдаланатын жаңа координаттар жүйесін енгізу, масштабы кіші геологиялық карталарды жасау жұмыстарын жедел қолға алу;
– Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарына осы күнге дейін бөлінген қаржының жұмсалуын зерттеп, сол жұмыстардың қорытынды есептерін ашық жариялау. Мемлекеттің есебінен тек аумақтық зерттеулерді жүргізу, спутниктік, аэрогеофизикалық замануи әдістерді қолдану, мемлекет есебінен бұрғылауға тыйым салу;
– Геология және тау-кен саласында салықтық жүйені реттеу, геологиялық жұмыстарда алынатын қызметтер мен жұмыстарды қосымша құн салығынан босату, бірнеше жер қойнауы телімдерін алғанда, біреуінен ешқандай пайдалы қазбалар табылмаған жағдайда, оның шығындарын басқа телімдерге есепке алу, роялтиды енгізу, кенде кездесетін сирек металдарды факт бойынша есепке алу жүйесін енгізу;
– Геологиялық зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін қаржы көздерін ынталандыратын құралдарды ұйымдастыру. Мысалы, Халықаралық «Астана» қаржы орталығы негізінде шағын компаниялар үшін биржа ұйымдастыру, арнайы тікелей инвестициялар қорларын құруға жеңілдіктер жасау;
– Тиімді Ұлттық геология қызметін құру. Оның құрамына «Қазгеоинформ» мемлекеттік компаниясы, «Қазгеология» АҚ (бұрғылау құрылымдарын және басқа компаниялармен құрылған бірлескен кәсіпорындарын нарыққа шығарып тастау арқылы), Геология комитеті және геология саласындағы барлық ғылыми-зерттеу институттары кіруге тиіс;
– Металл концентраттарын инспекциялық бақылаудан өткізудің жүйесін қалпына келтіру. Ондай бақылауды жүргізуге мемлекет арқылы аккредитация жасап, халықаралық зертханаларды тартуға болады;
– Халықаралық деңгейде танылған лабораториялық ғылыми орталықтар құрып, олардың жұмысын ынталандыру қажет.
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕН,
бизнес сарапшы, Grey Wolf Management компаниясының директоры