Торғай жұрты қолы ашық жомарт, сөзге шешен, қиын сәтте жол таба білген көсем, аузы дуалы әулие, болжағаны қате кетпейтін көріпкел деп дәріптейтін Сары Қошқар Дауұлы Қабырға өзенінің суы мен шабындығы мол Қоңыртүбек деген жерінде өмір сүрген. Бейіті де сонда. Жасының ұлғайып қалғанына қарамастан Қошқар батыр 1837-1847 жылдары Кенесары хан бастаған Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, жан-жақты қолдау көрсеткен. Хан Кене де қарт батырды қадірлеп, сыйлаған.
Қошқар бабамыз халық батыры Амангелдінің атасы Иманмен туыс қана емес, жақын дос болған. Ел ішінде екі батырдың достығы туралы ескі әңгімелер жетерлік. Соның бір мысалы ретінде қарт журналист Бөгетбай Әлмағамбетұлының «Сары Қошқар батыр» атты мақаласынан үзінді келтірейік:
«Кенесары хан Торғайдан оңтүстікке ауғанда ел жақсыларына адамдарын жұмсап, өзіне еруді талап еткен. Қошқарға Иман батырды жұмсаған.
− Ханға сәлем айта бар. Ренжімесін. Енді оған ере алмаймын. Жас ұлғайды. Бұл сапарда ханның жолы болмайды, − депті Иманға Қошқар батыр. − Қырғыз жері тау-тасты өткел бермейді. Қазақтың далада өскен жылқысы тау-тасты жерге жарамайды. Адамдар да қырғыз жерінің ой-шұқырын білмейді. Олар жерін соғыссыз бермейді. Соғыс болады. Оның арты жақсылықпен бітпейді. Сен ханның оң жағында отырып, қойдың басын тартқанда көз майын көп жеп едің, сен қала алмайсың. Не көрсең де ханмен бірге көр. Сен менен Бозтарлан атымды дәметіп келген шығарсың. Мініп кет. Сен елге оралмайсың. Бозтарлан Қоңыртүбекке келіп өлер» деп айтқан» дейді. Шынында, қариялар батырдың Бозтарланы туған жеріне аман-есен келгендігін айтып отыратын.
Жалпы, Сары Қошқар батырдың ұрпақтары ата даңқына сай болған. Оның үлкен баласы Аяпберген айтулы би болса, немересі Бижан 1916 жылы патшаның қазақ жастарын қара жұмысқа алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, Орынбор мен Санкт-Петербургке Торғайдан барған атақты төрт адамның бірі. Бижанда батырдың кіреуке сауыты сақталған дейді. Ол кісі ұзын бойлы, денелі адам болса да, атасының сауытын кигенде тізесінен түсіп, иықтары салбырап тұрады екен.