Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тәуелсіз елдің архиві де – тәуелсіз.
Архивті сақтау, оны түгендеу – өркениетті елдердің үрдісі.
Тәуелсіздікпен бірге қазақ халқының тарихы мен тағдырына қатысты құнды деректерді сақтап отырған мемлекеттік архивтерге мемлекет тарапынан мән берілді, рухани дүниелерімізді түгендеуге бет бұрдық. Елімізде жаңа саяси басқару жүйесінің енгізілуі және мемлекеттік органдардың құрылуы барысында заңға негізделген архив қызметін құру қажет болды. Тәуелсіз мемлекет ретінде архив ісі саласында алғаш рет «Бұрынғы КСРО мемлекеттік архивтеріне байланысты мұрагерлік құқық туралы келісімге» 1992 жылғы 6 шілдеде қол қойылды және 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Бас архив басқармасының алқасында «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Тәуелсіз елдің Архив ісі саласындағы уәкілетті органы Халықаралық архивтер кеңесіне 1994 жылдан бастап мүше болып қабылданды.
Жоғарғы Кеңестің қарауына 1993 жылы 22 қазанда ұсынылған «Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының жобасы бірнеше мәрте саяси жүйедегі өзгерістерге байланысты кейінге қалдырыла берді, ал 1995 жылы Жоғарғы Кеңес өз өкілеттігін тоқтатып, заңнамалық қызметтерді жүзеге асыру өкілеттілігі екі палаталы Парламентке берілді. 1996 жылы 29 қазанда Бас архив таратылды, оның функциясы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне берілді.
Архив ісі саласындағы осындай түрлі себептерге байланысты кешіктірілген «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданып, Қазақстанның архив жүйесі заңмен ресімделді, архив ісін дамыту бағдарламалары жасалды, архив ісі саласында нормативтік-құқықтық актілер, ережелер, стандарттар әзірленді. Аталған Заңда рухани жаңғыруға бет алған өркениетті елдердің үлгісімен мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды іздестіру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отыратыны туралы көрсетілген.
Шетел архивтерінен ғылыми-тарихи құндылығы бар құжаттарды іздестіру және сатып алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған Мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасымен басталып, әрі қарай Қазақстан Республикасында мұрағат ісін және құжаттама жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасымен жалғастырылды, сөйтіп мемлекеттік архив мекемелерінің маңызды бағыттарының біріне айналды.
Тәуелсіздіктің 30 жылында Архив ісі саласында Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Армения, Литва, Эстония, Польша, Египет және т.б. алыс, жақын шет елдерімен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді.
Әлем жұртшылығымен байланысымызды тереңдете түскен «Мәдени мұра», «Тарих толқынындағы халық» мемлекеттік бағдарламалары аясында шетел архивтерінен, ғылыми мекемелері мен кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу жұмыстары жалғасты.
Ресей (оның ішінде Татарстан, Башқұртстан бар), Түркия, Мысыр, Польша, Армения, Венгрия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай архивтерінен, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан архивтерінде аналогы жоқ, ғылыми және тәжірибелік өзектілігі жоғары тарихи деректер жинастырылды, қолжазбалар мен сирек кездесетін басылымдармен толықтырылды.
Ұлттық архив қорына 2001-2013 жылдары 209 974 кадр микрофильм, 16 808 парақ құжат, 785 архив ісі, 27 шығыс қолжазбаларының көшірмесі, 52 киноқұжат, 1 819 фото негатив, 113 түрлі-түсті слайд, 12 орта ғасыр карталарының көшірмесі, 400 архив құжаттарының жинағы мен анықтамалықтар қосылды.
Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық архив қорына қосылған құжаттарға қысқаша ғана шолу жасап өтсек, Ресей мемлекетінің ежелгі актілер архиві (РГАДА), Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві (ГАРФ), Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві (РГВИА), Ресей мемлекеттік тарихи архиві (РГИА), Ресей мемлекеттік әскери архиві (РГВА), Ресей әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік архиві (РГАСПИ), Ресей империясының сыртқы саясат архиві (АВПРИ), Ресей мемлекетінің кинофотоқұжаттар архиві, сондай-ақ Астрахань, Омбы, Орынбор, Новосібір, Свердлов, Том, Түмен, Челябі облыстарының, Алтай өлкесінің, Тобыл қаласының және т.б. Ресей архивтерінен XVI -XX ғасырлар аралығындағы құнды құжаттар анықталды, көшірмелері сатып алынды. Қазақ хандықтарының Мәскеумен, Ресей империясымен, жоңғар, қалмақ, башқұрт, Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарымен саяси, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынастары туралы материалдар, XVIII-XIX ғ. тән бірегей географиялық карталар, Ресей империясының отарлық саясаты, ұлт-азаттық көтерілістер, Қазақстанның әскери тарихына қатысты құжаттар, мұсылмандардың қажылық сапарлары туралы деректер, Нұралы хан, Жәнібек хан, Айшуақ сұлтан, Кенесары мен Көшек Қасымұлы және т.б. қазақ зиялыларының хаттары, Ресей империясының шенеуніктері А.Л.Данзас, А.И.Макшеев, А.В.Каульбарс, С.А.Хрулевтардың хаттары мен шолулары, Қазақстандағы азамат соғысының тарихы, Алаш Орда тарихына қатысты құжаттар, Отан соғысына қатысқан қазақтар туралы мағлұматтармен Ұлттық архив қоры толықтырылды. Мұрағаттық құжаттардың едәуір бөлігі Ресей империясының жоғары оқу орындарында оқыған қазақтар жөнінде мағлұматтар береді, Санкт-Петербург қаласының Орталық мемлекеттік тарихи архиві, Татарстан Республикасының Ұлттық архиві, Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік тарихи архивінен бұрын белгісіз болып келген талай тарихи парақтар ашылды.
Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен соңғы үш жүз жылда Орта Азия мен Қазақстандағы тарихи оқиғаларды көрсететін құнды құжаттар анықталды, онда Түркістан өлкесін мекендеген халықтар, Ресейдің отарлау саясаты, сауда-экономикалық байланыстар, әскери-саяси мәселелер, ұлт зиялылары, қазақ халқының мемлекеттік және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Ғ.Мұратбаев, С.Қожанов, Т.Жүргенов, М.Шоқай және т.б. өміріне, қызметіне қатысты құнды құжаттар алынды.
Л.Сарковагтың қыпшақ тілінің грамматикасына қатысты құнды еңбегі Месроп Маштоц атындағы Матенадаран ежелгі қолжазбаларды ғылыми-зерттеу институтының қолжазба қорынан (Армения Республикасы) табылды. Орта Азия және Қазақстан тарихына қатысты мәліметтері, сондай-ақ моғолдар, Алтын Орда, Темір және т.б. дәуірімен байланысты шағатай, парсы тілдеріндегі тарихи қолжазбалар, IX-XVI ғғ. армян қолжазбаларын зерделеумен айналысқан К.П.Патканов, А.Г.Гальстян, Н.Марр, Л.Х.Мкртчян және басқа авторлардың ғылыми еңбектерінің көшірмелері алынды.
Польшаның Ежелгі актілер архивінде, Жаңа актілер архивінде, Механикалық құжаттама архивінде және Ұлттық кітапханасында Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, Тоқтамыш ханның Ягеллоға достық ниетін білдірген жарлығының (1393 ж.) көшірмесі алынды. Болеслав Валигори атындағы Орталық әскери архивінен «Прометей» одағының қызметіне қатысты құжаттар, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Еуропаны паналаған өкілдерінің, яғни эмигранттардың саяси қызметін үйлестіріп отырған «Прометей» лигасының құжаттары, эмиграциядағы Түркістан комитетінің өкілі М.Шоқайға қатысты құжаттардың көшірмелері алынды.
Түрік Республикасының Республика архивінен, Тарих құрылымы архивінен (Анкара қ.) Түркияда жарық көрген Қазақстанға қатысты ғылыми мақалалар мен кітаптардың тізімі, түркістандық эмиграция тарихына қатысты деректер, сондай-ақ, Ыстанбұлдағы Осман архивінен Осман императорына Қайып ханның жазған хаттары, жіберген елшісі мен сыйлықтары жөніндегі деректер, Осман империясы мен Түркістан аймағының дипломатиялық қарым-қатынасы туралы мәліметтер сыйға алынды. Сонымен бірге Түркиядағы Алтай ауылынан қазақ диаспорасы туралы деректер жинастырылды.
Түркия Республикасының Премьер Министрі жанындағы Архивтер басқармасынан, Ыстанбұлдағы Түрік әлемі зерттеулер қорынан, Аяз Тахир Түркістан Еділ Орал қорынан, Баймырза Хайт кітапханасынан түрік дүниесіне қатысты сирек басылымдар, каталог, журналдар сыйға алынды.
Түркиялық қандасымыз Сыдықхан Ұлычай сирек басылымдар мен «Иеңи Түркістан» журналының бірнеше санын сыйға тартты.
Орталық еуропалық университетінің Ашық қоғам архивінен «Свободная Европа», «Свобода», «Би-би-си», «Голос Америки» радиоларынан берілген хабарлар мәтіні, шетел баспаларында жарияланған зерттеу бөлімдері қызметкерлерінің ғылыми еңбектері мен мақалалары және Мажарстанның Ұлттық кітапханасынан мажар ғалымы Генри Вамберидің «Құтадғу білік» мәтінінің тілін көне ұйғыр тілімен салыстыра отырып зерттеген ғылыми еңбегі, 1863 жылы Орта Азияға, Каспий теңізінің жағалауына жасаған саяхаты туралы, Әмудария мен Сырдария жағалауына қоныстанған халықтар тарихын зерттеуге арналған еңбектері, сондай-ақ, қазақ халқы мен мажарлардың этностық өзара байланысына арналған мажар ғалымдарының ғылыми еңбектері сатып алынды.
Гувер атындағы Соғыс, төңкеріс және бейбітшілік институты архивінен Т.Рысқұловтың қолжазбалары, ақ гвардияшылар офицері В.Клеммнің естеліктері және т.б. ХХ ғасырдың 30-40 жылдарына қатысты құжаттар алынды. Бұл архивте 1927-1934 жылдары Кеңес Одағында жұмыс жасаған америкалық инженерлердің индустрияландыру және ұжымдастыруға байланысты есептері сақталған. Онда Қазақстанда болған Дж.Литлпейдждің жазбалары, АРА қызметкерлерінің күнделіктері, қолжазбалары, қазақтар өмірінен түсірілген фотографиялар сақталған.
Финляндия Республикасының Ұлттық архивінен 1939-1940 және 1941-1945 жылдары Қызыл армия солдаттары мен офицерлерінің арасынан тұтқынға түскен қазақстандық әскери тұтқындардың карточкілерінің көшірмелері (электронды нұсқасы) алынды.
«Жаңа Сорбонна – Париж III» университетінің кітапханасында сақталған Мұстафа Шоқайдың жеке архиві сатып алынды, онда 1918-1939 жылдары Ресей, Түркия, Германия, Франция, Грузия, Әзербайжан, Армения, Башқұртстан, Түркістан (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан) және басқа елдердегі саяси жағдай, сол елдердің саяси қайраткерлерімен жазысқан хаттары, мақалалары және сұхбаттарының мәтіндері бар.
ФРГ Сыртқы істер министрлігі Саяси архивінен, Бундесархив пен ГДР архивінен эмигранттық ұйымдардың тарихына байланысты материалдар, оның ішінде түркістандық мұғажырлар өкілдеріне жеке досьелер, неміс саяхатшыларының жазбалары және Ресейдегі мұсылмандар туралы, Құлжа өңірінің Қытайға қайтарылуына байланысты Ресей мен Қытай арасындағы келіспеушіліктер, Орта Азиядағы большевизмнің, Ресейдегі орыс емес халықтардың тарихына қатысты деректер тізімі жасалып, сұрыпталды.
М.Шоқайдың өмірі мен қызметін, оның дүниетанымын және саяси көзқарасын тереңдетіп зерделеуге мүмкіндік беретін «Яш Түркістан» журналының 67 саны демеушілер қаржысына Басхановтың жеке топтамасынан (Ұлыбритания) сатып алынды.
Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Король қоғамының архивінен, Ұлыбритания Ұлттық архиві мен Британ мұражайының кітапханасынан Қазақстан өңіріндегі XIX ғ. соңындағы ағылшын – ресей арасындағы бәсекелестік, ұлт-азаттық қозғалысына қатысты құжаттар тізімі анықталды.
Қазақстан тарихына қатысты материалдар Қытай Халық Республикасының бірінші архив қорынан анықталды. Нәтижесінде, Қытайда «Чоубань иу шимо» атпен белгілі, Цзунли гэго шиу ямынь (Сыртқы істер министрлігінің келешек үлгісі – әртүрлі елдер істерін жалпы басқару жөніндегі кеңсе) құжаттарымен (литографикалық фото құжаттар көшірмесі, сирек кездесетін кітаптар, журналдар) толықты. Бұнда қазақтарды қоныстандыру, қазақ хандықтарын сақтау туралы, олардың Синьцзян халықтарының көтерілісіне қатысуы туралы, Қытайдың Қазақстанға қатысты саясаты туралы материалдар жинақталған. Абылай, Әбілмәмбет, Болат және басқа хандардың ұрпақтары туралы, Тезек сұлтан, Алтынсары хан, өзін өзі Хан деп жариялаған Шортан хан туралы сирек кездесетін материалдар бар.
Араб қолжазбалар институтынан, «Дар уль-кутуб ва-л-васаик ал-каумия» (Ұлттық кітаптар мен құжаттар үйі) қорынан IX-XIII ғ. араб ғалымдары, тарихшы, саяхатшылары Ибн Хордадбек, әл-Хамадани, әл-Қазуини, әл-Мақдиси, әл-Масуди, Сухраб, әл-Идриси, әл-Истахри, ибн Хаукал, ибн Рустенің сирек кездесетін шығармалары, ғылыми айналымға түспеген түркі тайпаларының әскери өнеріне қатысты орта ғасырлық қолжазбалардың, ортағасырлық карталардың көшірмелері алынған болатын.
Мысыр ұлттық кітапхана қоры мен архивіндегі шағатай, парсы, тарихи осман тілдеріндегі 23 мың қолжазбалар мен шығыс басылымдарының көрсеткішін жасаған библиограф, ориенталист, тегі қазақ, жеті тілді меңгерген (пушту, француз, парсы, араб, түрік, қазақ, өзбек) мысырлық ғалым Насролла Мубашшир ат-Таразидің (15.03.1922 – 20.04.2002) жеке қоры сыйға тартылды, Ат-Таразидің қорында түрік қолжазбаларының каталогы, өлеңдері, еңбектері, фотосуреттері жинақталған.
Қазақстан тарихына қатысты шетел деректерінің бірыңғай дерекқорын құру және тарихымызға қатысты құжаттар мен қолжазбаларды анықтау, жинау жөніндегі жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз ету және үйлестіру, оларды археографиялық сипаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №183 қаулысымен 2005 жылдың 1 наурызында «Археография және деректану ұлттық орталығы» құрылды. Бұл Орталық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылы 31 мамырдағы № 321 қаулысымен «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы болып қайта құрылды.
Шетел архивінен жинақталған деректердің басым бөлігі тарихи архив – Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі № 692 қаулысымен ашылған Елордадағы тәуелсіз ел тарихын жинақтайтын, сақтайтын және ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» (ресми ашылуы 2006 ж. 14 желтоқсан) қорында сақтаулы.
Архивтерде құнды құжаттардың жинақталуына тарихшы ғалымдар, шығыстанушылардың үлкен шоғыры көмек көрсетті. Бұл істің бастауында архивистермен бірге тарихшы-ғалымдар К.Л.Есмағанбетов, М.Қойгелдиев, В.З.Галиев, Г.К.Көкебаева, Б.Аяған, қытай, моңғол деректері бойынша К.Ш.Хафизова, Қ.Сартқожа, Н.Мұхамедхан, Ж.Ошан, араб, түрік деректері бойынша Ә.Дербісәлі, Б.Көмеков, Б.Батыршаұлы, Ж.М.Тулибаева, Д.Есенжан, Д.Қыдырәлі, Ы.Палтөре, Н.Базылхан, армян-қыпшақ деректері бойынша С.Кудасов, А.Н.Гаркавец керек кезінде ақыл-кеңесін беріп, керек кезінде архив қоймаларында отырып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Қазақстан тарихына қатысты шетел деректерін іздестіру, жинақтау ісіне өз үлесін қосты.
Архивтанушылар да өз кезегінде шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан алынған деректерді топтастырып «Ақпараттық анықтамалық. Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» атты анықтамалықтың 8 томын шығарды. Аталған анықтамалықта Ресейдің федералды архивтерімен қатар, Татарстан, Башқұртстан Республикаларының ұлттық архивтері, Алтай өлкесі, Астрахань, Новосібір, Түмен, Омбы, Орынбор, Свердловск (Екатеринбург қ.), Челябі, Тобыл мемлекеттік архивтері мен Армения, Беларусь, Ватикан, Мажарстан, Германия, Грузия, Египет, Италия, Испания, АҚШ (Гувер архиві), Қытай, Польша, Түркия, Өзбекстан, Франция мемлекеттерінің архивтері мен кітапхана, ғылыми мекемелер қорларында жатқан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың тізімін жарыққа шығарды. Анықтамалықта құжаттың орны нақты көрсетілген, көшірмесі алынған болса Қазақстанның архивіне сілтеме жасалған. Аталған анықтамалық тарихшы-ғалымдар мен архивистердің зерттеулеріне бағыт-бағдар беретін құнды құрал болып отыр. Жинақталған құжаттар негізінде ғылыми жұмыстар, құжаттар жинақтары жариялануда.
Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізуге бағытталған «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында жұмыс жалғасуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», дейді. Рас, Тәуелсіз елдің тарихын өз елінің тарихшысы жазады, сүйенері – архив, сондықтан ұлт тарихын санаға сіңіру ісінде архив қорын сақтау мен байыту қажеттілігі, маңыздылығы арта береді.
Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы
Мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы