Чемпионаттағы өзгерістер
1996 жылы тұсауы кесілген футзалдан Еуропа чемпионаты 2018 жылға дейін әр екі жыл сайын ұйымдастырылып келген болса, енді биылдан бастап үлкен футбол додалары сияқты әр төрт жыл сайын өткізілетін болып бекітілді. Сондай-ақ осы жылы Қарт құрлық біріншілігіне қатысатын құрамалардың саны да артты. Бұған дейінгі чемпионаттарда 12 құрама бақ сынаса, енді олардың саны 16-ға дейін көбейді.
Еуропа біріншілігіне 2016 жылдан бастап қатысқан бастаған Қазақстан құрамасы биыл қатарынан үшінші мәрте өнер көрсетпек. Сербия астанасы – Белградтағы құрлық додасында жерлестеріміз С тобында Ресейден кейінгі екінші орынға табан тіреп, жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Финалға жолдама беретін шешуші матчта азулы Испания футзалшыларынан 5:3 есебімен жеңіліп, үшінші орынға таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде үшін болған ойында жарыс қожайындары Сербияны 5:2 есебімен тас-талқанын шығарып, Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Жерлестеріміздің алғашқы Еуросы осындай үлкен жеңіспен аяқталған еді.
Араға екі жыл салып Қазақстан футзал құрамасының жолы Словенияда ұйымдастырылған Еуропа чемпионатына түсті. Бұл жолы да отандастарымыз тәуір нәтиже көрсетті деп айтуға болады. Кака бастаған жігіттер қола жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Топтық кезеңде бір жеңіс (Польша – 5:1) және бір тең (Ресей – 1:1) нәтижеге қол жеткізіп, бірінші орынмен келесі кезеңге өтті. Ширек финалда Сербияны 3:1 есебімен ұтқанымен, өкінішке қарай, жартылай финалда тағы сол Испанияға пенальтиде жол берді – 5:5 (5:3). Қола үшін болған ойында ресейліктердің бағы жанды – 1:0. Сөйтіп, екінші Еуропа чемпионатында төртінші орынға табан тіредік.
Енді, міне, үшінші Еуропа чемпионатында да жүлделі орындардан көрінуді көздейтін Қазақстан футзал құрамасы дүйсенбі күні Нидерланд елін бетке алды. Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл – Амстердам бағытында ұшып, EURO-2022 додасы өтетін елге табан тіреді.
Бразилиялық бестік
Ұлттық құраманың Нидерландқа сапары алдында «Қайрат» футзал клубының баспасөз қызметі команданың бразилиялық шабуылшысы Эдсонның Қазақстан азаматтығын алғанын хабарлады. Демек, ол бүгін Словениямен болатын ойында ел намысын қорғауы әбден мүмкін. Эдсон – Қазақстан азаматтығын алған бесінші бразилиялық футзалшы. Игита, Дуглас және Лео Қазақстан ұлттық құрамасында сегіз жылдан бері доп теуіп келеді. Ал Тайнан Эдсон сияқты 2018 жылғы Еуропа чемпионатының алдында ғана ұлттық құрама жейдесін киген еді.
Эдсонның Қазақстан азаматтығын алғаны интернет басылымдарында хабарланғаннан кейін жанкүйерлердің пікірі екіге бөлінді. Ал футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Әміржан Мұқанов Эдсонның ұлттық құрамаға алынуын дұрыс шешім деп есептейді.
– Ұлттық құраманың ішінде жергілікті ойыншылар мен легионерлер арасында тепе-теңдік сақталуы керек. Кака әзірше бұл істі мінсіз атқарып келеді. Дуглас, Лео, Игита секілді жігіттер ұлттық құрамада 2013 жылдан бері ойнап келеді. Ал Эдсонның оларға қарағанда әлдеқайда жас екенін ескерсек, бұл бас бапкердің алдағы чемпионаттарға жасаған қадамы болуы мүмкін. Жігіттеріміз былтыр әлем чемпионатында қалай ойнағанын, жүлдеге бір қадам жетпей қалғанын бәрі жақсы біледі. Сондықтан Кака сол олқылықтың орнын толтырып, осы құраммен бірге биыл Еуропа чемпионатында топ жаруды көздеп отыр. Эдсон өз кезегінде ұлттық құрамаға көмегін тигізеді деп ойлаймын, – деді ол.
Сондай-ақ футзалдан Қазақстан құрамасының капитаны, әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы Игита да бесінші легионер туралы өз ойын ортаға салды.
– Біріншіден, бұл автоматты процесс екенін айтқым келеді. Өйткені осы чемпионаттан кейін Қазақстан құрамасында буын алмасып, жаңа циклға дайындық басталады. Мен, Лео және Дуглас келесі әлем, Еуропа чемпионаттарында ойнаймыз ба, жоқ па оны білмеймін. Себебі біз жас емеспіз. Әлі де 3-4 жыл доп тебуге күшіміз жететін шығар, бірақ уақыт озған сайын жастармен иық тірестіре ойнау бізге қиындай түседі. Сондықтан болашақ туралы ойлану керек. Азаматтықты кез келген ойыншы ала алмайды. Ол өзінің мықты әрі сол орынға лайықты екенін дәлелдеуі керек. Ал Эдсонды Қазақстан жанкүйерлеріне өзін дәлелдеп үлгерген ойыншы деп есептеймін. Ол осы чемпионатта бізге зор көмегін тигізетініне сенімдімін, – деді Игита.
Кейінгі 6-7 жылды алып қарасаңыз, Қазақстан футзалы қай деңгейге дейін жоғарылағанын байқайсыз. Легионерлер болса алаңда Қазақстан құрамасы үшін бар ынта-жігерімен, шын жүрегімен ойнап жүр.
Топтағы қарсыластар
Қарт құрлықтың біріншілігінде Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсететін болады. Онда Еуропаның екі дүркін чемпионы Италия, Словения және Финляндия құрамалары бар. Топтағы бірінші орынға Қазақстан құрамасы дәл осы Италия командасымен бірге таласатын секілді. Біздің топтық матчтар Гронинген қаласында ойналады. Топтық кезеңнің матчтары 20-28 қаңтар күндері өтеді. Ширек финалға әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар ғана шығады.
Жеребеден кейін бас бапкер Кака қарсыластардың мүмкіндігін былай бағамдаған еді: «Еуро-2022 турниріндегі барлық топ мықты деп ойлаймын. Мұндай турнирде жеңіл топтар болмайды. Бірінші матчты Словениямен өткіземіз. Олармен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнадық. Бұл техникалық жағынан мықты және қуатты команда. Сонымен қатар Дуглас бұл кездесуге қатыса алмайды, өйткені ол өткен Еуропа чемпионатының соңғы матчында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Финляндия құрамасы физикалық тұрғыдан мықты команда саналады. Италия құрамасында буын алмасу процесі жүріп жатыр. Егер бұрын Италияда онға жуық бразилиялықтар ойнаған болса, қазір олардың құрамында италиялықтар көп».
EURO-2022 додасы кеше Нидерланд – Португалия матчымен басталды. Ал бүгін Қазақстан Словениямен күш сынасып, додадағы алғашқы матчын өткізеді. Араға 4 күн салып, яғни 24 қаңтарда Финляндиямен кездеседі. 28 қаңтарда Рикардо Кака шәкірттері италиялықтармен ойнайды. Осы матч көп сауалдың түйінін тарқатады.
Матчтар 2012 жылдан бастап пайдалануға берілген Ziggo Dome және 1989 жылы құрылған MartiniPlaza спорт кешендерінде өтеді. Ziggo Dome аренаға 11 мыңға жуық, MartiniPlaza-ға 4 мыңнан аса жанкүйер сыяды.
Еуроға қатысатын Қазақстан құрамасының мүшелері:
Қақпашылар: Игита, Рауан Атантаев.
Алаңдағы ойыншылар: Тайнан, Нұрбек Қарағұлов, Эдсон, Лео, Азат Валиуллин, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Арнольд Кнауб, Дәурен Тұрсағұлов, Жомарт Тоқаев, Дуглас және Біржан Оразов.