15 Наурыз, 2014

Жылына екі рет өнім алады

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Күздік бидай егіп, оны жазда орып ала салысымен орнына сәбіз егіп тастап, күзде мол өнім жинап алатын жанкештілікті сіз көрдіңіз бе? Бір жылда егістіктен екі рет өнім алып, жерді тиімді пайдаланудың бұл тәжірибесі Сайрам ауданында бүгінде жаңалық емес. Содан болар, халқы көп, шетінен еңбекқор бұл ауданда  «жұмыс таппадым, жұмыс жоқ» деген әңгіме көтерілмейді. Бұл жақта жұмыс емес, жер сұрап келетіндер көп. Енді міне, сайрамдықтар жылыжайды көбейтіп, екі рет өнім алуды кеңінен қолға алуда. SAM_1385 SAM_1388 Өткен аптада Сайрам ауда­нын­дағы «Ф. Ифтихари» жеке кәсіп­керлігінің жылыжай кеше­нінің құрылысымен танысып қайт­тық. Осы шаруашылықтың іс бас­қарушысы Камал Қалда­ровтың айтуына қарағанда, жылы­жай құрылысы 1 жыл бұрын басталған екен. Жылыжай жабдықтарының бәрі Израиль елінен жеткізілген.  Барлық тетік тек компьютер арқылы жұмыс істейді. Егер кенеттен ауа райы бұзылатын болса, терезелер автоматты түрде өзі жабылады. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемле­кеттік бағдарламасының Индус­трияландыру картасы аясында жүзеге асуда. Құны 488,9 млн. теңгені құрап, 2 гектар аумақты алып жатқан бұл жылыжайда жылына 800 тонна қияр, қызанақ өсірілетін болады. Тағы бір айтары, жылыжай көшетті сырттан алмайды, өздерінде өсіреді. «Жұмысшылардың бә­рі жергілікті тұрғындар. Гол­­лан­диялық мамандар олар­ға шетелдік технологияны меңгерудің қыр-сырын үй­рет­ті. Қазіргі таңда 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр­мыз. Алғашқы өнімді сәуір айының ортасында жинаймыз. Жылыжайдан жылына 2 мәрте өнім алынады. Жұмысты 1 ғана оператор бақылап, тетік­терді қосып-өшіріп отырады. Бо­лашақта өнімді алдымен жер­гілікті базарларға таратамыз. Сондай-ақ, қазірдің өзінде Ресей, Алматы, Астанадан, басқа да облыстардан тапсырыстар түсіп жатыр», дейді Камал Қалдаров. Яғни бұл кәсіпорын қыс мез­гілінде қызанақ бағасын тұрақ­ты қалпында ұстап тұруға мүм­кіндік беріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне септігін тигізетіні анық. Жоба толығымен «ҚазАгроқаржы» АҚ тарапынан қаржыландырылып, «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында инже­нерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылыммен қамтылған. Жалпы алғанда, бүгінде Сайрам ауданында Индустрияландыру картасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Ал, облыс бойынша 155,0 гектарға қосымша жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 720,0 гектарға жетті. Осы жылыжайлар есебінен өткен жылы 150 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы. Суреттерді түсірген Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.