15 Наурыз, 2014

Ұзақ өмір сүрудің сыры неде?

606 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде алты жылдан бері психотерапевт қызметін атқарып келемін. Мемлекеттің тікелей қамқорлығындағы 300-ден астам адамға жас ерекшеліктері мен денсаулық ерекшеліктеріне қарай психотерапевтік те көмек көрсетіледі. Мұндағы адамдар арнайы бес топқа бөлінген. Бірінші топтағылар – жастары 80-85-тен 100-ге дейінгі аралықтағы қариялар. Осылардың ішінде мен бірінші топтағы, яғни 80-85 жас пен одан жоғары жастағы қариялар туралы әңгімелесем дей­мін. Олардың 77-сі әйел, 14-і ер адамдар. Бұл кісілерді емдеумен қатар, тәжірибелік бақылауға да алып жүрмін. Бақылауға алып жүрген кісілерімнің туған уақыты, тұрмыс жағдайлары аласапыран кезеңдерге сай келеді. 1931-33 жылдардағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы сталиндік репрес­сия, 1941-45 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс, одан қалса соғыс жылдарынан кейінгі қиыншылықтар, ал одан да бері тың және тыңайған жерлерді игеру мәселелері деген сияқты. Бұлардың бәріне де жоғарыдағы қариялар жанама куәгер болды немесе тікелей бастарынан өткерді десек қателеспейміз. Сөйте тұра, олардың ұзақ жасауына қандай жағдайлар себеп болды дейтін сау­ал көлденеңдейді. Оқырмандар адам баласында ең басты рухани (психикалық) және соматикалық денсаулық түрі болатынын білуі тиіс. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласының ұзақ жасауы да осы екі денсаулық түрінің бір-біріне сәйкес келуіне байланысты болса керек. Әйтсе де біз өз пайымымызды бекіте түсу үшін тест сұрақтарын дайындадық. Бұл күнделікті жағдайлар мен өткен шаққа, сондай-ақ, келешекте болатын тұрақты жағдайларға арналған 31 сұрақты қамтиды. Біз жауаптардың нәтижесін талдай отырып, осы кісілердің өмір сүруінде қандай өзгешеліктер болды немесе оларға ортақ қандай нәрселер бар екенін анықтадық. Оған қоса, бұл өзгешеліктер мен ортақ нәр­селер­дің рухани денсаулық пен соматикалық денсаулыққа әсерін де сараптауға ұмтылыс жасадық. Енді оқырмандарға солардың барлығына ортақ жағдайларды баяндағым келеді. Бұл адамдардың біразы Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатыс­­қандар болса, енді біразы тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысқандар. Олар еңбекті жоғары дәріптейді. Мейлі қара жұмыс болсын, мейлі басқа да жұмыс түрлері болсын, адам баласы еңбек етуі тиіс. Жұмыстан ешуақытта қол үзбеу керек. Екінші орында 18-20 жасында, әрі кетсе 22 жаста тұ­рақ­­ты отбасын құру айтылды. Отбасында ұрыс-жанжал болмау керек. Көбісі өте қиын жағдайларда да ата-аналарының жанжалдаспағанын атап көрсеткен. Ең бастысы, өткен ғасырда қоғамда атеистік көзқарас болды десек те, бұл адамдар дін ұстанған, дәстүрді қадірлеген, өтірік айтудан, жалған тірлікпен айналысудан, ұрыс-жанжалдан алыс болған. Әрине, мұның бәрі насихат үшін жазылып отырған дүние емес. Жоғарыда айтылған 91 адамның тест жауаптарының көрсеткіші олардың 100 жасқа дейін өмір сүрулерінің бірден-бір рухани себептері десе болғандай. Күнделікті тіршілікте адамдар мұндай жағдайларды ойлана бермесе керек. Әйтпесе қоғамда тепсе темір үзетін жігіттер қолдан келетін жұмыспен айналысудың орнына, селтеңдеп бос жүрмес еді. Бос жүру, жұмыс істемеу рухани денсаулықты күйзелтеді. Оған қоса, 30-дан асса да отбасын құрмайтындар көбейіп барады. Мұны рухани денсаулық күйзелісінің негізгі себебі десе болады. Осы екі күйзеліс адамдардың өмірге көзқарасын бұзады. Өзіне өзінің сенімсіздігін туғызады. Руха­ни күйзелісті басу үшін адам­­­­дар­­дың түрлі азғындық қадамдарға ба­рып жататыны да түсінікті жайт. Әбіл ПІРЗАДАЕВ, жоғары сыныпты психотерапевт. АСТАНА.