15 Наурыз, 2014

Сенаттағы кездесулер

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бейбітшілік институтының президенті Терье Род-Ларсенмен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Белгілі норвег дипломаты, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары және Таяу Шығыстағы бей­біт реттеу жөніндегі БҰҰ-ның Ар­наулы үйлестірушісі Т.Род-Лар­сен өзі басқарып отырған Ха­лық­аралық бейбітшілік институтының сараптамалық қызметі мен жобалары туралы баяндап берді. Жүздесушілер қазіргі за­ман­дағы халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және халықаралық құқықтың өзекті мәселелері, сон­дай-ақ, құбылмалы әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі туралы пікір алмасты. Сол күні Қ.Тоқаев Жа­по­нияның Қазақстандағы елшісі Масаеси Камохараны да қабыл­дады. Парламентаралық байла­ныстардың келешегі мен екіжақты эко­номикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың мәселелері талқыланды. Қ.Тоқаевтың пікі­рінше, Жапония Премьер-министрі Шиндзо Абэнің Қа­зақ­станға жоспарланып отырған сапары Қазақстан мен Жапония қатынастарындағы маңызды оқиға ретінде өзара тиімділікке қуатты серпін беретін болады.