Жоғары оқу орындары шетелдік оқу орындарымен бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл ретте отандық жоғары оқу орындары шетелдік университеттермен халықаралық байланысты күшейтуі керек. Бірақ осындай жұмыстар қағаз бетінде, жоспар жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жоғары нәтижеде іске асырылғаны абзал.
Президент тапсырмасына ойыссақ, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ондағы оқытушылық құрамның сапасын арттыруға тікелей байланысты. Өйткені мықты кадрлармен ғана кез келген мекеменің қадірі артады. Қазір әр университет өзіндік ішкі тәртібіне қарай жұмыс істейді ғой, сондықтан әр жоғары оқу орнының оқытушылық құрамға, олардың біліктілігін арттыруға деген көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін.
Бізге университет оқытушыларының кемі екі немесе үш жылда бір рет халықаралық деңгейде, шетелдік университеттерде білімін жетілдіруін, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуын міндеттейтін жүйе керек секілді. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орнының қандай да бір мәртебесіне, қай ведомствоға бағынышты екеніне қарамастан бірдей міндет болғаны дұрыс. Себебі елімізде мемлекеттік, жекеменшік, өңірлік, ұлттық, халықаралық университеттермен қатар дәрігерлерді, әскери қызметкерлерді, өнер адамдарын даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Барлығында кадрдың кәсібилігіне деген жауапкершілік біркелкі болғаны жөн-ақ.
Жақында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары саласын реформалау керек екенін айтты. Негізі өзгеріс, жүйелеу сол салаға маман даярлаудан басталуы қажет. Сол секілді білікті дәрігерлердің де қаншалықты сұраныста екенін пандемия анық көрсетті. Ал кейбір өңірлерге мықты мұғалімдер жетіспей жатқанын Президенттің өзі айтты. Түптеп келгенде барлық салаға кәсіби кадр керек. Кәсіби кадрды маман даярлайтын оқу орындары қалыптастырады. Ал маманды оқытып, даярлап шығаратын оқытушының өзі білікті болуға тиіс.
Венера МУСИНА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды
университетінің аға оқытушысы