Қазақстан • 21 Қаңтар, 2022

Жастар санасына қозғау салады

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президентіміз Қ.Тоқаевтың батыл шешімдері арқылы елге төнген қауіп-қатерге тойтарыс берілді. Қазақстан халқына үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз мемлекеттік егемендігіміз бен территориямыздың бүтіндігіне нұқсан келтіруге жол бермейміз» дей отырып, мұндай оқиғалардың қайталанбау керектігін қадап айтты.

Жастар санасына қозғау салады

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, болашақта басымыздан өткерген қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бұл ретте, әсіресе, ел болашағы – жастармен жұмыс істейтін педагогтерге де үлкен жауапкершілік жүктелуге тиіс. Барлық білім беру ұйымдарында қаңтар оқиғасы туралы оқушылар мен студенттер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгені абзал. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге жаңаша тың серпін беретіндей нақты іс-шаралар жоспары жасалып, жүзеге асырылуы қажет. Оның қатарында ашық тәрбие сағаттары, арнайы талқылаулар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, тәртіп сақшыларының шақырылуымен осы тақырып шеңберінде арнайы кездесулер өткізілер болса, жастар санасына қозғау салған болар еді. Осылайша, білім беру саласының қызметкерлері Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, жас ұрпаққа елдің бірлігі мен берекесі бәрінен қымбат екенін сезіндіретіні хақ. Ұстаздарымыз да, шәкірт­теріміз де «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілектің қадіріне де тереңірек бойлайтын болады.

Сондай-ақ жастарымыз жел сөзге еріп, арандату­шылықтың жетегіне еріп кетпеуге тиіс. Осы тұста тағы да Президентіміздің «...Интернетке еркіндік берілгенімен, ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін» деген сөздері тілге оралады. Қызу эмоцияға бой алдырмай, әр сөзімізге, әр ісімізге абай болғанымыз жөн. Ел басына қауіп-қатер төнген қиын шақта Мемлекет басшысының батыл әрекеті мен «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз неғұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Біз мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз» деген сөзі, болашаққа деген нық сенімі халқымызды жігер­лендіріп, үмітін үкіледі. Еліміз қуатты болуы үшін, бәріміз Мемлекет басшысына зор қолдау білдіріп, бірлі­гімізді бекемдей түсейік, тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірінің өрлей беруіне үлес қосайық.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру ісінің үздігі,
Білім беру саласының құрметті қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ