Елорда • 22 Қаңтар, 2022

Елордадағы құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 қолданысқа қашан беріледі

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 жұмыстары қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордадағы құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 қолданысқа қашан беріледі

«Елордада жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынатынын, ал жылыту маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескерсек, жылу энергиясының қуатын арттыру қажет. ЖЭО-3 құрылысы – 10 жыл бұрын басталған қаланың ұзақ құрылыстарының бірі. Былтыр біз ЖЭО-3 құрылысын қайта бастадық.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет нысан құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді. Бүгін аралау барысында ЖЭО-3 құрылыс-монтаждау жұмысымен таныстым.

Мердігерге биыл ЖЭО-3 құрылысын аяқтауды тапсырдым. Келесі жылыту маусымының басында (2022 жылдың күзі) ЖЭО-3 қуаттылығы сағатына 240 гигакалорияны құрайды. Ал 2023 жылдың қаңтарында – сағатына 360 гигакалория (440 Гкал/сағ дейін). ЖЭО қуаттылығы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, үш газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Олардың қуаттылығы сағатына 1600 гигакалорияны құрайды, бұл ЖЭО-3 қуатынан 3,5 еседен аса көп. Осылайша газ қазандықтары 22 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді қосымша жылытуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді: ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды, сол сияқты қаланы газдандыру бойынша жұмыстар ары қарай да жүріп жатыр», деп жазды елорда әкімі әлеуметтік желіде.