Медицина • 23 Қаңтар, 2022

«Аңсаған сәби» қанша шаңырақты қуанышқа бөледі?

2904 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтырдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы қаншама отбасына шарапатын тигізіп, бала сүю бақытын бұйыртты. 2021 жылы аталған бағдарлама аясында бөлінген квота толық үлестіріліп, 7 мың пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасалды.

«Аңсаған сәби» қанша шаңырақты қуанышқа бөледі?

Нәтижесінде, 3 мыңға жуық әйел бала көтеріп, бүгінде 360 сәби аман-есен дүниеге келді. Жаңа туған нәрестелердің 181-і – қыз, 179-ы – ұл. Босанған аналардың ішінде 65-і бірден бірнеше бала көтерген екен. Жалпы, қол-аяғын бауырына алған аналарға қоса әлі де ай-күнін күтіп отырған әйелдер бар. Сондықтан сүйінші сұрайтын күніміз көбейе бермек.

Президент 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап ЭКҰ квоталарын 7 есе ұлғайта отырып, «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Бұған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.

Әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру қоры аталған бағдарлама квота­ла­ры бо­йынша ЭКҰ қыз­ме­тінің орындалуын ұйым­дастырады. Бұл ретте мем­ле­ке­ттік қыз­мет­ті МӘМС аясында 19 кли­ника ұсынады. Оның үшеуі – мемлекеттік, 16-сы – жекеменшік. Жоға­ры­да ата­ғанымыздай, осы клиникаларда былтыр 7 мың па­циентке ЭКҰ жасалып, оның 3 мыңға жуығы жүк­ті әйел ретінде тір­кел­ді. Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі Аналар денсау­лы­ғын қорғау басқар­ма­сы­ның басшысы Шәкизат Ха­лықо­ва­ның айтуынша, әлемде 7 мың ЭКҰ-ның 30-32%-ы сәтті шықса, бұл өте жақсы көрсеткіш болып саналады.

«Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы нақ­ты былтыр ақпан айынан бастап жүзеге асы­рыла бастады. Содан бала көте­ру­ге қабілетті жас­­тағы аза­мат­тардың санын ескере оты­рып, ай са­йын мониторинг жасап, өңір­лер бойынша ЭКҰ квотасын бөлдік. Республика бо­йын­ша 8 қалада 27 реп­родуктивті медицина ор­та­лығы жұмыс істейді. Соның ішінде 19-ы бөлінген квоталар бойынша ЭКҰ қызметін ұсынды. Мұндай орталықтар көбі Алматы қаласы және Алматы облысы болғандықтан, пациент­тер­дің басым бөлігіне осы өңірлерде қызмет көрсетілді. 2021 жылы жүргізілген 7 мың ЭКҰ қызметінің нәти­же­сі биыл қараша айында толық белгілі болады. Өйткені әлі босанбаған жүкті әйелдердің саны көп. Әзірге 360 бала дүниеге келді. Жалпы, әлемдік көр­сет­кіш бойынша 7 мың ЭКҰ әдісінен 2000-2500 бала туса, бұл өте жақсы нәтиже деуге болады», дейді Ш.Халықова.

Бұл ретте маман квота иеленген пациент алғашқы мүмкіндігінен бала көтере алмаса, келесі жылы тағы бір рет ЭКҰ әдісіне тегін жүгіне алатынын атап өтті. Одан кейін де пациенттер өз қаржысымен бірнеше рет ЭКҰ жасатамын десе, қал­та­сына ауыр тимейді екен. Өйткені квота бойын­ша алғашқы алынған эмбрион­­дарды біраз жылға де­йін сақтауға мүмкіндік бар.

«Өткен жылдың дерегі бойынша 14 мыңнан аса әйел бедеулік диагнозымен тіркелген. Бұған қоса дәл осындай мәселемен 4,5 мыңға жуық ер адам есепте тұр. Бірақ бұл азаматтардың барлығы бала сүйе алмайды деген сөз емес. Қазіргі дамыған медицинаның көмегімен қаншама адам дертіне дауа тауып, перзент сүйіп жатыр. Оның дәлелі әрі дәнекері – осы ЭКҰ. Сондықтан бала сүйе алмай тауы шағылған, тау­сыл­ған жас отбасыларды дәстүрлі емге сүйеніп, түрлі ырым-нанымға сеніп уақыт өткізбей, бірден медицинаға жүгінуге кеңес берер едім», дейді Ш.Халықова.

Өткен жылдың желтоқсан айында газетімізде хабар­ла­ғанымыздай, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тұңғыш сәби елордада дүниеге келді. Қаладағы №2 көпбейінді ауруханада туған ұл балаға Әмірхан деген есім берілді. Сол сәт­те Әмірханның анасы: «Бұл бағдарлама – біз се­кілді балалы болғысы келетін ерлі-зайыптылар үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын біз ақылы негізде ЭКҰ жасадық, бірақ бəрі сəтсіз аяқталған. Бұл жолы да үмітіміз орындалмайды деп қатты алаңдап едік, бақытымызға қарай ата-ана атанып отырмыз. Жүктілікке дейін жəне жүктілік кезінде басы-қасымызда болған дəрігерлерге алғысым шек­сіз. Аурухананың барлық медицина қызметкеріне рақмет айтқым келеді. Біз бақыттымыз!» деп қуаны­шы­мен бөліскен болатын.

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қол­же­тімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы негізінде Үкіметтің 2021 жылдың 12 қазанындағы №725 қаулысы аясында 2025 жылға дейін жыл сайын 7 мың квота қарастырылған. Осылайша, ЭКҰ кезегінде тұрған па­циенттерді МӘМС арқылы барынша қамтуға мүмкіндік туып отыр. Былтыр 30 жел­тоқсанда Денсаулық сақ­тау министрлігі фер­тильді жастағы әйелдер мен ер­лер­дің санын ескере отырып, әр өңірге қарай 2022 жылға арналған 7 мың ЭКҰ бағ­дар­ламасын бөлуді жүр­гіз­ді.

Жалпы, Қазақстанда 1995 жылдан бастап 2020 жылға дейін 85 мыңға жуық ерлі-зайыптылар қосалқы репродуктивті технологиялар (ҚРТ) әдістерімен емделді. Қазіргі уақытта елімізде «түтікшеден» 25 мыңнан аса бала дүниеге келді. 2010 жылдан бас­тап республикалық бюджет қаражаты есебінен бе­деу­лік диагнозы қойыл­ған науқастарды ҚРТ әдіс­те­рімен емдеу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама ен­гі­зілді. Содан бері 10 мыңға жуық ҚРТ бағдарламасы қар­жыландырылды, нәти­же­сінде 3 мың бала дүниеге келді. Яғни бұған дейін
ЭКҰ-ға­ 10 жылда 10 мыңдай ғана квота бөлінген, ал бүгінде осы квоталардың 70%-ы бір жылда ғана беріліп отыр.