«Egemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы сәуір айындағы санында Түркістан облысы Сайрам ауданындағы игі бастаманы осылай насихаттаппыз. Мақаламызда «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысында аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің: «Егер осы ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмасаңыз, егер сіз Сайрам ауданының жанашыры болсаңыз, шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деген сөзін келтіргенбіз. Әкімнің өзі «айтыңыздар» деп отырған соң, тұрғындар тартынбай, өзекті деген мәселелерді ортаға салған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» екені айтылғанын, осы орайда Сайрам ауданында билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың оңтайлы жолдары қарастырылып, жүзеге асырылып жатқанын жеткіздік, ел газеті арқылы. Ал күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданының тәжірибесін барлық аудан, қалада қолдану қажеттігін айтты.
Аудан әкімдігі мен Nur Otan партиясы филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубында жергілікті басшылар мен халық тұрақты түрде кездесіп, ең өзекті мәселелерді талқылайды. Ол мәселелер заң шеңберінде шешімін тауып келеді. Қарабұлақ ауылында ауданның зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі сайрамдықтардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен батыс және оңтүстік облыстарды дамыту жоспары әзірленетінін, бұл бастама ел әлеуетін көтеруге оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде бірлігі мен тыныштығын сақтаған Түркістан жұртшылығына ризашылығын білдіріп, бұның бәрі жергілікті әкімдіктер мен қоғам мүшелерінің, халықтың арасындағы байланыстың жақсы дәрежеде болғанының белгісі екендігін жеткізді. «Өңір тұрғындарының ауызбіршілігі мен тәртіп сақшыларының, әкімдіктердің, қоғам белсенділері мен зиялы қауым және ерікті жастардың бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде облысымызда бұзақылық оқиғалары тіркелген жоқ. Бейбіт митингтер болды, бәріне жедел түсіндіру жұмысы жүргізіліп, диалог орнатылды. Нәтижесінде, облысымыздан төтенше жағдай режімі алынып тасталды. Кабинетте отыра берсең, халықпен кездесіп тұрмасаң, қоғамдағы кейбір мәселелерді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан пандемия қолды байласа да, аудан, қалаларға сапарымда міндетті түрде ардагерлермен, зиялы қауыммен кездесемін. Кездесуге кәсіпкерлерді, жастарды, қоғам белсенділерін, жалпы айтары бар тұрғындарды да қосып отырмыз. Сөйлесейік, бір-бірімізді тыңдайық, елдің мәселесін бірлесе шешейік деген оймен. Еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын», деді облыс әкімі кездесуде. Сондай-ақ сайрамдықтардың игі істері жоғары бағаланды. Тұрғындары тығыз орналасқан ауданда әркім өз тірлігімен айналысуда. «Парасат» пікірталас клубы аудандағы мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуде. «Клубтың көшпелі отырыстары әр ауылда өтіп, келелі мәселелер талқыланады. Біразы сол мезетте шешіліп жатады. Ең бастысы, билік пен халық арасындағы диалог алаңы бар. Сайрам ауданының тәжірибесін барлық аудан, қалада қолдануымыз керек. Кәсіпкерлікті дамытуда да үлгі тұтар істер мол. Жоғарыда айтқанымдай, бізде халық пен билік арасында байланыс жақсы. Бірақ әлі де тереңдете түсуіміз керек. Әр әкім өзі басқаратын аумақтың проблемасын, жай-күйін жақсы білетін болса, өз жұмысын дұрыс атқарса, тұрғындармен ашық диалог орната алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдіктерге елдің әлеуетін көтеруге бағытталған тапсырмалар берді. Қымбатшылықты тоқтатып, бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, қоғаммен байланысты нығайту және өзге де салаларда жақсы бетбұрыстар болады және осы бағытта жұмысты күшейтеміз. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз назарға алынады», деді Ө.Шөкеев.
Кездесуде зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қоғамдағы түрлі мәселені көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен ел ағалары да келелі ойларын ортаға салды. Елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ екенін айтып, Президенттің бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.
Түркістан облысы