Әдебиет • 24 Қаңтар, 2022

Қорғауға зәру құндылықтар

1811 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлы дала тарихы ол тек қарға тамырлы қазақтың ғана тарихы емес, тұтас адамзаттың алтын арқауы, түп-тамыры десек, қателеспеген болар едік. Барлық жол Римге апаратын болса, сол жолдардың дені қазақ сахарасын көктей өтеді. Тұтастай алғанда дүниежүзі тарихы – қазақтың да байырғы көне шежіресі. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздегі сол тамыры терең бағзы тарихтың көп беттері небір зобалаң зұлматтардың кезінде аяусыз жыртылды, отқа өртелді. Адам баласының тарихи санасын талқандасаң, ең алдымен танымы таяздайтыны белгілі. Осы ойды орайлы пайдаланған отарлаушылар қазақ даласына анталай кіріп, басқыншылықты алдымен тарихи маңызы зор көне нысандарымызды қиратудан, ескі жәдігерлерімізді жермен-жексен етуден бастады.

 

Қорғауға зәру құндылықтар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»

Арыға бармай-ақ, кешегі «Қаралы қаң­тар» трагедиясында да ұлттық құндылық­тарымыз жазықсыз жандармен бірге жапа шекті. Мәселен, Алматы қала­сындағы Қазақстанның Мемлекеттік Орта­лық музейіне бү­лікшілер 5 қаңтар күні шабуыл жа­саған уақытта 300 мыңға жуық тарихи жәдігеріміз, баға жетпес бай­лық­тарымыз, құнды қазыналарымыз оп-оңай отқа орана жаздаған, қанды қол қарақ­шылардың аяу­сыз талауына түсуге аз қалған. Бүлікшілер аталған мұражайға басып кірген бо­йда адамзатқа түгел ортақ құнды мұра «Алтын адамды» және му­зей­дегі алтын заттарды іздепті. Ең қорқыныштысы, сол музейді со­йылды содырлардан мұражай қыз­меткерлерінің шыр-пыр бол­ған қыз-келіншектері өздері қорға­ғандығы.

Алматыдағы Мемлекеттік Орта­лық музей директорының орынбасары Би­бігүл Дәндіғараеваның жур­налистерге берген сұхбатын оқы­ғанда адамның төбе құйқасы шымырлайды. «Қалада оқыс жағ­дай басталған кезде музейде жеті қызметкер қалып, басқаларын үйле­ріне қайтарып жібердік. Түстен кейін музейге таяу орналасқан жер­дегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей адам музей ғи­ма­ратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіс­пеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай, электрон­ды құрылғыларды қирата бастады. Ара­сында біреулері менің сөзімді естіп, қал­ғанына тоқтау салды. Бұл заттардың бар­лығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымыздан ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады дедім. Тыныштық орнатып, ме­нен «Алтын адамның» оригиналы қай­да?», «Алтын заттар қайда тұр?», «Қы­лыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта му­зей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қой­мады. Музей туралы, музейдің қа­зір және болашақта не үшін керек еке­нін тоқтамай айта беріппін. Арала­рына кіріп, бірде ортасына шығып, ба­рынша көндіруге тырыстым», дейді Б.Дән­діқарақызы.

Бұл нені білдіреді, бұл – біздің мемлекет ең алдымен осындай мұра­жай­лардың, құнды құжаттар жинақталған архивтердің, көне қол­жазбалар сақталған кітапханалардың күзет қызметін дереу күшейту керек­тігін көрсетеді. Әйтпесе, қарулы қақ­тығыстар кезінде адамдармен қоса осындай тарихи бағасы зор құнды мұраларымыз да түп-тамырымен біржола жойылып кетпесіне кім кепіл?

Жойылып кетпесе емес, сол Алма­ты­дағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Qazaq­stan ұлттық теле­арнасының ғи­ма­раты зардап шегіп, ондағы «Ал­тын қор» қоймасы мен серверлер бөл­месі толық жалынға оранған болатын. Сорақы сойқан кезінде телевизия қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Ка­мал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шер­хан Мұртаза сынды алып тұлғаларға қойылған ескерт­кіштердің де күл-тал­қаны шыққан. 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қор» былайша айтқанда бір-ақ сәтте көзден ғайып болған.

Біз осы оқиғалардан зор сабақ алуға тиіспіз. Қазақ тарихына, оның дәс­түріне, тіліне, руханиятына қа­тыс­ты кез келген жәдігер біздің баға жетпес байлығымыз, кешегі мен келешекті жалғап жатқан көне көпір. Біз оларды көзіміздің қара­шығындай сақтай білуіміз керек.

Бір кездері атақты ғалым Ломоно­сов та тарихпен шұғыл­данып кетіп­ті. «Неге бұлай істедің?» деген әріптес­терінің сұ­рағына: «Ұлттың санасын қалып­тастырудағы тарихтың ат­қарар міндетін өзге бірде-бір ғы­лым атқара алмайды», деп жауап берген екен. Шынымен де, тарихы тып-типыл, жермен-жексен болған ұлттың ұлағат биігіне көтеріліп кетуі мүмкін емес жағдай.

«Алтын адам» дегеннен еске түсіп отыр, сонау Сақ заманынан сыр тартатын алтын ханзаданы біз әлі күнге дейін ЮНЕСКО-ның Мә­дени мұралар тізіміне тіркей алмай келеміз. Жалғыз «Алтын адам» емес, одан кейін де қазақ даласынан табылған қаншама артефактіміз халықаралық дең­гейде қорғалуы керек-ақ, бірақ өкінішке қарай өз тарихымызды өзгелерге таныс­тыруда, оның насихаты мен қамқор­лы­ғын қолға алуға келгенде тым самар­қаумыз.

 Мәселен, ұлт ұясы Ұлытау тө­рінде тұрған Жошы хан кесенесі де – бүгінде бүкіл әлем таңдайын қағып отырған таптырмас тарихи нысан. Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгіні алайда біз өз деңгейінде қадіріне жетіп, қастерлеп отырған жоқ­пыз. Жыл сайын ағылып жатқан туристер аталған киелі мазарды қалай болса солай аралап көріп, маңайын бүлдіріп, аспан астындағы мұражай аса бір қам­қорлық көріп тұр деуге келмейді. Жошы хан кесенесіне апаратын жолды айтпағанда, ұлы қаған Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, қазақ хандарының түп атасы мазарының маңы бұл күнде ортақ қорымға айналып кеткен.

Аталған тарихи нысанның аума­ғын кең етіп қоршап, әуелгі қал­пын әлі де сақтап қалуға тырыспасақ, ұлы қағанның қасына барып жатуды дәреже көретіндер көбеймесе азаймайтындай... Бәрін былай қой­ғанда, үлкен аруақты сыйламай, қым­бат кірпіштен күмбездерін көкке тірей мазар соқтырып Жошы хан­нан жоғары жатып алудың өзі ыңғайсыздау емес пе, қалай?!

Жошы хан мазары тұрған тарихи кешен бүгінде тек Шы­ғыс елдері үшін ғана емес, жалпы бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналып отырғаны сөзсіз. Сондықтан көне нысанды көзіміздің қара­шығындай сақтап, оны да келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүние­жүзілік мәдени мұралар тізіміне» енгізу керек. Әйтпесе, кеше көзіміз көргендей, аруақ сыйламайтын, оны құрметтеуді Құдайға серік қосу деп келте ойлайтын кейбір топ мұндай кесенелерге де кесірлерін тигізуі әбден мүмкін.

Айта берсек, қазақ даласының әр қиырында киелі, қасиетті кесенелер жетерлік. Газетімізде басылым бас­шысы, тарихшы ғалым Дархан Қыдыр­әлінің «Қазыналы Созақ – ұлт руха­ния­тының қайнары» атты жуырда жа­рық көрген мақаласында да тура осын­дай тарихи маңызы зор көне кесе­нелердің әлі де қараусыз қалып келе жатқаны жайлы айтылып кетеді. Ор­та­лық Азияға дін тарата келген Ысқақ баб, Ұлық Ұлыс­тың рухани ұстыны – Баба Түкті Шаш­ты Әзіз және Қарахан дәуі­рінің ұлы әміршісі Тамғаш Ха­сан Боғра хан (Қарабура әулие) мәңгілікке дамылдаған қасиетті Созақ өңірі бұл күнде мемле­кеттің қамқорлығына толық алынбағаны көңілге қаяу салады. Автор атап өткендей, бұл өңір қазақ халқымен қатар, түбі бір түркі жұртының да қас­терлі мекені.

Сол себепті де ешқандай ме­рей­той­лық даталарды күтпей, жауын-шашын­ға шайыла мүк мүжіп, жел жеміріп, одан қалса адам қолымен жасалатын түрлі зар­даптарға ұшырамай тұрғанда аталған нысандардың бар­лығы дереу археологиялық, тари­хи-мәдени зерттеулер арқы­лы жан-жақты зерделеніп, қам­­қор­лыққа алын­ғаны жөн. Әйт­­песе Д.Қыдырәлі жазып отыр­ғандай, бұл киелі мекендер де әуелгі келбеттерінен әжеп­теуір ауытқыған, төңірегіне бай-бағ­ландардың сәулетті бейіттері бей-бе­рекет орналасқан. Сондықтан қастерлі мекенді мемлекет қа­рауына алған жөн деп ойлаймыз.

Жалпы, мұндай мұралардың жо­йылып кетуі тек ұлттың рухани байлы­ғына ғана нұқсан келтірмейді, сонымен бірге елдің экономикалық әл-ауқатына да кері әсерін тигізеді. Себебі шет­елден ағылатын туристер бұл қазақ даласына біздің бет-әлпетімізді көруге емес, осындай тарихи құнды жәдігерлерді көріп, тануға келеді.

Шынын айтқанда, тарих архео­ло­гиялық ұсақ бөлшек­терден тұрады. Егер оның бір ғана кесегі жоғалып, не болмаса зақымдалса оның ақиқа­тына, түп бас­тауына оралу оңайға соқпайды.

Сондықтан ел егемендігімен бір­ге қолымызға тиген, тарихи құнды қазы­на­ларымызға айналып үлгерген баға жетпес байлықтарымызды бір кісідей қорғай білгеніміз жөн.