Медицина • 24 Қаңтар, 2022

Алмат Қодасбаев: Медициналық туризмнің ілгерілеуіне үлес қостық

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отыз жыл бедерінде құрылған, ең бастысы еліміздегі медициналық туризмді алға жылжытуға үлес қосып келе жатқандардың бірі – Алматыдағы кардиология орталығы. Осы жылдарда аталған орталық отандық медицинаның дамуына, озық технологиялардың келуіне, заманауи күрделі операциялардың елімізде жасалуына жұмыс істей алды ма? Бұл сұрақтарды «Қалалық кардиология орталығы» МКК директоры, Қазақстанның үздік кардиохирургтары байқауының «Ақ жүрек» номинациясының лауреаты, 2015 жылғы «Жыл дәрігері» және 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Алмат Қодасбаевқа қойдық.

 

Алмат Қодасбаев: Медициналық туризмнің ілгерілеуіне үлес қостық

– Алмат Тұрысбекұлы, қазір медицинадағы бүкіл мәселе ко­ронавирустан айналып өте ал­майды. Пандемия қалалық Кар­диология орталығының өмі­ріне қалай әсер етті?

– Әрине, жаһандық індет кезінде біз «кардиологиялық орталықпыз» деп қарап отыра алмадық. Өзіміз бастама көтеріп, қалалық қоғамдық ден­саулық басқармасының келі­сімімен Кардиологиялық орта­лық инфекциялық аурухана ре­тін­де көмек көрсете бастады. Ме­ди­циналық мүмкіндіктерімізді ескере отырып, бізді бірінші эшелон дәрежесіне қосты. Осы­лай үлкен жауапкершілік пен сенім артып отырған соң, біз оны ақтауға тырыстық және ақтадық. Жалпы, біздің орта­лық­тың тағы бір ерекшелігі – экс­тра­корпоральды мембраналық окцигенация (ЭКМО) аппараты, яғни қызметі нашарлаған өкпенің орнына арнайы аппарат қосу арқылы науқастың қанын оттегімен қажетті мөлшерде толық қамтамасыз ету. Оны қо­су­дың да өз ерекшелігі бар: үлкен кате­терлердің көмегімен жүрекке күретамырлар арқылы қосылады да, адамның денесіндегі қанды аппаратқа алып, оттегімен қанық­тырып, қайтадан адамның дене­сі­не үздіксіз беріп отырады. Бұл аппараттың қызметін біз өз орта­лы­ғымызда ғана емес, басқа орта­лықтарда, атап айтқанда, инфек­циялық ауруханаларға және пер­зент­ханаларға барып, ЭКМО аппаратын қосып, ковидпен ауырып жат­қан ауыр науқастарға көмек көрсеттік.

Сондай-ақ орталық дәрігер­ле­рі Германияда мыңдаған адам­ға ЭКМО аппаратын қойған Ган­новер қаласындағы меди­циналық орталықтың дәрігер­ле­рімен байланыста болды. Ганно­вер­дегі медициналық орталық пандемия кезіндегі көмек көрсе­ту­де ең алдыңғы қатардағы орта­лық болып қызмет атқарған. Аталған орталықтың реанимация бөлі­мі­нің дәрігерлерімен байланыс орнатып, бір науқасты бірлесе емдеп, қарайтындай жағдайға жеттік және бұл тәжірибе алмасу жағынан өте жақсы көмек болды. Ол жақтағы мамандар біздің ЭКМО аппаратымен айналысатын дәрігерлер білімінің жоғары, тәжірибесінің жеткілікті екенін айтып, жақсы баға берді.

– Пандемия кезінде кардио­ло­гиялық пациенттерді емдеу қа­­лай жүргізілді?

– Әрине, өз пациенттерімізді де қараусыз қалдырған жоқ­пыз. Жалпы, коронавирус инфек­ция­сы­ның патогенезіне сүйенетін болсақ, оттегінің организмге жетіспеушілік жағдайын тудыра отырып, ішкі ағзалар, соның ішінде оттегіні өте қажет ететін жүрек қантамырлары жүйе­сіне өте үлкен зақым ке­ле­тіні дәлелденді. Ол майда қан­та­мыр­ларды зақымдай оты­рып, организмнің оттегімен қам­та­­масыз ету дәрежесін төмен­де­те­ді. Осындай дертке өте сезімтал кардиологиялық аурулары бар науқастар көптеп шалдыға бастады. Бұл науқастардың коронавирус­ты жұқтырған белгілерін байқай тұра, біздің дәрігерлер олардан бас тартпай, өз өмірін қатерге тіге отырып, күрделі кардио­ло­ги­ялық операция жасауға дейін барды. Жүрек тамырларының зақымдануын анық­тау үшін коронарография және стендтеу операциялары жаса­лынды. Жүрек ырғағы бұзылған жағдайда, олар­ға қойылатын кардиостимулятор аппараттарын хи­рур­гиялық жолмен қою операциялары өте көп жасалды. Айта кететін өте ауыр жағдайлардың бірі – індет жұқтырған науқастарды қарап емдеу үшін біздің орталық дәрі­гер­лері ғана емес, бүкіл медиц­ина қызметкерлері, оның ішінде санитарлар, электриктер, мейіргерлер бар, барлығы 24 сағат арнайы қорғаныс костюмдерімен жүруге тура келді. Медициналық көмек­тен басқа, науқастарға бірін­ші кезекте психологиялық, адам­гер­ші­лік көмектер де қажет болды. Осы орайда індетті жеңуге біздің ауызбіршілігіміз көмектескенін айтар едім. Сонымен қатар меди­ци­налық көмек көрсететін ғима­ра­ттар және заман талабына сай құрал-жабдықтарымыздың бар­лы­ғы жеткілікті болды, оны пайдалана алатын білікті мамандарымыз да табылды.

– Кардиологиялық орта­лық­­тың қандай инновациялық жа­ңа­­­лықтары бар?

– Біздің орталық 2007-2008 жылдары халыққа көрсетілетін кардио­логиялық қызметті жақсар­ту мақсатында ашылған еді. Осы күнге дейін қалалық кардиология орталығы халықаралық деңгейде көмек көрсете алатын медициналық орталыққа ай­налды. Үкімет тарапынан жо­ғарғы талап қойылды, сол се­нім­ді ақтауға тырыстық. Екін­шіден, осы халықаралық дең­гей­ге көтерілу үшін өте көп мүм­­­кіндік жасалды: заманауи жаб­дық­тармен қамтамасыз етілді, сол жабдықтарды толық игере алатын, тілін білетін мамандар дайындалды. Еңбек режімі жоғарғы талапқа сай, еңбекақы уақтылы беріледі, жұмыс нәти­же­сіне қарай сараланған қосымша ақылар беріледі – осының бәрі біздің дәрігерлердің өз жұмысын алаңсыз атқаруына мүмкіндік берді. Біздің орталықта қызмет істей жүріп, өз дәрежесін көтеру ба­ры­сында еуропалық және басқа әлем деңгейіндегі кар­дио­ло­гиялық орталықпен бір­лесе жұмыс істеп жүрген, орталықтың жұмысын жандандырып жүрген үлкен мамандар бар. Мысалы, Оразбек Сахов – Еуропалық интер­вециялық кардиологтер қо­ға­­мының мүшесі, ағылшын тілін­де еркін сөйлейді, шетелдерде біздің Орталықтың қол жет­кізген жетістіктері, инно­ва­­ция­­лық жаңалықтары туралы баяндама жасап жүрген білік­ті маман. Кардиологиялық бөлім­шелерде жұмыс істейтін бө­лім мең­герушілерінің бәрі Еуро­па­­лық кар­диологтер қоғамы­ның мүше­лері. Олар жылда өтетін халықаралық конгрестерге қаты­сып, ғылым, медицина жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Жалпы, осы кардиологиялық ор­та­лықтың тағы бір қол жет­кіз­ген жеңістерінің бірі – меди­ци­на­лық туризм. Оның бір айғағы – қысқы универсиада кезін­­де шетел азаматтары біздің орталыққа келіп, медициналық кө­мек­ке жүгінді. Мысалы, ФИСУ төраға­сының орынбасары жүрек талмасына ұшырап, сол кі­сі­ге біздің орталықта жедел түрде кардиологиялық көмек көрсетілді. Кейін мұның дер ке­зінде жасалған сәтті операция, жоғары дәрежеде көрсетілген ме­дициналық көмек екені шетел­дік газеттерде жазылып, біздің орталықтың дәрігерлеріне оң баға берілді. Қазіргі уақытқа дейін Мон­ғо­лиядан бастап Бразилияға дейін, жалпы дүние жүзінің 36 мемлекетінің өкілдері бізге, яғни кардиологиялық жоғары маман­дан­дырылған медициналық кө­мек­­ке жүгінген екен.

Орталықта бірнеше иннова­ция­лық технология іске қосылды, оның бірі – жүректің ашық операциясы кезінде жүрек ырғағын қалпына келтіру, қосарланған операция жасау және екіншісі – жүректің күрделі зақымдану ке­зін­де жүрек қақпақшаларының кла­пандарын ауыстыру мен коро­нар­­лы шунттау операциясын бір мезетте жүргізу.

Осы орталық дәрігерлері облыс орталықтарына барып, күр­­делі операциялар жасап тұра­ды. Қалалық кардиологиялық ор­та­лық С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің оқу базасы болғандықтан, бізде бо­лашақ кардиологтер, кардиохирургтер резидентурадан, жы­лына ондаған кардиохирург пен 50-60-қа жуық кардиолог маман­дар даярлықтан өтеді. Олар кар­диология, оның ішінде жедел кардиологиялық көмек көрсету ісі бойынша білім алады, білі­мін жетілдіреді. Бүгінгі таңда қа­­ла­­лық кардиология орталығы Қа­зақстанның түкпір-түкпіріне қажетті кадрлар даярлайтын орта­лық ретінде танылып отыр.