Қазақстан • 25 Қаңтар, 2022

Қорға жүктелетін міндет зор

1921 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Отандастарымыздың мұң-мұқтажы ереуілде емес, ең алдымен Парламент палаталарында, қоғамдық алаңдарда айтылуы керек. Өкінішке қарай, өткен үш онжылдықтағы қордаланған мәселелер мен әлеуметтік теңсіздік әбден ашынған халықтың жан дауысын алаңдарда естіртті.

Қорға жүктелетін міндет зор

«Қазақстан халқына тиесіліні беретін уақыт жетті»

Ел бюджетінің 50 пайыздан ас­тамын әлеуметтік шығындар құ­ра­ға­нымен, мұның да жеткі­ліксіз екеніне «Қаңтар  қасі­реті» дәлел. Бұл ретте, Мем­­лекет басшысы Қ.Тоқаев бір­қа­тар өзекті мәселелерді шешу­ге негізделген «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құруды тап­сырған болатын.

Бұл тапсырманы Президент жуырда Парламент Мәжілісінің отырысында берді. Содан бері екі аптаға жуық мерзім өтті. Осы уақыт аралығында не өзгерді? Президент Қордың алдағы жұмысын әу баста-ақ айқындап берді. Іле-шала Үкімет басшысы биылғы 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселелерін пысықтауды тапсырып, кейін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құрды. Бұл қор денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысуға тиіс. Ең бастысы, Қордың қызметі қоғамды біріктіруге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

«Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қор. Ол Əкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейді. Беделді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қор жеке жəне мемлекеттік көздерден қар­жы­ландырылады. Халықаралық қайы­рымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бəс тігу орталығынан жəне басқа монополистерден міндетті жарналар түседі», деді Мемлекет басшысы.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растаса, халықтың тең жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден асқан жоқ. Еліміздегі әлеу­мет­тік жағдайдың әлпетін осыдан-ақ аң­ғара беріңіз. Әсілінде, олай болмауы керек еді. Себебі Қазақстан – Мемлекет бас­­шысы айтып өткендей, Конституция б­о­­йын­ша əлеуметтік мемлекет. Яғни әлеу­­­мет­тің әл-ауқаты алдыңғы орында тұруға тиіс. Осыны меңзеген Мемлекет басшы­сы «Əлбетте, біз Қорға ірі бизнес та­р­апынан қомақты əрі тұрақты, атап айт­амын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз. Тұңғыш Президент – Елбасы­ның арқасында елімізде өте табысты ком­па­ниялар мен халықаралық өл­шем­дер бойынша бай адамдар тобы пай­да болды. Енді Қазақстан халқына тие­сіліні бере­тін жəне оған жүйелі əрі тұ­рақ­ты негіз­де көмектесетін уақыт жетті деп есеп­­теймін. Сондықтан Үкіметке ком­па­ния­­лар қатарын анықтау жəне олармен Қорға бөлінетін жыл сайынғы жарна көле­­мін келісу қажет болады. Сонымен қа­­тар іс жүзінде орасан қаражатқа ие бола оты­­­рып, көлеңкеде қалған тұ­л­ға­­лардың да белсенді қатысуын кү­те­­мін», деген ел Президенті қалталы аза­мат­тарды да қалтарыста қалмауға шақырды.

Бір күндік жалақыны жинаудың қажеті жоқ

Мемлекет басшысы қалталы кәсіпкер­лер қалтарыста қалмайтынына сенім біл­дір­генімен, бір күндік жалақыны аудару сынды науқан туралы тіс жармаған бола­тын. Жуырда Президент еліміздің ірі биз­нес өкілдерімен кездесу барысында осы мәселеге арнайы тоқталып, «Осы­нау игілікті іс – ең жоғары бағаға лайық. Бірақ бұл жерде формализм мүлдем болмауға тиіс. Әйтпесе, мемле­кеттік қызметшілерден, бюджет қызмет­кер­лерінен бір күндік жалақы жинай бастады. Мұны жасаудың қажеті жоқ. Бұл – мүлдем қажетсіз бастама», деді.

Алайда еліміздегі ірі компаниялар жыл сайын табыс салығының Үкімет белгі­леген бөлігін пайдалы әрі қайы­рым­ды­лық істермен айналысатын Қор­ға аударып тұра ма? Әсілінде аударып тұра ала­тын секілді. Тіпті алғашқы аударым­ жасап жатқан компаниялар да бар. Мәселен, бүгінге дейін 16 мыңнан астам қазақстандық қайырымдылыққа қара­жат аударып үлгеріпті. Бұл ретте, «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры Мем­лекет басшысының бастамасын қолда­ған барлық қазақстандықтарға, ірі кәсіп­орындарға, еңбек ұжымдарына алғыс білдіреді.

Осылайша, 2022 жылғы 16-19 қаңтар аралығында (қоса алғанда) Қоғам­­дық қорға 16 167 қазақстандықтан 29,3 млн теңге түсті. 75 заңды тұлға мен ірі кәсіпкерлердің үлесі 19,2 млрд теңгені құрайды. Солардың арасында ауыз толтырып айтуға болатын қо­мақ­ты қаражат аударғандар да бар. Мә­селен, «Kaspi Bank» АҚ – 7 млрд теңге; «Kaspi Магазин» ЖШС – 3 млрд теңге; Halyk Bank («Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ) – 3 млрд теңге; «Халық» қайырымдылық қоры» ЖҚ – 2 млрд тенге; «YDD Corporation» ЖШС, «Asia FerroAlloys» ЖШС және олардың акционерлері – 1 млрд теңге; «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» ЖҚ – 500 млн теңге; «LANCASTER GROUP KAZAKHSTAN» АҚ – 500 млн теңге; «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ – 500 млн теңге; Данияр Рустэмович Абулгазин – 500 млн теңге; «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС – 400 млн теңге; «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» ЖШС – 350 млн теңге; Алмас Умирзакович Султангазин – 200 млн теңге; «Каратас Майнинг» ЖШС 100 млн теңге аударды.

Қор басшылығы алынған барлық қаржы қаражатының толық ашықтығы мен есептілігі қамтамасыз етілетінін мәлімдеп отыр. Ақша Қазақстан халқының игілігіне, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, мәдениет және спорт проб­лемаларын шешуге бағытталады. Қор орфандық және басқа да аурулары бар балаларға, халықтың мұқтаж әлеуметтік осал топтарына, қаза тапқан әскери қызметкерлердің, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ басқа да қайырымдылық мақсаттарға қолдау көрсетеді.

Бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, меценаттар мен немқұрайлы емес азаматтар «Қазақстан халқына» ҚҚ шотына мына деректемелердің бірі бойынша қаражат аудара алады: «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ97601A871001692501 KZT,  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ52722S000011856768 KZT, «Kaspi Bank» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ0896503F0010863168 KZT, «ForteBank» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ34821AGLBY10000001 KZT, «Bank RBK» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ66998BTB0001436729 KZT, «First Heartland Jusan Bank» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,KZ078562203115118091 KZT, «Банк ЦентрКредит» АҚ; «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,KZ6594805KZT22034070 KZT, «Еуразиялық банк» АҚ.

Қамқоршылар кеңесіне еңбекақы төленбейді

Қордың құрылтайшылары төраға қызметіне мемлекет қайраткері, белгілі қаржыгер Болат Жәмішевті сайлаған болатын. Оның айтуынша, қор түрлі себеп­термен мемлекет қамтамасыз етпей­тін бағыттар бойынша әлеуметтік сала­дағы проблемаларды шешу үшін құ­рылды. «Қор кедейшілікке байланыс­ты денсаулығы мен болашағына қатер төн­ген отбасылардан шыққан бала­лар­ға көмек көрсетуге тиіс деп ойлаймын. Қор көмек алушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасамайды. Ол үшін үлкен штат пен филиалдық желі қажет. Елімізде қордың қызметіне бағытталған мәсе­лелермен айналысатын көптеген қоғам­дық ұйымдар жұмыс істейді. Қор солар­дың серіктесі болады және солар ар­қылы жұмыс істейді. Бұл ретте, қордың ақшасын осы ұйымдар­дың аппарат­тарын ұстауға, пайдалануға жол беріл­мейді. Ақша тікелей көмек алу­шы­ларға жұмсалады. Қазірдің өзінде 140 қоғам­дық ұйым халықтан өтінімдерді бірың­ғай электрондық портал арқылы ғана қа­был­дайды. Бұл портал халық, қайырым­ды­лық ұйымдары мен қор арасындағы бай­ланыс арнасына айналады», деді қаржыгер.

Оның айтуынша, қор қаражаты барлық проблеманы шешуге жетпейді. Сондықтан басымдықтарды айқындау қажет. Күні кеше қамқоршылық кеңестің ұйымдастырушылық отырысы өтіп, онда қор қызметінің тұжырымдамасын әзір­леу, барлық тетіктерді пысықтау тура­лы шешім қабылданды. Соның негізін­де, бюджет пен атқарушы орган­ның штаты айқындалады. Бір айта кетер­лігі, қамқоршылар кеңесінің мүшелері еш­қан­дай жалақы алмайды. Олар қоғам­дық негізде жұмыс істейді.

Қор құрылып, оның төрағасы айқын­­далған соң, оның қамқоршы­лық кеңесі­нің құрамы да сайлан­ған болатын. Бұл құрамға белгілі мемлекет және қоғам қай­раткерлері, аза­маттық қоғам өкілдері, меце­нат­тар мен еліміздің беделді азамат­тары кірді. Солардың арасында осы қам­қоршылық кеңесінің мүшесі әрі «Менің атамекенім» қоғамдық бір­лесті­гінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева да бар. Оның айтуынша, қордың жұмысы түсінікті, қолжетімді және баршаға ашық болуға тиіс. Қордың ел аумағында филиалдары мен штаттар ашудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп жатқан қайырымдылық қор­лары, әл-ауқат сек­торындағы үкіметтік емес ұйымдар, бас­қа да белсенді азаматтар бар.

«2020 жылы Қазақстанда «Ерікті­лер жылын» аяқтау салтанатында Президент қайырымдылық бағытта реестр құру бо­йынша ұсыныс жасаған болатын. Мем­лекет басшысының ұсынысын құп алып, цифрлы платформа құрдық. Бұл платформа еліміздегі барлық қайырымды­лық қорлар­­дың бірыңғай «қабылдау бөл­ме­сі» іспет­ті. Қазіргі кезде онда 100-ден ас­там қайы­рым­дылық қор тестілік режім­де тір­келді. Тіпті бірқатар мемлекеттік орган­дар­дың базаларымен интеграция да бар. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы күнделікті есеп беріледі. Бүгін­де біз «Қазақ­стан халқына» қорына қос­қан үлесі­міз ретінде осы платформаны ұсынып отырмыз», деді қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

Оның айтуынша, қор ай немесе апта сайын емес, халыққа күнделікті есеп беріп отырғуа тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар, қор серіктестік ететін өзге қорлар, көмек алып жатқан азаматтар, келіп түскен қаражаттың көлемі, оның қандай мақсатта жұмсалғаны туралы мәліметтерді отандастарымыз көріп отыруы керек.