Білім • 25 Қаңтар, 2022

Бес жылда мектептерде орын тапшылығы болмайды

1758 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда бүлінген ғимараттар мен бизнес нысандарды қалпына келтіруге байланысты қазіргі кезде нақты шаралар қолға алынуда. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланы әрі қарай дамыту жоспарына сәйкес мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын бес жыл ішінде азайту мақсатындағы жұмыстардың жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Бес жылда мектептерде орын тапшылығы болмайды

Бүгінгі таңда қала мектеп­те­рін­­дегі орын тапшылығы 33 812 болса, балабақшаларда 40 мың­ды құрайды. Оның себептерін құрылыс қарқынының төмендігі мен бала санының көбеюімен байланыстырған қала әкімі бұл мәселені шешу үшін жаңа мектептер мен балабақшалардың жедел құрылысына баса назар аудара отырып, әлеуметтік нысандарды ашу жоспарлары түзетілгенін жет­кіз­ді. Нәтижесінде, биыл 48, яғни оның ішінде бюджет есебінен – 16, МЖӘ арқылы – 4, құрылыс ком­па­нияларымен меморандумдар бойынша – 16, жеке инвестиция­лар есебінен 10 мектеп мектеп ашу жоспарланған. Сонымен бірге Әуезов және Бостандық аудан­да­рындағы екі мектептің бұрын жеке­шелендірілген ғима­рат­тары сатып алынады.

Қала әкімдігінің дерегінен мә­лім болғандай, биыл 82 бала­бақ­ша (жалпы алғанда 10 мыңнан астам орын) ашу жоспарланған, оның ішінде 11 балабақша коммуналдық меншікке қайтару себебінен пайдалануға берілмеген. Жетісу ауданында бұрынғы балабақша ғимаратын және 10 шағын аудан­­­­­­да балабақшаны сатып алу жос­пар­ланған. Бюджет есебінен 9 балабақша, жеке инвестициялар есебінен 60 балабақша салынады. Алдағы 5 жылға дейін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын болдырмауды міндет етіп отырған қала басшылығы мектептен тыс тегін білім берумен қамтуды арттыру үшін (қазір бұл көрсеткіш небары 9 пайызды құ­рай­ды) наурыз айында Достық даңғылы бойындағы Оқушылар сарайын жаңғыртуды аяқтау, Алатау және Наурызбай аудандарында 2 жаңа Оқушылар сарайының, сондай-ақ Бостандық, Алмалы және Түрксіб аудандарында ескі ғимараттарды бұзып, 3 оқушылар үйінің құрылысын дамыту жос­парланып отыр. Сонымен қатар қа­лада тарихи орталықты сақтай оты­рып, құрылыс салу ережелері қабыл­данған. Осы орайда тұрғын үй кешендері маңында мек­тептер, бала­бақшалар, өзге инфра­құ­ры­лыммен қолже­тім­ділікті қамта­масыз ету міндеттемелері енгі­зілген. Сонымен қатар алматы­лық­­тардың «Халықтық бюджетке қатысу» жобасына белсенді қа­ты­суы нәтижесінде ұсыныстар үш есеге дейін өскен. Биыл жобаны жүзеге асыруға 7,4 млрд теңге қа­рас­­ты­ры­лып отыр. Ал қар­жы­­ландыру көлемі тұрғындар сұра­ны­сының артуына байланысты болады.

 

АЛМАТЫ