Қоғам • 25 Қаңтар, 2022

Балалар дағдылануы тиіс жеті ғадет

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Kaspersky қазіргі заманғы балалар үшін 7 маңызды цифлы әдетті белгіледі. Бүгінде цифрлы кеңістікте өмір сүру дағдылары баршаға қажет. Сондықтан ата-аналардың міндеті – балаларды осындай ауқымды ақпараты бар әлемде өмір сүруге үйрету. Kaspersky мамандары балаға әлеуметтік желідегі дұрыс мінез-құлықты дамытуға көмектесетін жеті әдетті анықтады.

Балалар дағдылануы тиіс жеті ғадет

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

  1. Гаджеттерсіз уақыт

Балалар техниканы көп қолданғанда оған тәуелділік туындауы мүмкін. Бұл ұйқының бұзылуына, көңіл күйдің кенеттен өзгеруіне, артық салмақтың пайда болуына, өзін өзі бағалаудың төмендеуіне және өз денесін жеткіліксіз қабылдауға әкелуі мүмкін. Теріс салдардың алдын алу үшін гаджеттерді ұйықтар алдын­да пайдаланбау және түнде үнсіз режім­ді қосу қажет. Телефонды мүлдем қол­дануға болмайтын басқа жағдайларды да та­л­қылау керек. Мысалы, отбасылық түскі ас кезінде.

  1. Қуатын бақылау

Технологияның қарқынды дамуына қарамастан, қазіргі заманғы гаджеттердің қуаты тез таусылып қалады. Бала әрдайым байланыста болуы үшін ұйықтар алдында телефонды дәлізде немесе ас үйде қуаттауды ұсыныңыз. Осылайша, сіз екі қоянды бір оқпен атасыз: құрылғы әр­дайым таңертең қуатталып тұрады, ал ба­ланың ұйықтар алдында күлкілі сурет­терді қарап жататын мүмкіндігі болмайды. Сондай-ақ балаға сыртқы аккумулятор сатып алып, оны үйден ұзақ уақытқа кетіп бара жатқанда өзімен бірге алып жүруге үйрету пайдалы болады.

  1. Қауіпсіздік
    ережелерін сақтау

Бала виртуалды әлемге енген кезде, оған желіде ғана емес, нақты әлемде де қауіп төнеді. Ең алдымен, жолды ке­сіп өткенде немесе баспалдақпен жүр­генде телефонға қарауға болмайтынын түсін­діріңіз. Интернеттегі қауіпсіздік тура­лы бөлек сөйлесіңіз, өйткені бала алаяқ­тыққа, жеке деректердің ұрлануына, вирус­тарға және басқа да көптеген қауіп­ке тап болуы мүмкін. Және міндет­ті түрде ешбір жағдайда жеке құжат­тарды, банк карталарындағы деректерді және оны немесе достарының бірін ың­ғай­сыз жағдайға душар етуі мүмкін фото­сурет­терді интернетте бөлісуге болмайтынына баланың назарын аударуды ұмытпаңыз.

  1. Экологиялық
    медиа тұтынуға ұмтылу

Шексіз хабарламалар шаршатады және бір іске шоғырлануға мүмкіндік бер­мейді. Балаларды былай қойғанда, тіпті ере­сектерге де кейде «мессенджерге бір се­кундқа ғана қарау» әдетін жеңу оңай емес. Баланың телефонындағы ескерту­лерді шектеңіз, ол оқудан немесе басқа әрекеттерден алаңдамайды, жұмыстарын тезірек аяқтайды және аз шаршайды.

  1. Цифрлы
    этикетті сақтау

Кәдімгі офлайн кеңістігіндегідей, цифр­лы әлемде де белгілі бір әдеп нормалары бар. Адам әдетте бұл ережелерді желі­дегі байланыс арқылы үйренеді. Бі­рақ балаға кейбір нормалар туралы алдын ала айтып, ыңғайсыз жағдайларды бол­дырмауға көмектесу керек. Мысалы, онлайнда отырып, қандай әрекет жасауға, ал қандай әрекеттен аулақ болуға түсін­діру қажет.

Әмбебап тексеру – өзіңізге сұрақ қойыңыз: мен осыны адамға бетпе-бет айта аламын ба? Интернеттегі адамдарды қорлау және тіл тигізу рұқсат етілмейтін нәрсе.

  1. Ақпаратты жүйелеу

Телефондағы және компьютердегі тәртіп – санадағы тәртіптің көрінісі. Шкафтағы хаос сіздің балаңыздың өмірін қиындатуы екіталай, бірақ жоғалған парольдер, файлдар немесе ұмытылған телефон нөмірлері қиындық келтіруі мүмкін. Баланы жас кезінен деректерді жүйелеуге үйрету керек.

  1. Тұрақты «цифрлы детокс» ұйымдастыру

Цифрландыру бала өмірінің барлық саласына әсер етті: ата-аналармен және достармен қарым-қатынас, оқу, хобби. Ата-аналар балалардың экран алдындағы уақытын барынша азайтуға қанша тырысса да, баланың санасында ақпараттың толып кетуіне жол бермеу мүмкін емес. Яғни бала өз өміріндегі интернеттің рөлін азайтып, өзін бір сәтке тоқтата алуы керек: алдымен сіздің көмегіңізбен, содан кейін өз күшімен. Ақпараттың толып кетуімен күресудің тиімді (бірақ әлдеқайда күрделі) әдісі – «цифрлы детокс», яғни белгілі бір мерзімге гаджеттерден толық бас тарту. Оны үнемі жүргізген дұрыс.

Цифрлы дәуір ата-аналарға жаңа міндеттер қойды. Оларды шеше отырып, ең бастысы, ең жақсы мысал өзіңіз екенін ұмытпау керек. Бұл ережелерді сақтау оңай болмайды, бірақ уақыт өте келе олар әдетке айналады және баланың өмірін жарқын етеді.