Бастапқыда Құрлықтық хоккей лигасының президенті Алексей Морозов тұрақты біріншілікте бақ сынайтын командалардың басшыларымен бейнебайланысқа шығып, көпшіліктің қалауымен жарысты жалғастыра беретін болып шешкен еді. Алайда коронавирусқа шалдыққан ойыншылар мен командалардың көптігіне байланысты лиганы уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
«Біз өткен аптада бірқатар клуб жетекшілерімен онлайн кездесу өткізіп, ҚХЛ-дың қазіргі жағдайын талқылаған едік. Қазір лигада жағдай тым қиын болып тұр. COVID-19 пандемиясына байланысты 14 матчты тоқтатып, біреуін басқа күнге ауыстырдық. Соңғы аптада ауруға шалдыққандардың саны 127 адамға жетті. Пандемия басталғалы бері ҚХЛ-да мұндай көрсеткіш тіркелмеген еді. Егер кестеге қарайтын болсаңыз, 2020/21 жылғы маусымда бізде аптасына ең көп дегеннің өзінде 30 адам ғана індетке шалдықты», деді А.Морозов.
Тұрақты біріншіліктің матчтары ресми тоқтатылғанға дейін «Барыстың» сырт айдындағы екі ойыны қарсылас команда ойыншыларынан коронавирус анықталуына байланысты кейінге шегерілді. Мәселен, алғаш елордалық клубтың «Торпедомен» (Нижний Новгород) матчы кейінге шегерілсе, кейіннен Подольскінің «Витязь» командасының ойыншылары мұзайдынға толық құрамда шыға алмайтыны белгілі болған соң, лига басшылығы бұл кездесуді де тоқтатуға мәжбүр болды.
ҚХЛ-дың мерзімінен бұрын тоқтатылуына және командалардың бір айға жуық үзіліске шығуы ойыншыларға қалай әсер ететініне қатысты «Барыстың» бас бапкері Юрий Михайлис пікір білдірді.
– Үзіліске дейінгі бірнеше күн біз үшін өте қиын өтті. Елдегі жағдайға байланысты сырт айдындағы ойынға ұшуымыз біраз тежеліп, оның үстіне Магнитогорскідегі боранды ауа райына байланысты ұшағымыз басқа қалаға қонуға мәжбүр болды. Ол аз болғандай, «Металлургпен» болатын ойынға матч басталуына екі сағат қалғанда әрең жеттік. Осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанда қарсыластарымыздың ойыншыларынан коронавирус анықталып, маңызды матчтарымыз кейінге қалдырылды. Дегенмен бұл жағдайларға қарамастан ойыншылардың бәрі қазір жақсы физикалық күйде екенін айтқым келеді. Әрине, қалыптасқан жағдайда, ең бастысы, хоккейшілердің, жаттықтырушылардың, қызметкерлердің, матчтарды өткізуге қатысатын барлық адамның денсаулығы маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан бәрі мәжбүрлі үзіліс туралы жаңалықтарға түсіністікпен қарады. Қазір жігіттерге демалуға уақыт бердік. Әрі қарай міндетті түрде ПТР-тест тапсырып, елордада жаттығуымызды қайта бастаймыз. Енді лиганың жаңарған кестесін күтеміз. ҚХЛ ұсынған күнтізбеге сүйене отырып, ойынымызды жалғастыратын боламыз», дейді Ю.Михайлис.
Тұрақты біріншілік ойындары уақытша тоқтағанға дейін елорданың «Барысы» чемпионаттың «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 8-орынға тұрақтады. Жерлестеріміздің еншісінде 47 матчтан кейін 48 ұпай бар. Егер алда-жалда ҚХЛ ойындары дәл осы жерден тоқтайтын болса, «Барыс» плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады.
Әзірге «Барысты» турнир кестесінде екі команда өкшелеп келеді. Олар – «Амур» мен «Автомобилист». Алғашқысы «Барыстан» үш ойын көп өткізсе де, екі ұпай кем жинаған. Ал «Автомобилист» коронавирусқа шалдыққан ойыншылары көп болғандықтан, екі матч аз өткізген әрі 6 ұпай қалып келеді.
Қазіргі таңда тұрақты біріншіліктің басшылығы үзіліс уақытын тиімді пайдаланып, лига ойындарының күнтізбесін қайта қарап, түрлі нұсқаны талқылап жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша ақпан айының соңында ҚХЛ ойындары аяқталып, наурызда Гагарин кубогы жолындағы плей-офф матчтары басталатын еді. Алайда биылғы жағдай сәл өзгеше болып тұр. Олимпиадалық үзілістен кейінгі ойындар 22 ақпанда қайта жалғасады. Ал кейбір командалардың әлі ойналмаған 15 матчы бар. Яғни клубтар 15 кездесуді әр екі күн сайын өткізгеннің өзінде бір ай уақыт керек болады. Демек ҚХЛ матчтары ақпанда емес, наурыздың соңында аяқталатын түрі бар. Ал сәуірдің соңына дейін Гагарин кубогының жеңімпазы анықталып үлгеруі керек. Себебі бірқатар хоккейшінің командамен келісімшарты 30 сәуірде аяқталады.
– Қазір біз мүмкін болатын барлық жағдайды қарастырып жатырмыз. Әуелі біз тұрақты біріншілікті мейлінше тез аяқтауды көздеп отырмыз. Ал Гагарин кубогы жолындағы плей-офф ойындары бойынша бізде түрлі нұсқа бар. Сценарий бойынша жұмыс істеген кезде біз мамырда плей-оффтың бір бөлігін ойнауды мақсат еткен едік. Алайда мамыр айына өтіп кетсек, бірқатар заңдық тұрғыдағы мәселеге тап келейін деп тұрмыз. Атап айтқанда, ҚХЛ ережелерін өзгертуге, ойыншылардың келісімшарттарын қайта жазуға, санаулы ойынға байланысты жалақы тағайындауға және тағы басқа ұсақ мәселелерді шешуге тура келеді. Сонымен қатар 13 мамырда Финляндияда кезекті әлем чемпионаты басталады. IIHF ережелері бойынша біз ойыншыларды біріншілікке бір апта қалғанда ұлттық құрамаларына жіберуіміз керек, – дейді А.Морозов.
Ресейлік БАҚ өкілдерінің жазуынша, ҚХЛ командалары тұрақты біріншілік басшылығынан ойындарды жалғастыруға арналған бірнеше нұсқа ұсынылған ресми хабарлама алған. Командалар өздеріне ыңғайлы бір нұсқаны таңдап, басшылыққа жіберуі керек.
Командалардың басым бөлігі ҚХЛ-дың биылғы маусымын әдеттегідей 60 емес, 52 матчпен аяқтауға ниет танытып отырған көрінеді. Ал лига ойындары қалай жалғасатыны туралы ресми ақпарат жуық арада хабарланады.