Коронавирус • 25 Қаңтар, 2022

Балалар мен жүкті әйелдер де жұқтырған

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, 24 қаңтарға дейін қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 205 667-ге жетті. 23 қаңтар күні коронавирусқа 1 953 адам шалдыққаны анықталды.

Балалар мен жүкті әйелдер де жұқтырған

Қазір РВ-90 И.Жекенова атындағы Жұқпалы аурулар ауруханасының филиалында індетке шалдыққан 199 пациент бар, оның 21-і жансақтау бөлімшесінде. Орталық қалалық клиникалық ауруханасы базасында ашылған телемедицина орталығы мамандарының бақылауында 10 188 пациент бар. Бұл көрсеткіш биылғы 1-20 қаңтар аралығында 20 есе өсті. Орташа алғанда, пациенттерге шамамен 5 мың қоңырау шалынады. 20 қаңтарда 8 458 қоңырау соғылды, оның барысында науқастың жағдайы сұралып, КВИ емдеу бойынша ұсынымдар беріледі. Ал №7 аурухана базасында орналасқан КВИ-ға қарсы вакциналардың қалалық қоймасында және егу пункттеріндегі I және II компонентті вакциналардың қалдығы Синофарм вакцина­сының 207 733, QazVac вакцинасының 176 349, Pfizer 254 782 дозасын құрайды.

Қала әкімі Б.Сағынтаевтың қатысуымен өткен КВИ таралуы­на қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб отырысында ковидтік стационарлардың бас дәрігерлері пациенттерді қабылдау және емдеу барысы туралы баяндады. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 1-20 қаңтар аралығында қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына КВИ жұқтырған 346 бала түссе, инфекциялық бөлімшелерде 102 жүкті әйел бар.

Өткен аптада Алматы қала­лық қоғамдық денсаулық бас­қармасының қоймасына Спутник Лайт вакцинасының 12 000 дозасы жеткізілді. Бұл вакцина ревак­циналауға арналған.

 

АЛМАТЫ