Апта соңында «Astana Ballet» екі күн қатарынан оңтүстік астанада шабытпен өнер көрсетті. Ұлттық өнердің айдынына қосылғанына көп бола қоймаған қарлығаш қанат ансамбль болашақта әлемге қазақтың атын танытып, болмысын паш етеді, би тілімен әсемдікке көзқарасымызды жарнамалайды деген игі тілекпен тұсауын кескен.
Мәдениеттің Меккесіндей Алматыда жас ұжымның арнайы концертін ұйымдастырудың да нышандық мәні бар. Өнердің қай жанрының да қарашаңырақтары қоныс тепкен оңтүстік астананың ақ батасын алып, сахна майталмандарының ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, байырғы мектептерден тағлым алып барып әлемдік айдынға құлаш ұру – «Astana Ballet» би тобының басты мақсаттарының бірі.
Айтпақшы, ақпан айында ғана Алматыда «Астана Опера» театрының алғашқы гастролі табысты аяқталған болатын. Араға ай салып бұл қалаға «Astana Вallet» келіп жатқанда, осы ұжымды алдында аталған ұжыммен шатастырып жүргендерді жиі кездестірдік. Сондықтан да, өнер сапарына шыққан «Astana Вallet» хореографиялық ұжымын Астанадағы Опера және балет театрының балет труппасымен шатастырмау қажет. Бұл дербес ұжым әу баста әлемдік би өнерінің айдынына қазақтың қимыл поэмасын кіріктіріп және осы арқылы ұлттық өнердің келбетін жасау үшін құрылған кәсіпқой бишілердің тобы. Илегендері бір өнердің пұшпағы болса да, имиджі бөлек ансамбль.
Балапандай би тобының өз елімізден жырақтағы тұңғыш гастролі Бейжіңде басталып, Шанхайда жалғасын тапқанын көзіқарақты оқырман ұмыта қоймаған болар. Миллиардтаған халқы, дамыған би өнері бар ел өнер ұжымын ықыласпен қабылдап, қошеметін аямаған-ды. Сондықтан да алғашқы шетелдік гастроль сәтті өтті деп баян еткенбіз.
Дегенмен «Astana Вallet» тобының Алматыда өткен алғашқы концертінің өзіндік орны бар. Би тобы елордада құрылғанына қарамастан, ұжымдағы бишілердің басым бөлігі Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің үздік түлектері. Өздері бір кездері армандаған үлкен сахнаға аққудай сыланып шыққан сұлулар әрі сыншы, әрі тілекші ұстаздар тобының, яғни, би мектебінің айтулы өкілдерінің залда отырғанын біледі. Тіпті, бірқатар балет бишілерінің ата-аналары кәсіпқой сахнада салтанат құрып жатқан балаларының өнерін алғаш тамашалап, тақым қысып отырды десе болады. Не десек те, бұл концерт бишілерді де, залда отырған көрермендерді де көп толқынысқа салды.
Алматыдағы концерт шымылдығы «Арулар шеруімен» ашылды. Осы арада бірден айта кету керек, балет труппасы тек қана арулардан құралған. Әр қимылы ән салғандай бишілердің келесі биі «Құс жолы» нөміріне ұласты.
Көрерменнің көз алдында жалт етіп өте шығатын ғажайып қимылдарды мінсіз меңгеру үшін өнерпаздар апталап, айлап жаттығып, жылдар бойы тәжірибе жинайды. Бұл туралы «Astana Ballet» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Алила Әлішева:
– Қыздар 3 секундтық қимыл үшін апталап дайындалады. Сондықтан олардың әр қимылында сезім шынайылығы бар. Балет артистерін іріктеуде 2 жылдай кастинг жүргізілді. Солай ең үздік түлектер таңдалып алынды. Олар жас театрымыздың өзіндік бет-бейнесін қалыптастыру үшін еш жалықпастан аянбай еңбек етуге бел байлаған. Біз ұсынып отырған әр би шынайылық пен сезімге толы. Артистер әр ырғақты жан-жүрегі арқылы сезінеді. Осының арқасында біз көрермен мен сахнаны тұтастыратын тылсым байланыс жасауға ұмтыламыз, – дейді.
Бар болғаны екі жыл бұрын ғана дүниеге келген балет труппасының қазірдің өзінде репертуары бай. 40 шақты биді нәшіне келтіріп орындай алады, әлемдік би жауһарларының үздік үлгілерін меңгеріп үлгерген. Олардың ішінде әлем халықтарының билері, классикалық балет, жаңа заманның музыкалық композициялары бар. Бұл билерді дайындауда отандық хореографтармен қатар Америка мен Еуропаның балетмейстерлері де еңбек еткен. Соның арқасында би түсінетін қауым «Қарлығаш», «Жібектің түсі», «Құс жолы» сынды ерекше көрсетілімдер арқылы ерекше күйге бөленбек.
Алайда, жоғарыда атап өткендей, жас ұжымның ұлы мақсаты әлемге қазақ деген халықтың және оның өзгеше би өнері бар екенін танытып, тұтас бір концерттік нөмірді ұлттық нақышпен айшықтау болып табылады.
«Astana Ballet» ұжымының бас балетмейстері Айгүл Тати:
– Халықтық бет-бейнемізді сақтап, оны жаңаша түрлендіріп, жаңа заман билерімен ұштастырып, біздің ұлттық мәдениетіміздегі би өнерін жаңаша көзқараспен халыққа көрсету – негізгі мақсат, – дейді.
Айта кетуге тиісті бір жайт бар, жаңа би тобының тұжырымында әлем-жәлем әлем, жалаңаш билер, оғаш та анайы қимылдар жоқ. Кез келген ұлттың биін биігіне жеткізіп орындай алатын қыздарымыз ұлттық биязылықтан ажырамаған. Сахналық келбет, боянулары мен киінулерінде де ұстамдылық бар. Және әрбір биге арналған костюмдер тектілікпен тігілген. Қыздардың үстіндегі ұлттық киімдердің барлығы да қымбат әрі келісті. Әсіресе, қазақ билеріне жасалған ұлттық киімдердің үлгілері көз қуантады.
Мысалы, «Қыз Жібектің түсі», «Құс жолы», «Өрнек», «Шаттық», «Қазақ вальсі» билеріне тігілген костюмдер Astana Ballet-тің ғана емес, шетелдік сахналарда ұлттың да мақтанышы бола алады. Мұны жіпке тізгендей баяндап отырғанымыз, жас ұжым Бейжің мен Шанхай қалаларында өнер көрсеткенде қытай көрермендері «Шашу», «Әшекей» билеріндегі қазақтың ұлттық киімдеріне көп мән беріп, бұл өрнектерді қандай мәнерге жатқызуға және оюлардың әсемдігін қалай суреттеуге болады деп өзімізге сауал тастаған болатын. Хань цзу халқының алдында жүзіктің көзінен өткендей балериналар ұлттық ою өрнектерін сипаттап сылаң қақты. Оған қоса алып экрандағы білезік-сақиналардың сан түрі тарих қалтарыстарынан сығалап, уақыт сусылымен сылаңдап «қазақ деген ел біз боламыз» дегендей, көз қарықтырған-ды.
Ал Алматыдағы көрермендеріне «Astana Ballet» 17 би ұсынды. Жоғарыда атап өткендей, бұл нөмірлер бай репертуардың бір бөлігі ғана. Хореографиялық өнердің үздік үлгілерін бейнелеуге бет алған «Astana Вallet» қойылымдарынының артықшылығы – ең көрнекті композиторларды талғап қана қоймай, қазақ мотивіне бөлек болмыс сыйлаған британдық Карл Дженкинстің қолтаңбасын, одан басқа Қуат Шілдебаев, Серік Әбдінұров, Серік Еркінбеков, Еділ Құсайынов сынды отандық таланттарды танытып отыр.
Осы арада музыкасын Карл Дженкинс жазған «Қарлығаш» биіне ерекше тоқтала кету керек. Бір жағынан аталмыш нөмір Аstana Ballet-тің бет-бейнесі деуге де болады. Бұл биді америкалық Пол Гордон Эмерсон қойған. Ол қарлығаштай ерке құстың әр қимылын ыммен сыбырлап, әрбір ырғақты баладай мәпелеп, толыққанды таза да мөлдір би туғанда баладай қуанып, қуаныштан жаны сабат табады. Өз еліне қазақ балетіне ғашық болып, шығармашылық ләззатпен аттанып кеткен америкалық ізденімпаз, қағылез би тобымен қазір де әріптес болуға әрқашан қайыл.
Ақиқатында, бірі керіліп, екіншісі оянуға ерініп, үшіншісі таң шапағатына шомылып жатқан қарлығаш құстың бейнесі енді бойжете бастаған қазақ қызының болмысымен соншалықты үндес. Көрерменді ерке қылықтармен баураған бұл би шетелдерде ұлттық бренд болуға таласа алады.
Сонымен, бірі кәмелетке енді жеткен, бірі енді ғана асқан балаң бишілерге әлемнің әйгілі прима-балериналары өнер көрсеткен үлкен сахнаға шығатын сәт те келіп жетті.
Өткен жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында тұсаукесерін өткізіп, Қытай Халық Республикасында екі апта гастрольде болып, биылғы өнер сапарын Өскемен қаласында жалғастырған жас ұжым Алматы көрермендері алдына үлкен жауапкершілікпен шықты. Бұл салтанатты сәтке олар 2,5 жыл бойы үздіксіз дайындалды емес пе?! Соған қарамастан, көңіл толқулы, дәлізде, айна алдында, гримерлық бөлмелерде дайындықтар үздіксіз жалғасуда.
Қалай десек те, үлкен амбициялық мақсатқа бел байлаған би тобына артылар міндет көп. Әлемнің әр түкпірінде өнер көрсетеді, ұлттық биімізді би айдынына шығарады деп отырған ұжым ешқандай би тобын қайталамайтын келбетін таба ала ма? Талант пен сымбат бір бөлек, «Astana Ballet» стилі қандай болады? Бұл көкейкесті сауалдың жауабын идея авторлары қазақ қызының тәрбиесінен, тылсым сұлулығынан, өткенге құрметінен, кішіге ізетінен іздейді. Аруларымыз ұяң, таң нұрындай нәзік әрі жұмбақ та бола алады. Алайда, қазақ қызында керек болса жауға да шабар қайсарлық бар. Осының бәрі бидің тілінде бар әлемді шарламақ қой.
Көрерменді сұлулыққа еліттіріп, бірде ойға шомғызып, бірде делебе қоздырған концерт әсіресе, жастарға ұнады. Бишілерден тараған талант қуаты ешкімді бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Кей биге қиқулаған қошеметтерде зәредей де жасандылық байқалмайды. Концерт бір деммен әдемі аяқталды. Құшақ-құшақ жауқазын гүлдеріне көмілген балғын бишілер терең тыныстап, бір белесті еңсерді. Жас ұжымға ақжолтай тілеуге қала әкімі Ахметжан Есімов те келген болатын.
Шаһар басшысы көрермен ықыласынан кейін шымылдық сыртындағы би ұжымына, идея авторлары мен балетмейстерлерге үлкен алғысын білдірді.
– Әлемдік турне алдында «Astana Ballet» Алматыға келіп, бекзат өнердің қарашаңырағына тағзым етіп, би мектебінің саңлақтарынан ақ бата алуы құптарлық бастама. Қай кезде де талғампаз, талапшыл алматылық көрермендердің шынайы ықыласына бөленгендеріңізге шын жүректен қуаныштымын. Алматы елордада туған жаңа би тобына қашанда тілекші болады, табысына бірге қуанады. Қазақ деген халқымыздың мәдениетін барша әлемге танытып, тамсандырып, биік табыстарға жете бергейсіздер, – деді.
Сахна сыртында би өнерінің байырғы тарландары – би мектебінің негізін қалаған жандар тоғысып, риясыз тілектерін білдірумен болды.
Қуаныш ЖАҚЫПОВА, ҚР білім беру ісінің үздігі, Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің негізін қалаушылардың бірі, өнер профессоры:
– Алғашқы концертті өте жоғары деп бағаладым. Өйткені, бұрын балет романтикалық, классикалық және неоклассикалық болып бөлінетін. Бұл жерде музыканы, хореография мен скульптураны, театралдық қойылымдардың элементтерін біріктірген бүтін синтез бар. Заманауи хореография халық билерімен жарасымды астастырылған. Мұның бәрін бір жүйеге келтіру білімді ұстаздардың ғана қолынан келеді. Өйткені, ұжым өте жас, тіпті, тым жас. Музыкамен әрлеуде де талғам мен кәсіпқойлық бар. Шетелге барғанда да, шетелдерден келгендер де бұл ұжымның кез келген әлемдік би жауһарларын тамаша орындай алатынын көре алатындарына қуанамын. Биді балетмейстерлер қойғанымен, балет бишілерін жоғары деңгейге ұстаздары көтере алады. Біз осыны көрдік.
Светлана НАУРЫЗБАЕВА, ҚР білім беру ісінің үздігі, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының құрметті профессоры:
– Маған бишілер түгел қатысқан көпшілік нөмірлер өте ұнады. Олар әр қимылды іліп әкетіп, сәт сайын құбылып, көрерменді еш бейжай қалдырған жоқ. Қойылымдар сәтті таңдалған. Балет бишілеріне арналған қазақ билері бар ғой. Осымен түпкілікті түрде айналысатын балет труппасының туылғанына қуанып отырдым. Лирикалық қойылымдар өте әдемі шықты. Жанды баураған нәзік билер. Бірақ, өте ырғақты, залда отырғандардың делебесін қоздыратын динамикасы өте жоғары билер де керек. Мүмкін, мұндай билер «Astana Ballet» репертуарында бар шығар. Оны да тамашалаудың сәті түсер.
Алайда, жас би ұжымының қысқа ғана уақытта осыншама нөмірді жасап, жасанып, машықтанып алғаны мені таңдантты. Жас ансамбльдерге мұндай үлкен концерттер беру, әйтпесе, өте қиын. Балериналардың әр қимылы айшықты, жан дүниелерімен биледі. Жастықтың лебін сезінбеу мүмкін емес.
Дүйсенбек НАҚЫПОВ, Қазақстан Хореография одағының төрағасы, профессор:
– Концертті тамашалап отырып, менің басыма келген бір ой – елдің дамуы болды. Тәуелсіздік алғанымызға көп болды ма, аз болды ма деп ойладым. Сахнада бізді қуантқан бишілер тәуелсіздіктен де кейін туғандар. Олардың орта жасы 18-де. Осы егемендік жылдарында дүниеге келген дарындарымыз да үлкен сахнаға шығатындай болып қалған екен-ау, енді бұлар әлемге қазақты танытпақшы деп қуанып, толқып отырдым.
Және бұл тәуелсіздігіміздің бесігі болған Алматы көрермендерінен бата алуға келіпті. Би көрсетті, бимен бірге елдің жанын көрсетуге талпынды. Тәжірибе жинақтай келе «Astana Ballet» әлемдегі би ұжымдарымен иық тірестірген майталмандарға айналады. Әмбебап ұжым туып келе жатыр.
Залдағы көрермендердің де басым бөлігі жастар болды. Кейінгі ұрпақтың классикалық өнерге, балетке көптеп жиналғанына жаным жадырады. Көрермені бар өнер өлмейді. Қазақтың жанына, ертеңге құлаш ұруына экономика да, мәдениет те, әдебиет те, би де – бәрі-бәрі керек.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген: Юрий БЕККЕР және «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі.